«Балалары Қазақстанда тұрғысы келмейді». Артына хат қалдырып кеткен марқұмның ісі тоқтатылды
«Балалары Қазақстанда тұрғысы келмейді». Артына хат қалдырып кеткен марқұмның ісі тоқтатылды
© видеодан алынды
945
оқылды
Тамыз айында Halyq Uni редакциясына келіп, әпкесін суицидке мәжбүрлеген озбырдың жазалануын талап еткен Гүласыл Әбділдабекқызы істің жабылып қалғанын айтып, Президентке, Бас прокуратураға үндеу жолдады. Ол редакцияға алғаш келгенде марқұм әпкесінің жұмбақ өліміне қатысты істің полиция бөлімшесінде қазақ тілін білетін маман болмағандықтан тоқтап тұрғанын айтып шағымданған. Енді ол қылмыс құрамы жеткіліксіз деген себеппен істің жабылғанын айтып, қылмыскердің бостандықта жүргеніне ашынып отыр. Биыл ақпан айында Ерейментау ауданы, Еркіншілік ауылында тұратын 42 жастағы туған әпкесі өзіне қол салып, қайтыс болған. «Қайтыс болғаннан кейін артынан қалдырып кеткен бір жапырақ хат табылды. Сол хатта кінәлі адамдардың есімін атап, не себепті мұндай қадамға барғанын жазды. Кінәлі адам деп көршісі Қанат Арыстан мен оның әйелін көрсеткен. Әпкемнің қалдырып кеткен хатына сараптама жасалып, оны марқұмның өзі жазғаны дәлелденді. Өзіне қол салу алдындағы психоэмоционалдық жағдайы дұрыс, суицидқа бейім емес деген қорытынды берілді. Сол қадамға барғанда үрейде болғанын көрсетті. Айғақ ретінде әпкемнің телефонын да тапсырдық. Оған қоңырау шалған нөмірлерді өз көзіммен көрдім. Әпкем қайтардың алдында көптеген бейтаныс және нөмірі жасырылған абоненттерден қоңырау көп түскен. Сараптама жасаттық, қорытындысы біз күткендей болмады. Жай ғана уақыт созды», – дейді марқұмның сіңлісі. «БӘРІБІР ДӘЛЕЛДЕЙ АЛМАЙСЫҢ!» Гүласыл Ерейментау ауданы, Еркіншілік ауылының тұрғындарынан да, полиция бөліміндегілерден де осы сөзді естіген. Себебі, марқұмның сіңлісі күдікті деп есептейтін Қанат Арыстан криминалдық «авторитет» болып танылған. Қанат Арыстанның атына арыз жазған соң ауылдың бірнеше адамы келіп, одан зардап шеккенін, алайда істің сотқа жетпей жабылғанын жеткізіпті. «Криминальный авторитет» болған соң ақшасы да, тамыр-танысы да жетеді. Прокурордың өзі «істі қоя сал, қолыңнан келмейді» деп ашық айтып отыр. Марқұмның артында студент екі қызы мен 10 жастағы ұлы қалды. Қазір олар әкесімен тұрады. Балаларға не деп айтарымды білмеймін. Аналарының өліміне себепші қылмыскер бостандықта жүргенін біледі. Оларға өте ауыр тиіп отыр. Қазақстаннан көңілі қалған. Үшеуі де елден кеткісі келетінін айтады. Әрине, жемқорлық барлық елде бар. Бірақ біздің елде өз ұлтын, өз халқын, Ата заңын басынатын, қызметін асыра пайдаланатын шенділер билік басында отыр. «Қаласам сенің ісің сотқа барады, мен қаламасам ісің жүрмейді» дейді. Біздің мәселеміз дәл сондай болып тұр», – деп жеткізді жанайқайын Гүласыл Әбділдабекқызы. Тамыз айынан бері істің жабылғаны болмаса, басқа өзгерген ештеңе жоқ. Іс 20 қазанда тоқтатылған. Гүласыл оны енді ғана естіпті. Әпкесінен айырылған қандас қайтадан іс қозғалып, Ерейментау полициясының жұмысына толық тексеру жүргізілуін талап етуде. https://www.youtube.com/watch?v=pdj1jBMMMtQ