Елордада Концерттік-гастрольдік қызмет бойынша мемлекеттік концерттік ұйымдардың республикалық орталығы ашылды, – деп жазады «Қазақпарат». Сонымен қатар мемлекеттік концерттік ұйымдардың сайты ашылды. Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және республикалық, облыстық мәдениет ұйымдарының өкілдері қатысты. «Бүгінгі шара аясында ұсыныстарыңызды, болашақта бірігіп жұмыс істеуге қатысты идеяларыңызды айта аласыздар. Мәдениет және спорт министрлігі бұл орталықты өнер ұжымдарының республикалық және халықаралық гастрольдерін жоғары дәрежеде жүзеге асыру, сапалы концерттік іс-шаралардың еліміздің барлық өңірлеріне, оның ішінде шалғай жатқан аудандар және ауылдық мекендерге қолжетімді ету мақсатында құрып отыр», – дейді Ақтоты Райымқұлова. «Қазақконцерттің» директоры Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, концерттік ұйымдардың жұмысы өнімді болуы үшін арнайы сайт ашылған. Ол: «Сайттан әр концерттік ұйым өзі туралы мәліметтерді, сондай-ақ гастрольдік сапарлар мен концерттік бағдарламалардың кестесін жариялайды», – деді.