Әйгілі №5 жатақхана журфакқа қайтарылды

Әйгілі №5 жатақхана журфакқа қайтарылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 356 орындық №5 жатақханасы күрделі жөндеуден өтіп, журналистика факультетінің студенттеріне салтанатты түрде қайта берілді. Осыған орай оқу орнында БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Бес қабатты жаңарған ғимараттың ашылуына университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ҚазҰУ түлектері, оқытушы-профессорлар құрамы мен журналистика факультетінің студенттері, БАҚ өкілдері қатысты. Келген қонақтарды құшақ жая қарсы алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Журфак студенттерін жаңа қоныстарымен құттықтады. «№5 жатақхананың қолына қалам ұстаған қауым үшін өзіндік терең тарихы бар. ҚазҰУ-да оқыған есімі елге танымал журналистер осы студенттер үйінде тұрды. Бүгін сол дәстүр жалғасын тауып, журналистика факультетінде оқып жатқан білім алушы жастарға қолданысқа қайта берілді. Алдағы уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті құрылысының екінші кезеңінде қалашықта жаңа жатақханалар бой көтеретін болады», – деді ректор. Одан соң университет басшысы журналистерге жатақхананың жөндеу жұмыстарының барысы жайлы әңгімеледі. Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленген. Есік-терезе, еден төсеніштері мен қажетті жаңа жиһаздар қойылған. Сонымен қатар электр жүйесі қайта жүргізіліп, жарық беруші шамдар жаңадан орнатылды. Әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, санитарлық-техникалық жабдықтар түгелдей ауыстырылды. Бұған қосымша ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі монтаждалды. Жаңарған жатақхана жұмысымен танысу барысында келген қонақтарға кезінде осы жатақханада студенттік жылдарын өткізген марқұм, белгілі бард ақын, композитор Табылды Досымов тұрған 313 бөлме көрсетілді. Бұл бөлме арнайы дайындалыпты. Аталған бөлмеге танымал түлектің портреті мен кітаптары қойылған. Осы бөлмеде композитордың курстас досы, белгілі журналист Серік Жанболат қолына гитара алып Табыл Досымовтың Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әйгілі «Ұнатамын мен сені» әнін шырқады. Журналистика факультетінің 1-курс студенті Хамза Ерден: «Біз №15 жатақханадан қазақ журналистикасының тарихы өрбіген қасиетті мекенге қайта оралдық. Бұл тарихи сәт. Бұл жатақханада көптеген зиялы қауым өкілдері тұрған. Мұнда студенттер жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Енді әр секцияда душ бар. Әр қабатта ас бөлмесі, оқу залы да қарастырылған. Жатын бөлмелері кеңейіп, жатақхананың жалпы дизайны өзгертілген. Жалпы қалашықтағы ғимараттар мен жатақханалар күн санап жаңарып келеді. Біз өте қуаныштымыз», – деп өз әсерімен бөлісті. Баспасөз туры Әл-Фараби кітапханасында жалғасты. Онда Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңінің жоспарымен таныстырып, журналистер сауалына жауап берді. Оқу орнының басшысының айтуынша қазіргі таңда ҚазҰУ-дың қабырғасында 26 мыңға жуық студент білім алып жүр. Жатақханалардағы орын саны бар болғаны 6 мың. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, алдағы уақытта 15 жатақхана, 10 оқу корпусы мен жас мұғалімдерге арналған отбасылық қызметтік бірнеше жатақхана бой көтеретін болады. Осы жоспарлар түгелдей іске асқан уақытта қалашықтың аумағы екі есеге ұлғаяды. Кездесу кезінде бұл күнде елге танымал журналистер осы қалашықта өткен қызықты студенттік күндерді еске алып, білім алушылардың тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Айта кетсек, №5 жатақханада соңғы бес жылда физика-техникалық факультетінің студенттеріне берілген болатын. Шамалы уақыт бұрын ректордың атына түлектер тарапынан жатақхананы журналистика факультетіне қайта беру туралы ұсыныс түскен еді. Осыған сәйкес университет әкімшілігі тиісті шешім қабылдап, күрделі жөндеуден өткен жатақхана болашақ журналистерге есігін қайта ашты.