Жауапты кезеңге берілер жолдама
Жауапты кезеңге берілер жолдама
441
оқылды
Әлеуметтік мәселенің басы – жұмыссыздық. Сондықтан Мем­лекет басшысының өзі де халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс табатындардың санын арт­тыруды міндет етіп отыр. Елорда әкімдігі мемлекет алдына қойыл­ған осы мәселені оңтайлы шешу­дің шешімін тапқан. Президент пәрменін орындау мақсатында Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО КММ мен Халықты жұмыспен қамту орталығы бірлесіп университеттің жоғары курс студенттері үшін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жастар­ды қолдау және елдегі адами капитал­дың сапасын дамытуды мақсат еткен бұл шара шаһарда тұрақты өткізіледі. Мәселен, жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен үш бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Оған елорданың 126-дан астам жұмыс берушісі қатысып, 800-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ 1 200-ден астам жастар мен студенттер шараның шапа­ғатын көргені қуантады. Яғни, бір жылдың өзінде жәрмеңкеге қатысқан 150-ге жуық адам жұмысқа орналас­тырылды. Жастарды жұмыспен қамту аясында қолға алынған бұл жоба өз жемісін беріп жатқаны сол, бүгінде орташа алғанда қатысушылардың 30 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс тауып, еңбек етуде. «Астана жастары» ресурстық орта­лығының басшысы Шыңғыс Тлеу­лин­нің айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі әкімдіктің қолдауымен тоқсан сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатыр. Бұл жолы коммуналдық мекеменің ұлттық университетпен бірлесіп өткізіп отырған дәстүрлі шарасына 40-тан астам компания қатысып отыр. «Осы жолы жәрмеңкеге 40-тан астам компания қатысып, 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, жәрмеңке жастарды ғана емес, екі қолға бір күрек таппай жүрген қала тұрғын­дарын да жұмыспен қамтуға баса көңіл бөледі. Біздің жәрмеңке әртүрлі жастағы түрлі саланың адам­дары­на арналған. Мысалы, осыған дейін өткізілген жәрмеңке Орталық базар маңында ұйымдастырылды. Бұл жолы студенттер арасында өткізіп отырмыз. Себебі жоғары курста оқитын түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Көзді ашып-жұмғанша үлкен өмірге жолдама алатын студенттердің жұмыс­пен қамтылуы маңызды», – дейді Шың­ғыс Тлеулин. Сондай-ақ ол жұ­мыс орындары жәрмеңкесін өткізетін орынды таңдауға да үлкен мән берілетінін айтып отыр. Мәселен, жәрмеңке адам көп жүретін қоғамдық орындарда ұйымдас­тырыла­ды. Ал жастарға арналған жәрмеңкені уни­вер­ситет қабырғасында өткізудің тиімді тұсы көп. Егер 3-4 курс студент­тері жұмысқа қабылданып жатқан жағдайда көптеген жұмыс берушілер екі жаққа да тиімді жұмыс кестесін ұсына алады. «Студент тұрақты жұмысқа қабылдан­баған күннің өзінде алдын ала іс тә­жірибеден өтуге мүмкіндік алуына бо­лады. Көп жағдайда жұмыс берушілер жас түлектердің өз қабілет-қарымын көрсетіп, біліктілігін танытуға уақыт береді. Өз ісіне ұқыптылық танытып, біліктілігін шыңдаған жас маманды жұмыс берушілер де жібергісі келмейді. Сол үшін университет бітіргеннен кейін жинақтаған тәжірибесін ары қарай жалғастырып, бірден жұмысқа орналаса алатындай мүмкіндік жасап бере алады. Сондықтан тұрақты және уақытша жұмысқа қабылдану әрбір жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің өзіне байланысты», - дейді Шыңғыс Тлеулин. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін алғы сөзімен ашқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті­нің Академиялық сұрақтар бо­йын­ша департамент директоры Қаш­қын­бай Байжұман жұмыс жәрмеңкесі – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс орнатуға арналған алтын көпір екенін жеткізді. Бұл елорда жастары үшін өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындарын зерде­леуге және бірнеше жұмыс беруші­лермен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік беретінін айта келіп: «Біздің мақсатымыз – болашақ маман­дарды жұмыспен қамтуға жағдай жасау ғана емес, мамандықтары бойынша біліктілік тестінен өтуге мүмкіндік беру. Жоғары курс студенттері үшін ол да жауапты кезең. Әсіресе, қазір педа­гогика маман­дықтары бойынша серти­фикаттан өту міндеттеліп отыр. Өз кезегінде жұмыс берушілер