Атом электр станциясының құрылысына қарсылық күшейді
Атом электр станциясының құрылысына қарсылық күшейді
Фото: Интернеттен алынды
195
оқылды
Беларусьте салынып жатқан атом электр станциясына қатысты наразылық күшейді, – деп хабарлайды «Хабар 24». Телеарнаның мәліметінше, Островец қаласында жүріп жатқан құрылысқа қоғам белсенділері мен оппозиция қарсы шыққан. Енді көрші елдер өз наразылығын білдіріп отыр. Литвада парламент мәжілісінде депутаттар бұл станцияны бүкіл Еуроодаққа төнген қатер деп атады. 2012 жылы атом электр станциясын салу жөніндегі үкімет бастамасына халық әуел бастан қарсы болған. Чернобыль қасіретінен ауыр зардап шеккен елдің наразы болуына себеп көп. Бірақ билік станцияның пайдасын алға тартып, райынан қайтқан жоқ. Мәселен, бұл станция көрші елдерден тәуелділігін азайтады. Өйткені Беларусьте жылына тұтынылатын 37 миллиард киловатт-сағат электр қуатының басым бөлігі ресейлік газдан өндіріледі екен. Ал наразы топ Чернобыльмен салыстырып, апаттың қайталануынан үрейленіп отыр. Таяуда Вильнюсте Беларусьтегі атом электр станциясына арналған Литва сеймінің кеңейтілген отырысы өтті. Депутаттар мен мәжіліске шақырылған Беларусь оппозициясының басшылары өз ұстанымын білдірді. Олар станцияны салғанда қауіпсіздік ережелері сақталып жатқан жоқ, сондықтан Беларуське ғана емес, бүкіл Еуропаға қатер төндіріп отыр деді. Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі Павел Климкин: «Ресей, әрине, атом электр станциясы арқылы Беларусьті бақылап, еуропалық нарыққа электр қуатын сатуға мүдделі. Бұл саяси және экономикалық мүдделер түйіскен орын», – деді. Халық пен көрші елдердің наразылығына қарамастан, биыл бірінші, ал 2021 жылы екінші энергоблок іске қосылады.