Қазақстан уран өндіру мен сату бойынша әлемде көшбасшы екені баспасөз беттерінде жиі жазылып жүр. Бұл – факт. Сондай-ақ уран өндірісі адамзаттың өміріне қауіп төндіретін пайдалы қазба деген әңгіме де интернетте желдей есіп жүр. Бұл енді талқылайтын дүние.
Өткен аптада бір топ журналист «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының ұйымдастыруымен Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан «Инкай» және «Орталық» уран кеніштеріне арнайы сапарлап қайтты. Екі күн бойы тілшілер Бетпақдаланың кіндігінен нәсіп болған уран өндірісінің бүгінгі жай-жапсарымен танысып шықты.
Табиғи уран өндірісінің аумағы стратегиялық нысан болып саналады. Сондықтан бұл жерге екінің біріне баруға рұқсат жоқ. Оның себебі түсінікті де шығар. Уран қауіпті қарудың шикізаты болуы бек мүмкін. Ол кім көрінгенге сатылмайды, берілмейді. Ұрлау, жымқыруға тіпті жол жоқ. Бұл аймаққа келіп кетуші жандар тізімге алынады. Бәрі қауіпсіздік үшін бақылауда болады.
[caption id="attachment_225751" align="alignnone" > ©Қазатомөнеркәсіп[/caption]
Компания құрылған сәтінен бастап атом энергиясын қауіпсіз, сенімді және бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттарын қатаң сақтай отырып, өндірілген уран мен одан жасалған өнімдер бейбіт мақсатта пайдаланған жағдайда ғана оларды жеткізіп беруді жүзеге асырады.
Сондай-ақ еңбекті және қоршаған ортаны қорғауды, өнеркәсіптік, радиациялық және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қамтитын өндірістік қауіпсіздік Қазатомөнеркәсіп қызметінде басты басымдыққа ие екенін білдік.
Сол қауіпсіздіктің арқасында компания құрылған сәттен бастап онда өнеркәсіптік, экологиялық және радиациялық апаттардың бірде-бірі болмаған екен. Бұл - құптарлық жайт.
Айтпақшы, компания өндірістегі жарақаттану деңгейін нөлге жеткізу мақсатында Vision Zero халықаралық бағдарламасына қосылған. Әрбір қызметкердің денсаулығы, өмір қауіпсіздігі басты мақсатта. Егер жұмыс қауіпті болып, қызметкер өз денсаулығына алаңдаса онда ол жұмысын тоқтатуға құқылы. Оған ешқандай айыппұл салынбайды, - дейді компания басшылығы.
[caption id="attachment_225752" align="alignnone" > ©Қазатомөнеркәсіп[/caption]
Әлқисса...
Қазақстан табиғи уран нарығында көшбасшы орынды иелеп, жыл сайын әлемдік атом энергетикасы сұранысының 40%-дан астамын қамтамасыз етеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран, сирек металдар, АЭС-ке арналған ядролық отын экспорты мен импорты бойынша Қазақстанның ұлттық операторы мәртебесіне ие.
2010 жылдан бастап Қазатомөнеркәсіп – уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы, ал 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша әлемде 1-орында келеді.