Жарықсыз қалған ауылдар
Жарықсыз қалған ауылдар
Үп еткен жел мен жауын-шашын болса, Зеренді ауданындағы ондаған ауылдың берекесі қоса кететініне бірталай уақыт болған. Боран соқса, жалп етіп өше қалатын жарықты айтып, жамыраған жұрт ащы жанайқайын бүгінде айтпаған жері қалмапты. Ауылдарда жарық күнара бірнеше тәулікке дейін сөніп қалуы қалыпты жағдайға айналған. Электр желілеріне қызмет көрсетілмегендіктен, бүгінде тоқсан пайызынан астамының тозығы жеткен. Бірақ жергілікті атқарушы органдардан бастап, еліміздің Жоғары Сотына дейін шағымданса да кезінде желілерді жекеге меншіктеп алған Досбол Жанғаловқа ешкімнің тісі батпай тұр... Жел соқса, 48 ауыл жарықсыз қалады «Зеренді Групп» деп аталған бұл компания басшылығы тоқсанын­шы жылдардағы тоқырау кезінде Зеренді ауданындағы электр же­лілерін өз қолына меншіктеп ал­ған. Жекеменшік болғандықтан электр желілеріне электр таратушы «Көкшетау Энерго» компаниясы да, меншік иесі «Зеренді групп» ком­паниясы да жылдар бойы жөн­деу жұмыстарын жүргізбепті. Ал жарық өшсе, Зеренді ауданы әкім­дігі төтенше жағдай жариялап қана амалдап, үзілген сымдарды жалғау­ға мәжбүр. Аудан әкімдігінің мә­ліметінше, желілер жекеменшікте болғандықтан, жөндеу жүргізу бас­қалай мүмкін емес. Жергілікті ат­қарушы билік ондаған жыл­­дан бері желілері үшін соттасып келе­ді. Бірақ 48 ауылда тұратын 20 мыңнан астам халық қамтамасыз етілетін электр жабдықтарының ше­шімін тауып, мемлекеттің мен­шігіне өткізу мүмкін болмай тұр. Түйінді мәселе күні бүгінге дейін ауылдағы қарапайым жұрттың онсыз да нашар ахуалын қиын­датып, ушықтырып жіберген. Ауыл­дағы ағайын бұдан өзге де қор­даланған мәселелерді алды­мызға жайып салды. Жарықсыз, жолсыз, байланыссыз қаламыз...
«Жел соғып, жаңбыр жауса болды, «шықпа жаным, шықпалап» үрпиісіп қаламыз. Жарық бірден тәулікке, кейде одан да көп уақытқа өшіп қалады. Біздің ауылдарды басып өтетін желілер күні бүгінге дейін ағаш бағандарға орнатылған. Ал олардың түптері шіріп, кейбіреуі құлауға айналған. Өткен көктемде электр бағандарының бірі құлап, көпбалалы бүтін бір отбасы сауын сиырынан айырылған. Желілердің сымына дейін ескіріп, әбден тоз­ған. Жауған қар мен жаңбырдан салбыраған сымдар біріне бірі тиіп сөніп қалады. Ауылға 0,4 және 10 вольттік жарық беріледі. Аудан әкімдігі апатты жағдайда жұмыс істейтін компанияларға қаржы беріп, олар тек үзілген жерлерді ғана жалғап кетеді. Ал тозған сым мен желілер күнара үзіледі десек те болады. Бұдан бөлек, Ақадыр, Ұялы, Ескенжал, Первомай тас жо­­лында көлік жүріп болмайды. Ойлы-шұңқыр жолдардан әупі­рімдеп зорға жүреміз. Алғашқы қар жолды басып қалған. Жол жие­гіндегі қалың шөп те шабыл­маған. Салдарынан қыстыгүні ауыл­дан шыға алмай қалатын кез­деріміз де аз болмайды. Ауылда ин­тернет те жөнді ұстамайды. Осы­лай не жа­рықсыз, не жолсыз әрі еш бай­ла­ныссыз қалған жайымыз бар», – дейді Ұялы ауылының ақ­сақалы Алдаберген Тәшенов.
