Ләззат Сүлеймен: Жаңа заң – гуманизм мен мейірімділік актісі
Ләззат Сүлеймен: Жаңа заң – гуманизм мен мейірімділік актісі
Жыл басындағы қаңтар оқиғаларының ауыртпалығын әлі де арқалап жүрген жандар бар. Біреу жаңсақ басты, енді бірі шалынды, келесісі арандатуға ілікті. Бұрынғылардың «адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» дейтін сөзі осындайда ойға оралады. Сондықтан қоғам өкілдері Қаңтар оқиғаларына қатысқан жандарды ақтауға сұраған. Тілек ескерілмей қалмады, айыпталған азаматтар «Рақым­шылық жасау туралы» Заңның рақымын көріп, жазадан босатылмақ. Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Мен қаңтар оқиға­сына қатысушыларға бірреттік рақым­шылық жариялау туралы шешім қабылдадым» деген еді. Көп ұзамай «Рақымшылық жасау тура­лы» заңға қол қойды. Жалпы, бұл құжат қалай реттелді? – Қаңтар оқиғасы бүкіл халқы­мыз, еліміз, әрқайсымыз үшін үл­кен сынақ болды. Ол кезде көп дүниенің беті ашылды, қиындық­тар, сатқындықтар кезікті. Оны әрқайсымыз жүрегімізден өткіздік. Сондықтан сол кездегі жағдай­ларды еңсеру мақсатында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­дауында: «Бізге ел бірлігі ауа­дай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам ке­ші­рімді болады деп үміттеніп отыр» деп атап өтті. Осы тапсырма­дан кейін біз бір топ Парламент депутаттары болып, «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасына бас­тама­шылық жасадық. Жаңа заң Қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бо­йынша жауапқа тартылатын адам­дарға мемлекет пен қоғам тарапы­нан жасалған гуманизм мен мейі­рім­­ділік актісі деуге болады. Жұ­мыс барысында жасалған қыл­мыс­тардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен аза­маттар тобы белгіленді. Яғни, Қыл­мыс­тық кодекстің нақты бап­тарын көрсете отырып, әрбір адам, әрбір оқиға бойынша істерге тал­дау жасалды. Заң теріс қы­лық, ауырлығы төмен және ор­та­ша қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жаза­сын өтеп шыққандардың сот­тылығы алынып тасталады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көздел­ген. Ауыр қылмыстар үшін – сот таға­йындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін – мерзімінің жартысы қыс­қара­ды. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – Қаңтар оқиғасына қа­тысушыларды жазадан босату ту­ралы Президенттің шешімі. – «Рақымшылық туралы» заңның ерекшелігі неде? – Заң жобасының екі маңызды ерекшелігін атап өткім келеді. Бі­рін­шісі, бұрын болған рақымшы­лық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуі тиіс еді. Бұл жолы келтірілген за­лал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Алайда мүлік иесі материалдық шы­ғын­ды сот арқылы азаматтық-құ­қықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы. Екінші ерекшелік, бұған де­йін­гі қалыптасқан тәжірибе бо­йынша бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы, тәртібі ескерілетін. Осы заң­да ондай талаптар жоқ. Бұл екі не­гіздің екеуі де рақымшылық ба­рысында маңызды болмақ. Ал­да­ғы уақытта да Қаңтар оқиға­сын­дағы қылмыстар ашылған жағдай­да және осы заң жобасында көз­дел­ген бап­тар­ға сәйкес азаматтың соттылығы болған жағдайда ол адам­ға рақым­шылық жасала бере­тін болады. – Жалпы, тізім бойынша кімдер­ге рақымшылық жасалады? Кімдер ілінбейді? Осыны ашып айтып бер­сеңіз. – Тергеу органдары Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, жалпы саны 1600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартуда. Қазір 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Бас­қа істер тергеу сатысында. Заң қабылданғаннан кейін рақымшы­лық актісі сот барысында да, тер­геуде де қол­данылатын болады. Жалпы, рақымшылық жоғары­да айтылған 1600 адамның 1500-не жуығын қамтиды. Негізінен, олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұр­лық, бүлік, өртеу жасаған азамат­тары­мыз. Бұл тұлғалар сотпен жа­за­ның неғұрлым жеңіл түріне тартылуда. Яғни, гуманизм қағи­да­сы осыған дейін де біршама қол­­данылды деп айтуға болады. Енді рақымшылық қамтымай­тын адамдарға тоқталсақ, жалпы рақымшылыққа ілінбейтін 136 адам бар. Бұл санатқа мемлекетке опасыз­дық жасағандар, тәртіп­сіз­діктерді ұйымдастырушылар, тер­рористер, экстремистер, реци­дивис­тер, азап­тау жасағандар жа­тады. Сонымен қатар Қаңтар оқи­ға­сында құқық қорғау орган­дары­ның 49 қызметкері жауапқа тартыл­ды. Оларға қызмет­тік өкілетін асыра пайдаланды, азап­тау әдісін жасады деген айып та­ғыл­ғаны белгілі. Бұл категория­дағы адамдар рақым­шылық­қа жат­пайды. Қаңтар оқиғаларының барлық қатысушылары үшін бұл үлкен өмірлік сабақ болады деп ойлай­мын. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде өкініп отыр. Мемлекет бас­шысы айтқандай, қоғам оларға мейірімділікпен қарауы керек. Сонымен қатар қатысушылардың көпшілігін арандатушылар мен ұйымдастырушылар қылмысқа тарт­қан, тәртіпсіздікке ұшыраған, негізінен көбінесе еріп кеткен – бұл біздің «өз» балаларымыз. Сон­дық­тан Президенттің рақымшы­лық жасау керек деген сөзі орынды. Ендеше, бұл тарихи ізгі қадам деп санаймын. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан М.ХАҚНАЗАР