Президент алты заңға жария түрде қол қойды
Президент алты заңға жария түрде қол қойды
2,760
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты заңға жария түрде қол қойды. Олардың қатарында мынау заңдар бар: 1. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы; 2. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы; 3. «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы; 4. «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы; 5. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы; 6. «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
"Осы референдумда азаматтардың басым көпшілігі конституциялық реформаға қолдау білдірді. Сол арқылы халқымыздың бірлігі бекем екенін көрсетті. Мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол аштық. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайттық. Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады", - деді Президент рәсім барысында..
Оның айтуынша, ұсынылған заңнамалық бастамалардың нақты гуманистік және құқық қорғау бағыттары айқын. Өзгерістерге сәйкес, Конституциялық сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өз қызметін бастайды. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын тікелей осы органда қорғай алады. Алғаш рет Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзіреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде бекітіліп отыр.