Атырауда тұрғын үйдің қоршауына соғылған қоқыс таситын көлікті шетелдік азамат басқарған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Сот қаулысымен ол 20 тәулікке қамауға алынды. 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Рульде болған Өзбекстан азаматына қатысты іс Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігімен қаралды. «Өзбекстан Республикасының азаматы К. алкогольдік масаң күйде «КамАЗ» маркалы көлік құралын басқарғаны анықталды. Жүргізуші көлікпен әуелі электр бағанасына соғылған. Соққының екпінімен тұрғын үйдің шарбақ қоршауын бұзып, аулада тұрған жеңіл көлікті бүлдірген. «Құқық бұзушы кінәсін мойындады. Сот отырысында сотталушының кінәсі зерттелген іс материалдарымен, атап айтқанда әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушілердің айғақтарымен, медициналық куәландыру қорытындысымен, бейнежазбамен толық дәлелденді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. Сот қаулысымен Өзбекстан азаматы К. әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.