Әлемді тербеткен әйелдер форумы
Әлемді тербеткен әйелдер форумы
721
оқылды
Қараша үйдің жан жылуы, саясатта да өз орны бар, кәсіпкерлікпен де айналысуға уақыт табатын әйел – «бір қолымен бесіктегі баланы, бір қолымен әлемді тербетуде». Аруларға арналған бұл сөздер Қарағанды қаласында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форумда айтылды. Жиынды тізгіндеген «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының ди­ректоры Данияр Мукитанов фо­румның мақсаты – қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу екенін айтып өтті. Сонымен қатар ол жиналған қауымға «AMANAT» партиясы жа­нынан Әйелдер қанаты құры­латынын жеткізді. Форум әлеуметтік-демо­гра­фиялық прогресті қамтамасыз етудегі әйелдердің жаңаша рөліне, экономикалық өсудің жаңа үл­гілеріне көшуге, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық проблемаларын шешу және өзін-өзі бағалауға, жеке өзін-өзі дамы­туды арттыруға арналды. Жиынға аймақтан 200 қыз-келіншек қатысты. Парламент Мәжілісінің депу­таты Екатерина Смышляева:
 – Бүгінде қоғамда әйелдердің рөлі артып келеді. Дегенмен бар­лығы да ер-азаматтардың қол­дауымен де болатынын ұмыт­па­уымыз керек. Құрылғалы отырған Әйелдер қанаты да еліміздегі бағыт-бағдары бар ұйымға ай­налатынына сенімдімін. Олай деуге басты себеп, елімізде әйелдер қозғалысы жақсы жолға қойылған. Олардың өз айтары бар. Олар үлкен күш, – дей келе, әйелдердің жаңа жағдайдағы жаһандық миссиясына тоқталды.
Ал Қарағандыға арнайы 400 шақырымды артқа тастап келген Степногорск қаласындағы «Жер-Ана Астана» қоғамдық бірлесті­гінің төрағасы, жеке шаруа қожа­лық басшысы Гүлмайра Байма­қо­ва ауылда қалай бизнес жүргі­зуге болатыны жайлы өз тәжіри­бесімен бөлісті. форум Кәсіпкер «Бастау-Бизнес» жо­басы арқылы грант алып, 2020 жы­лы «Балкондағы сиыр» жоба­сын іске қосқаны туралы сөз қозғады.
– Бұл бастама қиын емес, қала тұрғыны сиырды сатып алып, оны бағу үшін ауыл тұрғынына береді. Ауыл әйелі қала тұрғынынан сиырды алты жылға жалға алады. Содан әр апта сайын 2 келі сүзбе, 1 келі қаймақ, 3 литр піскен сүт, 3 литр майсыз сүт және 10 литр сарысу әкелуге міндеттеледі. Нә­тижесінде, дүкеннен ұнтақ сүттің орнына қала тұрғыны экологиялық таза өнім алады. Қазір осы жо­бамен жұмыс істеп жатқан ауыл­дағы әйелдердің қорасында үш-төрт сиыр бар. Сонымен қатар жылдағы туатын бұзау ауылдағы кәсіпкердің өзінде қалады, – деді Гүлмайра Баймақова.
Сонымен қатар Гүлмайра жерден қалай өнім алуға бола­тынына да тоқталды. Жер алып, алғаш картоп еккенде «Әуре бол­ма, түк шықпайды» дегендер де болған екен. Бірақ қайсар әйел өз дегеніне жетіп, бүгінде картоп қана емес, қырыққабат, қарбыз, сәбіз, қызанақ, қияр сияқты кө­көністерді егіп, тамшылатып суа­рып, тонналап өнім алып отыр.
– Өнім көп болғанымен, оны өткізуде кедергілерге тап болдық. Өйткені дүкендер көкөністерді қабылдамайды. Берер бағамыз әлдеқайда арзан болса да, олар жеткізушілері бар екенін айтты. Қазір бізде 680 адамнан құралған «Қарабұлақ көкөністері» тобы бар. Қазір өз өнімдерімізді тұты­ну­шыларға тікелей жеткізетін дең­гейге жеттік. Тіпті, тікелей пәтерге дейін де жеткізіп бере аламыз. Ортадағы делдалды ұмыттық. Қазір әр ауылда осылай бизнес ашуға барлық мүмкіндік бар. Мемлекет те көмектеседі. Тек қиын­дықтан қорықпау керек, – дейді кәсіпкер «Ауылдық аумақ­тардың даму тенденциялары» атты баяндамасында.
Қарағанды облыстық мәс­лихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты ко­мис­сиясының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, про­фессор Қадиша Оспанова болса, «Әйелдер миссиясы: бірге са­ла­матты бүгініміз бен бола­ша­ғы­мыз үшін» тақырыбындағы баянда­масында қазіргі әйелдер­дің ден­саулығы мен балалардың бола­шағына тоқталды. Қарағанды облысы кәсіп­кер­лері ассоциациясының прези­денті Гүлнар Құрбанбаева мен PORTUS ЖШС директоры әрі құрылтайшысы, Қарағанды об­лысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдас­тығының мүшесі Айжан Қиясова әйелдер кәсіпкерлігі мен көш­басшылық туралы өз ойын ортаға салды. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қара­ғанды қаласындағы Өңірлік өкіл­дері басқармасының бастығы Жә­нібек Маметқұлов:
«Қаржылық сауаттылық – отбасы бюджетін жоспарлаудың негізі» дегенді айтты. «Несие алу­шылар көбейіп барады. Көбіне бұл отбасы бюджетін сараламаудан болады. Соңғы уақытта «несие алып беремін» деп басқаларды қа­рызға батырып жүрген алаяқ­тар­дың құрбаны болғандар саны да артқан. Әр басқан қадамды аңдап басатынымыз сияқты, қаржы мәселесіне де сақтықпен қарауы­мыз керек. Қарызға батқан адам­ның болашағы бұлыңғыр. Сон­дықтан да қаржылық сауатты­лықты үйренгеніміз, білгендерден ақыл-кеңес алып отыруымыз артықтық етпейді», – деді Жәнібек Маметқұлов.
Форум соңында жиналғандар өз сұрақтарына тұшымды жауап алып, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Қарағанды облысы