Ауыл жұртының ащы жанай­қайын тудырған күрделі жайт жө­нінде Зеренді ауданы әкімі Әсен Жақсылықовпен тілдестік. Аудан әкімі меншік иесі желілерді мем­лекетке сатуға да, былай беруге де келіспегендіктен мәселені тек тө­тенше жағдай жариялап қана ше­шімін тауып отырғанын жеткізді.
«0,4 және 10 вольтты Зеренді ауданының оңтүстік бағытындағы 48 ауылда бүгінде 20 мыңға жуық халық тұрады. Электр желілерінің 90 пайызының әбден тозығы жет­кен. Бірақ меншік иесі Жаңғалов­тың «Зеренді Групп» компаниясы желілерге жөндеу тұрмақ, қызмет те көрсетпейді. Сол себепті электр желілерінде апат болса, төтенше жағдай жариялап қалпына келті­реміз. Желілерге бағалау өткізіліп меншік иесінен мемлекетке сатуын да сұрадық. Бірақ еш келіспейді. Меншік иесімен ондаған жылдар­дан бері соттасып та келеміз. Бірақ сотта да жеңілдік. Былтыр ғана апатты жөндеуге 38 миллион теңге жұмсалды. Осылайша, апатты жағ­дайлар 50 пайызға төмендеді. Өткен айдың 22-23 қазанында ауа райының нашарлауына байла­нысты 10 601 адам тұратын 21 ауыл электр қуатынсыз қалды. Аудан бойынша төтенше жағдай жария­ланып, «Қуат Энерго Серіктес», «Алтай Энерго Строй» және «Көк­шетау Энерго» компанияларының техикалары мен мамандарының көмегімен қалпына келтіру жұ­мыс­тары жүргізілді. Күрделі жағдай­дағы желілерді ауыстыру арқылы шешу жайы қарастырылып жатыр. Қазір Зеренді селосына жанама түрде жаңа электр желісін тартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді», – дейді Зеренді ауда­ны­ның әкімі Әсен Жақсылықов.
Жанама электр желісі салынбақ Өткен аптада ауа райының күрт бұзылуы себепті жалғыз Зеренді ауданы емес тұтас облыс аумағында да ондаған ауыл мен елді ме­кен жарықсыз қалған. Мәселе жөнінде облыстық Энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руашы­лық басқармасының бас­­шысы Данияр Қуанышевтың де пі­кірін білуді ұйғардық. Ведомство бас­шысы мұны форс-мажорлық жағ­дайға балап, қазіргі уақытта бә­­рі қалпына келтірілгенін жеткізді.
«Иә, 21-22 қазан күндері ауа райының күрт құбылып, қатты жел мен жаңбырдың арты қарға ұласып, облыс аумағында Бурабай, Сан­дықтау, Зеренді, Целиноград ау­дан­дарында ондаған елдімекен жа­рықсыз отырды. Бірақ бұл форс-ма­жорлы жағдай. Былтыр 6 нау­рызда да дәл осындай форс-ма­жор болған. Қазіргі уақытта бәрі қал­пына келтірілді. Зеренді ауда­нына келсек, мұндағы электр желі­лері жекеменшік «Зеренді Групп» компаниясына тиесілі. Жалпы ұзын­дығы 800 шақырым электр желісі – жекеменшік иесінің қара­уында. Бірақ олар желілерге қызмет көрсетпейді. Сондықтан қазір об­лыс бюджетінен Зерендіге жанама электр желісін орнатуға жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Оған бюджеттен 30 миллион теңге жұмсалды. Жобалық құжат сарап­тамаға жіберілді. Келер жылдың қаңтар-ақпанында сараптамадан шығуы тиіс. Мәселен, осылай ше­шуді қарастырып жатырмыз», – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­­руашылық басқармасының бас­шысы Данияр Қуанышбаев.
  P.S. Сонымен, ондаған жыл­­ға созылған Зеренді ауылдарына қа­расты ауылдардың жарық мәсе­лесіне облыстық атқарушы орган­дары да, басқармалар да еш нәтиже шығара алар емес. Толғағы жеткен жайт Жоғары Сотқа дейін жетсе де жекеменшік компания еш елең етер емес. Облыстық әкімдік пен тиісті органдардың бар ойлап тапқаны – жаңадан жанама электр желісін орнату болыпты. Ал оның қанша жыл­дан кейін халықтың көзін ашып, самаладай жарыққа бөлейтіні бір Аллаға аян...

Ақмола облысы