Әлемді тербеткен әйелдер форумы

Әлемді тербеткен әйелдер форумы

Қараша үйдің жан жылуы, саясатта да өз орны бар, кәсіпкерлікпен де айналысуға уақыт табатын әйел – «бір қолымен бесіктегі баланы, бір қолымен әлемді тербетуде». Аруларға арналған бұл сөздер Қарағанды қаласында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форумда айтылды. Жиынды тізгіндеген «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мукитанов форумның мақсаты – қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелілік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу екенін айтып өтті. Сонымен қатар ол жиналған қауымға  «AMANAT» партиясы жанынан  Әйелдер қанаты  құрылатынын жеткізді. Форум әлеуметтік-демографиялық прогресті қамтамасыз етудегі әйелдердің жаңаша рөліне, экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшуге, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық проблемаларын шешу және өзін-өзі бағалауға, жеке өзін-өзі дамытуды арттыруға арналды. Жиынға аймақтан  200 қыз-келіншек қатысты. Парламент Мәжілісінің  депутаты  Екатерина Смышляева:

 – Бүгінде қоғамда әйелдердің рөлі артып келеді. Дегенмен барлығы да ер-азаматтардың қолдауымен болатынын ұмытпауымыз керек. Құрылғалы отырған Әйелдер қанаты да еліміздегі бағыт-бағдары бар ұйымға айналатынына сенімдімін. Олай деуге басты себеп, елімізде әйелдер қозғалысы жақсы жолға қойылған. Олардың өз айтары бар. Олар үлкен күш, – дей келе, әйелдердің жаңа жағдайдағы жаһандық миссиясына тоқталды.
Ал Қарағандыға арнайы 400 шақырымды артқа тастап келген Степногор қаласындағы  «Жер-Ана Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, жеке шаруа қожалық басшысы Гүлмайра Баймақова ауылда қалай бизнес жүргізуге болатыны жайлы өз тәжірибесімен бөлісті. Кәсіпкер «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы грант алып, 2020 жылы «Балкондағы сиыр»  жобасын іске қосқаны туралы сөз қозғады.
– Бұл бастама қиын емес, қала тұрғыны  сиырды сатып алып, оны бағу үшін ауыл тұрғынына береді. Ауыл әйелі қала тұрғынынан сиырды алты жылға жалға алады. Содан әр апта сайын 2 келі сүзбе, 1 келі қаймақ, 3 литр піскен сүт, 3 литр майсыз сүт және 10 литр сарысу әкелуге міндеттеледі. Нәтижесінде, дүкеннен ұнтақ сүттің орнына қала тұрғыны экологиялық таза өнім алады. Қазір осы жобамен жұмыс істеп жатқан ауылдағы әйелдердің қорасында үш-төрт сиыр бар. Сонымен қатар жылдағы туатын бұзау ауылдағы кәсіпкердің өзінде қалады, – деді Гүлмайра Баймақова.
Сонымен қатар Гүлмайра жерден қалай өнім алуға болатынына да тоқталды. Жер алып, алғаш картоп еккенде «Әуре болма, түк шықпайды» дегендер де болған екен. Бірақ қайсар әйел өз дегеніне жетіп, бүгінде картоп қана емес, қырыққабат, қарбыз, сәбіз, қызанақ, қияр  сияқты көкөністерді егіп, тамшылатып суарып, тонналап өнім алып отыр.
– Өнім көп болғанымен, оны өткізуде кедергілерге тап болдық. Өйткені дүкендер көкөністерді қабылдамайды. Берер бағамыз әлдеқайда арзан болса да, олар жеткізушілері бар екенін айтты. Қазір бізде 680 адамнан құралған «Қарабұлақ көкөністері» тобы бар. Өз өнімдерімізді тұтынушыларға тікелей жеткізетін деңгейге жеттік. Тіпті, тікелей пәтерге дейін де жеткізіп бере аламыз. Ортадағы делдалды ұмыттық. Қазір әр ауылда осылай бизнес ашуға барлық мүмкіндік бар. Мемлекет те көмектеседі. Тек қиындықтан қорықпау керек,  – дейді кәсіпкер «Ауылдық аумақтардың даму тенденциялары» атты баяндамасында.
Қарағанды  облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор  Қадиша Оспанова болса: «Әйелдер миссиясы: бірге салауатты бүгініміз бен болашағымыз үшін» тақырыбындағы баяндамасында қазіргі әйелдердің денсаулығы мен балалардың болашағына тоқталды. Қарағанды облысы кәсіпкерлері  ассоциациясының президенті Гүлнар Құрбанбаева мен  PORTUS ЖШС директоры әрі  құрылтайшысы, Қарағанды облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Айжан Қиясова әйелдер кәсіпкерлігі мен көшбасшылық туралы өз ойларын ортаға салды. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қарағанды қаласындағы Өңірлік өкілдері басқармасының бастығы  Жәнібек Маметқұлов:
«Қаржылық сауаттылық – отбасы бюджетін жоспарлаудың негізі» дегенді айтты. «Несие алушылар көбейіп барады. Көбіне бұл отбасы бюджетін сараламаудан болады. Соңғы уақытта «несие алып беремін» деп басқаларды қарызға батырып жүрген  алаяқтардың құрбаны болғандар саны да артқан. Әр басқан қадамды аңдап басатынымыз сияқты, қаржы мәселесіне де сақтықпен қарауымыз керек. Қарызға батқан адамның болашағы бұлыңғыр. Сондықтан да қаржылық сауаттылықты үйренгеніміз, білгендерден ақыл-кеңес алып отыруымыз артықтық етпейді»,  – деді Жәнібек Маметқұлов.
Форум соңында жиналғандар өз сұрақтарына тұшымды жауаптар алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып жатты...