Астанада оқушыларға арналған «Көшбасшы–2022» құрылтайы өтеді
Астанада оқушыларға арналған «Көшбасшы–2022» құрылтайы өтеді
358
оқылды
Білімді ұрпақ – келешектің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “2022 жыл – Балалар жылы”деп жариялағаны баршамызға мəлім. Бүгінгі жастар – егеменді елдің ертеңгі үміті, ата-бабамыз сан жылдар армандаған тəуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын ұрпақ жалғасы екені даусыз. Бұл бағытта білім жолында біз де барынша шəкірттерімізді сапалы білім, саналы тəрбие беруде ілкімді істерді атқаруға бағытталған мақсатты жоспарымыз көп. Соның бірі əрі бірегейі ретінде 4-5 қараша күндері Астана қаласында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» жəне «БІЛІМ ОРДА» Халықаралық қоғамдық қорларына қарасты өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері арасында «КӨШБАСШЫ – 2022» құрылтайы өтеді. Оған Қазақстанның əр аймағындағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейлерінің мектеп президенттерінен (өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері) құрылған оқушылар қатысады. Аталмыш шара дəстүрлі түрде жылына бір рет өткізіліп тұрады. Екі күндік құрылтай аясында қатысушылар өзара пікір алмасып, іс-тəжірибе арқылы көшбасшылық қабілеттерін ұштайды. Сондай-ақ мектеп лидерлері форумға шақыртылған арнайы қонақтарымызбен кездесіп, сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болады. Мəселен, аталмыш шараға Асхат Аймағамбетов – ҚР Оқу-ағарту министрі, Саясат Нұрбек – ҚР Ғылым жəне жоғары білім министрі келеді деп күтілуде. Бағдарлама бойынша оқушылар үшін бірқатар экскурсия жүргізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, ел болашағы үшін маңызды шешімдер шығарылып, келелі саяси һəм ел мүддесі үшін түйткілді мəселелер талқыланатын ҚР Парламентінің жұмысымен танысып, бірқатар депутаттың қабылдауында болады. “Нұрорда жəне Spectrum” Халықаралық мектептерін аралап көру сияқты таным көкжиегін арттыратын шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Ал құрылтайға келген əр қатысушы оқушы презентация əзірлеуі тиіс. Сонымен қатар "Білім-Инновация" ХҚҚ ұйымдастырушылары мектеп лидерлеріне арнайы Робин Шарм “Лидер без титула” кітабынан викторина өткізеді. Үздік шыққанға құнды сыйлық беріледі.