Құлдықтан құтқарды
Құлдықтан құтқарды
396
оқылды
Абай облысының полицейлері жедел-про­филак­тикалық шара барысында адам еңбегін қанау фактісін анықтады. Мүгедектігі бар жас жігіт 12 жыл бойы құл­дықта болып келген. Уақиғаның мән-жайы былай болған: Жарма ауданы Шар қаласы ПБ полиция қызметкеріне соған бекітілген аумақтағы әлдебір шаруа қожалығының басшысы қоңырау шалып, жаңа жұмысшы жалда­ғанын хабарлаған. Шаруа қожа­лығына келген полицей жұмысқа жаңадан кіріскен жалдамалы кісі­нің құжатсыз екенін білген, ол аза­мат сондай-ақ тәртіп сақшы­сына өзінің сауалнамалық дерек­терін де айта алмаған. Бір шикі­ліктің барын сезген полиция қызметкері шаруашылық иесі жәбірленушінің қасынан кеткен кезде оның тегін біліп алған. Одан әрі полицей жәбірленушінің әпкесін тапқан. Белгілі болғандай, ол бауырымен 2010 жылдан бері байланыспаған екен. Тергеу барысында 2010 жылғы қараша айынан бастап 26 жастағы ер адамның 11 шаруа қожалығында құлдықта болғаны анықталды. Бұған дейін бірнеше рет сот­талған 54 жастағы Семей тұрғыны 26 жастағы тарбағатайлық азамат­пен Тұғыл ауылына балық аулауға барғанда танысқан. Тепсе темір үзетін қайратты жас жігіттің пси­хикалық ауытқуы барын байқап, оны шаруашылықта жұмыс күші ретінде пайдалануды ойлаған. Жәбірленушіні 12 жылдан астам уақыт бойы Семей қаласы, Абай, Ұлан және Жарма аудандарындағы шаруа қожалықтарында жұмыс іс­теу үшін сатқан. 54 жастағы азамат шаруа қожалық иелеріне өзін әлгі жігіттің туысымын деп таныстыр­ған. Олардан алдын ала жалақысын алып, қалтасына басып отырған. Жәбірленушінің еңбегіне жылдар бойы берілген ақы 2 млн теңгені құраған. Сонымен қатар қаскөй мүгедектің ай сайынғы зей­нетақы жинағы мен әлеуметтік төлемдерін жымқырып отырған. Залалдың жал­пы сомасы 4 млн теңгеден аса­ды.
– Қазір жәбірленуші туыс­тары­на табысталды, ал күдіктіні Жарма аудандық соты Қылмыстық ко­декс­тің 128-бабының 2-бөлігі 2, 8, 11, 12-бөлімдері және 190-бабы 1-тар­мағының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оған қауіпсіздігі орташада коло­нияда 4 жыл 6 айға бас бостан­дығынан айыру жазасы тағайын­далды, – деді Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.

А.ҚАЗАҚ