Дүниежүзілік кәсіподақтар Федерациясы (WFTU) Қазақстан Республикасының Президент сайлауына кәсіподақ ұйымдарының өкілі ұсынылуын қолдады. Федерация қарапайым жұмысшылардың мүдделерін білдіретін саяси емес ұйымның жоғары деңгейдегі күреске қатысуға ниет білдіргенін оң қабылдады. Бұл туралы WFTU Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. «Бізге 20 қарашада өтетін Президент сайлауында "Аманат" Қазақстан кәсіподақтар Достастығы” бірлестігі өз кандидатын ұсынғаны туралы хабарлады. Қазақстан тарихында тұңғыш рет кәсіподақтар саяси күреске қатысуда. Біз Қазақстан қызметкерлерін және олардың әділ күресін қолдаймыз» делінген хабарламада. Айта кетейік, "Аманат"Қазақстан кәсіподақтар Достастығы» бірлестігі Орталық Атқару комитетінің мүшелері 2022 жылғы 28 қыркүйектегі отырыс барысында 20 қарашаға белгіленген Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлауға қатысу үшін Мейрам Зекешұлы Қажыкеннің кандидатурасын ұсынды. 14 қазанда ҚР Орталық сайлау комиссиясы Мейрам Қажыкенді республика президенттігіне кандидат ретінде тіркеді. Естеріңізге сала кетейік, тіркеу үшін үміткерлерге кемінде 118,2 мың қол жинау қажет болды. Мейрам Қажыкенді 122 184 қолдаған, оның ішінде 120 055 қол сенімді деп танылды. Дүниежүзілік кәсіподақтар Федерациясы – бұл 1945 жылы 3 қазанда Парижде құрылған Халықаралық демократиялық кәсіподақтар бірлестігі. Сол кезде ДКФ жарғысы қабылданды. Құжат Федерация жұмысының негізгі міндеттерін нақтылайды. Әсіресе нәсілін, ұлтын, дінін немесе саяси нанымдарын ажыратпай әлемдегі барлық жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.