Мәулен Әшімбаев: Конституциялық заңдарды қабылдау – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам
Мәулен Әшімбаев: Конституциялық заңдарды қабылдау – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар конституциялық заңдарды қарап, қабылдады. Сенат Төрағасы Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Үкімет пен Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болғандар мен жарақат алғандардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырғанын атап өтті. Сондай-ақ палата Спикері тергеу қорытындысына сәйкес, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға қажетті шаралардың бәрін іске асыру аса маңызды екенін айтты. Сенат Төрағасы конституциялық заңдарды қабылдау жөнінде пікір білдіріп, Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету Парламент жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.
«Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтарының және орталық пен өңірлердің арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Бүгін қабылданған заңдар демократиялық институттарды дамытуға, халықтың мемлекеттік және саяси құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам», – деді Мәулен Әшімбаев.
Осы ретте жаңа талаптарға сәйкес, ел Президентінің саяси партияға мүше болуы тоқтатылатынын атап өткен жөн. Бұл норма барлық судьяларға, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне және Жоғары аудиторлық палатаға да қатысты болмақ. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың басшыларына саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерінде лауазымдар иеленуге тыйым салынады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» конституциялық заңға сәйкес құрылып жатқан жаңа институт азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы туралы өтініштерін қарайды. Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де беріліп отыр. Конституциялық Сот Жоғарғы Сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етеді, елдегі азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға септігін тигізеді.
«Бұл конституциялық заң Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Ол азаматтардың құқықтарын қорғау институттарын және конституциялық бақылауды күшейтуге арналған. Алдағы уақытта Конституциялық Сот азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына қатысты өтініштерін қарайды. Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы берілген. Алдағы уақытта Конституциялық Сот Жоғарғы Сот органы ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, ел игілігіне нәтижелі қызмет етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгінгі отырыста қабылданған «Прокуратура туралы» конституциялық заң аудандардан бастап орталыққа дейінгі прокуратураның бүкіл жүйесі мен құзыретін айқындайды.
«Бұл конституциялық заң биылғы маусым айында өткен республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру үшін әзірленді. Құжатқа сәйкес, прокуратураның негізгі мақсаттары адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып айқындалды. Осылайша, прокуратура органдарының қызметі алғаш рет конституциялық заңмен реттеліп отыр. Мұндай қадам құқық қорғау жүйесін нығайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз», – деді Сенат Төрағасы.
«Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңның нормалары бойынша омбудсмен өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан тәуелсіз болады және есеп бермейді. Сондай-ақ уәкіл өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өзіне белгілі болған жағдайлар туралы куә ретінде жауап алуға жатпайды. Уәкілдің мұндай мәртебесі бұзылған құқықтарды қорғауда қазақстандықтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.
«Бұл заңда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру мәселелері айқындалған. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің негізгі міндеті – адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу. Омбудсмен институтын нығайту Президентіміздің бастамасымен құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құру үшін қолға алынған саяси реформалардың маңызды бөлігі», – деді палата Спикері.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат 8 конституциялық заңға түзетулер енгізуді көздейді. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және тағы басқа заңдар бар.
«Осы конституциялық заң арқылы бірқатар маңызды құқықтық нормалар Конституцияның жаңа ережелерімен сәйкестендірілді. Нақты айтқанда, ел Президентінің өкілеттік мерзімі бірреттік 7 жылдық мерзіммен шектеледі. 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс президенттік сайлау осы өзгерістер ескеріле отырып, өтеді. Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас үлгісін енгізуге құқықтық негіз пайда болды. Қабылданған заң әкімдерді сайлау жүйесін аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда кезең-кезеңімен қолдану мәселелерін де қамтиды. Заңда Сенат пен Мәжілістің заң шығару процесіндегі функцияларға қатысты жаңа нормалар да бар. Осы және басқа да өзгерістер азаматтарымыздың сұраныстары мен мүдделерін ескеретін жаңа саяси модель қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Сенат Спикері заңдардың қабылдануы жөнінде пікір білдіріп, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың елді жаңғырту ісіне қатысу мүмкіндігін арттыра түсетінін атап өтті. Сондай-ақ жаңа нормалар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігін нығайту және көппартиялықты қалыптастыру үшін қолайлы құқықтық жағдай жасайды.