Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Серебрянка қаласындағы өндірістік бетперде шығаратын бейорганикалық өндіріс зауытының жұмысшылары қараша айынан бері жалақыларын алмаған. Кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы қарызы бүгінгі таңда 20 миллион теңгеге жеткен. Жұмысшылар жалақыларының төленуін талап етіп, еңбек инспекциясы мен полицияның табалдырығын тоздыруда. Еске сала кетсек, аталмыш зауыт осыдан бірнеше жыл бұрын банкротқа ұшыраған соң, басқа инвестордың қолына өткен болатын. Алайда, одан кейін де кәсіпорынның жағдайы жақсарып кеткені шамалы. Осында тұрақты жұмыс істейтін 69 жұмысшыға өткен жылдың ортасынан бері жалақылары кешіктіріліп төленіп, кейіннен 50 пайызы ғана беріліп, соңында мүлдем тоқтап қалған. Жұмысшылардың біразы қысқартуға да ұшыраған. Серебрянка қаласының әкімі Сергей Гордиенконың айтуынша, аудан әкімдігі кәсіпорынның мәселесімен таныс. – Қазір басқа инвестор іздестіру жұмыстары қолға алынған. Ал қысқартуға ұшыраған тұрғындарға басқа жұмыс орындарын қарастырып жатырмыз. Бүгінге дейін 32 адамға жұмыс ұсынылды, – дейді ол. Бүгінде жұмысшылардың еңбекақысын уақытында төлемеген зауыт басшысына қатысты іс қозғалған. Қосымша айта кетсек, Серебрянка бейорганикалық өндіріс зауыты – полиэтилен материалынан жасалған бұйымдар мен тыныс алу жолдарын қорғауға арналған, улы газдарды ұстап қалатын заманауи респираторлар, өнеркәсіптік фильтрлер шығаратын еліміздегі жалғыз өндіріс орны. Мұнда сонымен қатар өзге де тауарлар шығаратын бірнеше қосымша цех жұмыс істеген-ді. Зауытқа тапсырыс берушілер қатарында қазақстандық өндіріс орындарымен қатар Нижний Новгород, Пермь, Кременчуг, Кемерово сияқты Ресейдің алыс-жақын қалаларының кәсіпорындары да болған. Бірақ 2011 жылдың соңына қарай айналым қаржысының жоқтығынан кәсіпорынның шаруасы тығырыққа тіреліп, тапсырыс берушілерден қол үзіп қалған еді. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан