Лифтіде әйелін өлімші етіп сабаған астаналық жігіт 4 жыл 8 айға сотталды
Лифтіде әйелін өлімші етіп сабаған астаналық жігіт 4 жыл 8 айға сотталды
392
оқылды
Астана қаласында әйелін ұрып-соққан азаматқа сот үкімі шықты, - деп хабарлайды елорда соты. Бүгін Астана қаласы Есіл ауданының №2 соты Б.-ға қатысты жұбайы Ж.-ның денсаулығына аса қатыгездікпен бірнеше рет орташа ауыр зиян келтіру және жүкті әйелді ұрып-соғу фактісі бойынша айыптау үкімін шығарды. Айта кетсек, сотқа дейінгі тергеу барысында тағылған айыпқа сай Б. 2018-2020 жылдар аралығында жұбайының жүкті және оның материалдық тәуелді екенін біле отырып, оған физикалық және психикалық азап көрсеткен. «Биыл 28 наурызда Б. лифтіде мас күйінде әйелін аса қатыгездікпен ұрып-соғып, тепкілеген. Осылайша, әйелінің денсаулығына орташа ауыр зиян келтірілді. Оқиға лифтінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған», - деп хабарлайды елорда сотынан. Сондай-ақ Есіл ауданының №2 соты айыпты кінәсінің қалай дәлелденгенін түсіндірді: - жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен; - сот сараптамаларының қорытындысымен; - бейнежазбамен; - сотталушы мен жәбірленуші арасындағы хат алмасумен дәлелденді. Ресми хабарламада айтылғандай, Б.-ның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жай анықталмаған. Яғни,  ҚР ҚК-нің 107-бабы  2-бөлігіне сәйкес айыппұл салу, түзеу және қоғамдық жұмыс немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің санкциясымен бас бостандығын шектеу не 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Сотталушының кінәсі дәлелденгендіктен, сот оған ҚР ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3, 7) тармақтары және 110-бабы 2-бөлігінің 1, 3) тармақтары бойынша 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Одан бөлек, жәбірленушінің пайдасына Б.-дан 2 млн теңге сомасында моральдық және 4 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық залал өндірілді», - деп жазылған сот үкімінде. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетсек, биыл мамыр айында елорда полициясы лифт ішінде әйелді соққыға жыққан ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.