Қолындағы протезіне қарамастан үздік теннисші атанған құлсарылық Ақмөлдір Тілеуқұлова көпті сүйсінтті
Қолындағы протезіне қарамастан үздік теннисші атанған құлсарылық Ақмөлдір Тілеуқұлова көпті сүйсінтті
«Адамның мүмкіндігінде шектеу жоқ». Бұл – 18 жастағы параспортшы Ақмөлдір Ті­леу­­құлованың өмірлік ұста­нымы. Қолындағы туабітті ақауға қарамастан, үстел теннисімен тұрақты шұғыл­данып, талай жеңістерді ен­ші­леп жүрген Ақмөлдір жа­қын­да ұзақ уақыт бойы ар­ман­дап келген бионикалық протезге қол жеткізді. Ерік-жігерімен, өмірге деген құш­тар­лығымен көпшілікті ерік­сіз сүйсіндіріп жүрген Ақмөл­дірмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. – Ақмөлдір, әйгілі Ник Вуйчич «Өмірде шектеу жоқ» деп кітап жазған еді. Меніңше, осы сөздің дәлелдерінің бірі өзіңіз. Жалпы, шектеу дегенді қалай түсінесіз? – Менің ойымша, өмірге кел­ген әр адам – жеңімпаз. Өйткені адамдарға жарық дүниенің есігін ашу, өмір сүру бақыты бұйырды. Өз басым, адамның мүмкіндігінде шектеу жоқ дегенге сенемін. Қан­дай қиын жағдай болса да, қиын­дық­тарды жеңіп, мақсатқа жетуге тырысамын. Ойланып қарасақ, шектеу біздің миымызда ғана. Өзіңіз ойлап көріңізші, бұрын фантастика болып көрінген ұялы телефондар, түрлі функцияларды орындайтын роботтар – бәрі адам ойының, еңбегінің нәтижесі емес пе? Демек, біздің міндетіміз – өзімізді шектеулерден арылту. Ол үшін адам алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында күн са­йын еңбектенуі керек деп ой­лай­мын. Бұл – менің өмірлік «форму­лам». – Бойыңыздағы ерекшелігіңізді қалай қабылдадыңыз? Адам өзін-өзі қабылдап, алға қарай жүруі үшін қандай қасиет керек? – Мен отбасыма, бауырларыма ризамын. Әсіресе, анамның ма­ған берген күш-жігері өмірден өз ор­нымды тауып, алға қарай ұмты­луыма себеп болды. Сондықтан адам жығылған кезде де, қуанған кезде де оның жанында отбасы болуы керек. Отбасындағы қам­қор­лық, демеу, жылы сөздер көп нәрсеге ықпал етеді. – Спортқа қалай келдіңіз? Қан­дай жағдай спортқа келуіңізге түрткі болды? – Менің спортқа келуімнің өзі қызық болды. Сыныптастарым, достарым менің қолыма аса бір назар аудармайтын. Бірақ бала кезімде өте ұялшақ болдым. Ойым­ды ашық айта алмайтын­мын. Адамдармен сөйлесуге жас­қана­тынмын. Сөйтіп жүргенімде анам мүмкіндігі шектеулі адам­дар­дың қоғамына апарды. Ол жер­де өзім сияқты көптеген адамды көрдім. Мүмкіндігі шек­теулі жандардың қоғамы адамдар­ды алға жетелейтін қуатты күші бар ерекше алаң болып көрінді. Ол жерден өзіме сенуді, алға ұм­ты­лу­ды үйрендім. Бала кезімнен үстел теннисіне қызығатынмын. Сол қоғамда жүріп, спортпен шұғыл­дана­мын деп шешім қа­был­дадым. Осылайша, он екі жыл­дан бері теннис саласында келемін. – Спортқа күнделікті қанша уақытыңызды жұмсайсыз? Спорт саласындағы жетістіктеріңіз, қа­тыс­қан жарыстар, жеңістер туралы айтып өтсеңіз. – Спортшы үшін күнделікті жат­тығу маңызды. Мен жаттығу­ларға күнделікті 3-4 сағатымды жұмсаймын. Осы уақытқа дейін бірнеше