Петропавл тұрғындары алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертуде
Петропавл тұрғындары алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертуде
СҚО полицейлері алаяқтықтың жаңа түрі болуы мүмкін деген ақпаратқа түсініктеме берді. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы күндері петропавлдықтар интернет-алаяқтықтың жаңа түрі деп айыппұлдың келгені туралы хабарламаның скриншотын WhatsApp мессенджері арқылы таратып жатыр. Хабарламаның басында жіберуші «Police_Pvl» деп көрсетілген. Департаменттің криминалдық полиция қызметкерлері осы хабарламаға қатысты түсініктеме берді.
«Мұндай ресми мекенжай жоқ. Сондықтан, сақ болу керек. Айыппұлдың болуы немесе болмауы туралы ресми арналар арқылы білуге болады, яғни ҚР электрондық үкіметінің 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу немесе полицияға хабарласу қажет. Ешқашан күмәнді көрінетін сілтемелерді басып кірмеу керек: құрылғыға қауіпті вирус енгізу қаупі бар, бұл қаскөйлерге сіздің құпия ақпаратыңызға және банктік шоттарыңызға қол жеткізуге мүмкіндік береді», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.
Бұл жайтқа байланысты СҚО полициясында арыз тіркелмеген. Алайда, криминалдық полиция қызметкерлері 1414 бірыңғай байланыс орталығына қазақстандықтардың күмәнді хабарлама келуіне байланысты жүгінгенін растап отыр. Тәртіп сақшылары мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы келетін әртүрлі «акцияларға», «ұтыс ойындарына» және басқа да «қызықты» ұсыныстарға күмәнмен қарауға кеңес береді. Интернет немесе басқа жолдармен келетін кез келген ақпаратты ресми ресурстардан тексеру қажеттігін еске салады.