жас маман­дардың арасынан өз кәсібіне адал, болашақ білікті кадрларды іріктеп ала алады. Сол үшін тәжірибеге жинауға мүмкіндік беретін шарадан қалыс қалмай, жан-дүние­леріңіз қалайтын жұмыс орын­дарыңызды анықтап, мүм­кін болса алдағы тәжірибелік сынақ­тарыңызды жұмыс берушілердің базасында өткізе алатындай екіжақты келісімге келуге болады. Тамаша мүм­кін­діктен құр қалмай, еліміздің дамуы­на өз үлесін қосатын білікті маман атануларыңызға тілектеспін!» – деді құттықтау сөзін арнаған Қашқын­бай Балтабайұлы. жұмыспен қамту Жұмысқа орналасу арқылы жас талантты мамандардың әлеуетін дамы­туға бағытталған жобаның жақсылығын жас буын жауапты кезеңге жолдама алады. Integra Construction KZ ЖШС өкілдері Қазақстанда қолға алынған мұндай тәжірибе мақсат етілген нәти­женің жүзеге асарына септігін тигізеді. Айтуларынша, «жастар – біздің бола­шағымыз» ұранымыздың өзі біліктілігін көрсеткен жас мамандар компанияның қолы мен аяғы болып қызмет етері сөзсіз. Ал «Қазмедиа орта­лығы» HR-менеджері Нағима Смайы­лова: «Біз оқуын аяқтаған түлектерді жұмысқа қабылдаймыз. Әрине, олар алдымен үш айлық сынақ мерзімінен өтеді. Ол жерде біз оларға жүктелетін міндеттерін жан-жақты түсіндіреміз. Мысалы, бізде қазір аппараттық-сту­диялық блок инженерлері, көп арналы хабар тарату инженерлері секілді жауап­ты салаларда осындай жәр­меңкеге қатысып, жұ­мыс­қа алынған ЕҰУ мен ҚазАТУ түлектері өте көп», – деп отыр. Жұмыс берушілерге стандарттаушы экологтар аса қажет. Бұл өнімді стан­дарттаумен айналысатын қызметкер­лердің міндеті – зертханалық зерттеулер жүргізу. Жалпы алғанда, жұм­ыспен қамту орталығының маманы Айгүл Жанболатқызының сөзінше, жұмыспен қамту бойынша жүзеге асып жатқан бағдарламалар да жемісін беріп келеді екен. Мысалы, 11-сыныптың түлектеріне, колледж бен университет бітіргендерге де арналған бағдарламалар жұмыс істейді. Оның ішінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Келісімшарт» секілді бағдарламалар арқылы бағын сынап жатқандар жетерлік. «Жұмыс іздеушілердің көбісі заңгер, экономист, қаржыгер, био­технолог, мұғалімдер. Соның ішінде мұғалім мамандығы бойынша жұмыс іздеп келгендерді біз алдымен білім орталықтарына біліктілігін арттыруға жібереміз. Онсыз оларды білім беру ұйымдары қабылдамайды. Көп жағдай­да жұмыс берушілер еңбек кітапша­сындағы жұмыс өтіліне қарайды. Біздің «Жастар практикасы» бағдарламамыз 2011 жылдан жастап жұмыс істеп жатыр. Қазір осы бағдарламаның шарапатын көргендер көп. Жыл сайын «Еңбек» порталы арқылы өтініш тастайтын жұмыс берушілер де артып келеді. Бағдарламаға қатысушылардың ақысын Жұмыспен қамту орталығы төлейді. Биыл Еуразия ұлттық универ­ситетінің студенттері көп келді. Олар­дың денін «Жастар», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жолдама бердік. Келісімшарт бір жылға дейін жасалады. Ары қарай тұрақты жұмысқа қабылдануды әр адам өзі шешеді. Жақсы жұмыс істейтіндер айлығы жоғары басқа жұмыстарға ауысып кетіп жатқан жағдайлары да кездесіп тұра­ды», – дейді Айгүл Жанболатқызы. Әкімдіктің әлеуетті арттырып, бі­лік­тілікті шыңдауға арналған шарасына қызығушылық танытқан студент жастардың қарасы көп екен. Соның бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унивеситетінің Журналистика және саясаттану факультетінің 4-курс студенті Айжан Төлеуова. Жәрмеңкеге құрбысымен бірге келген ол: «Университетті тәмамдағалы тұрған түлек үшін мұндай шара біліктілікті арттыруға зор мүмкіндік әрі таңдау жасауға септігін тигізетін таптырмас жол. Түйіндемемді Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігіне тапсырдым. Өйткені 3-курстың соңында министр­ліктің Ақпарат комитетінде өндірістік тәжірибеден өткен едім. Уақыты да ыңғайлы екен. Өйткені сабағым түстен кейін болады. Жарты күндік жұмыс кестесін ұсынып жатқан жұмыс берушілер де бар. Мен үшін қазір айлықтан бұрын біліктілікті арттыру маңызды болғандықтан, ұсынылып отырған бос жұмыс орындарының барлығы көңілімнен шығып тұр», – дейді Айжан Төлеуова. Жәрмеңке мансаптық жолын бастағалы отырған жас буын үшін маңыздылығы осында. Өйткені игі шараның игілігін көргендер көбейсе, тұрақты табыс табатындардың қатары өседі. Бұл бюджетке де пайда әкеліп, ел дамуына септігін тигізеді.