аудандық, облыстық, республикалық жарысқа қа­тыс­тым. Соның ішінде, 2021 жыл­дың мамыр айында үстел тен­нисінен Астана қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіп алған қола медалімнің орны ерекше. Атырау облыстық парақұрамаға қабыл­данғандық­тан, үнемі жарыстарға шығып отырамын. Осы мүмкін­дікті пайдаланып, бүгінгідей жетістікке жеткізген бапкерлерім Амангелді Мыңжасаровқа, Қайрат Еңсеп­овке, Гүлнар Әбіл­қайыр­оваға алғыс айтқым келеді. Ақмөлдір Тілеуқұлова бионикалық протез, – Спорт «рулетка» сияқты. Бір­де – жеңіс, бірде – жеңіліс. Спорт­шы жеңілісті қалай қабылдай білуі керек? – Спортшы жеңісті де, жеңі­ліс­ті де салқынқандықпен қабыл­дауы керек. Мысалы, өзім бір жарыстардан жеңіліп жатсам, қай жер­ден мүлт кеттім, сол кемші­лікті түзетуге, келесі ойындарда ол қателікті қайталамауға жұмыс­танамын. Осындай қарапайым техниканың нәтиже беретінін көріп те жүрмін. Расымен де, адам өзінің қателіктерін, кемші­лік­терін түзеген сайын мықты бола түседі. – Алға қойған мақсаттарыңыз қандай? – Қазіргі уақытта Жылыой ау­данындағы гуманитарлық-тех­ни­калық колледжінде дене­шынық­тыру мамандығына оқып жатыр­мын. Колледжді аяқтаған соң, спорт саласындағы білімімді уни­верситет деңгейінде жалғас­тыр­ғым келеді. Және еліміздегі пара­с­порттың дамуына, спорт саласын­да жаңа тұлғалардың, жаңа есім­дердің шығуына себеп­ші болғым келеді. Өзімді тұлға­лық, рухани тұр­ғыда жан-жақты дамытсам деймін. – Бос уақытыңызды қалай пайдаланасыз? – Шыны керек, менде бос уа­қыт бола бермейді. Әр күнімнің өзіндік тәртібі, кестесі бар. Күн­делікті 3-4 сағатымды жаттығуға арнаймын. Одан қалды сабағым бар. Кешкілік қолым сәл босаса, үйдегі кішкентай бауырларымды ойнатамын. Арасында Tik-Tok әлеуметтік желісіне видео жүктеп отыратыным бар. Осыған дейін оң қолыма берілген протез мемле­кет есебінен ұсынылған қара­пайым протез болатын. Ол про­тезім қарапайым қимыл-қозға­лысқа ыңғайсыз еді. Кішкен­тайым­нан армандаған биони­ка­лық протезіме жақында «Қазақ­стан халқына» қоры арқылы қол жеткіздім. Мұн­дай протез туралы Youtube-тағы видеолардан ғана көретінмін. Енді жаңа протезімнің көмегімен есікті ашып, заттарды ұстай аламын, жазу­ды теріп, басқа да қимылдар жа­сай аламын. Желіге осы про­тезім арқылы жасап жатқан әре­кет­терім туралы видео түсіріп жүк­теп келемін. – Өзіңіз сияқты жастарға айта­рыңыз? – Абай Құнанбаев – қазақ да­ла­сынан шыққан ең үлкен ғалым, дара тұлға. Сондықтан қазіргідей жаһандану заманында жас­тары­мыз Абай атамыздан үлгі алса, оның шығармаларын саналы түр­де түйсініп оқыса деймін. Себебі, Абай философиясы – өз алдына дара жолы бар, кемел адамды жасайтын жол. Алысқа бармай ақ, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақ­тап» деген сөзінің өзі үлкен ма­ғынаға, астарға ие. Жастарымыз білімді, ақылды, рухани қуатты болса, спортпен шұғылданып, өз­дерін үнемі сергек ұстаса, еліміз әлем­нің дамыған елдерінің қата­ры­нан орын ала­тынына сенемін.