Алматыдағы тергеу изоляторындағы 80-ге жуық күдіктіге рақымшылық жасалады
Алматыдағы тергеу изоляторындағы 80-ге жуық күдіктіге рақымшылық жасалады
© Sputnik / Виталий Аньков
530
оқылды
2022 жылғы 2 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Рақымшылық жасау туралы" Заңға қол қойғаны белгілі. Қанды қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт шерумен бірге алаңға шығып, артынан арандатушылардың торына түсіп қалғандар көп. Аталған Заң бойынша осындай Қаңтар оқиғасына қатысушылардың біразы ақталып, әртүрлі деңгейде қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмақ. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жыл басында еліміздегі ең үлкен мегополис – Алматы қаласындағы №72 мекемесіне (тергеу изоляторы) Қаңтар оқиғасына қатысты 563 адам қамалған болатын. Бүгінде оның 65-і жазасын өтеу орындарына кетсе, 416 адам түрлі негіздер бойынша қамаудан босатылды. Қазір тергеу изоляторында Қаңтар оқиғасына қатысты түрлі заң бұзушылықтарға барды деген күдікпен 82 адам қамауда отыр. «Рақымшылық жасау туралы» заңына байланысты осы күдіктілерге қатысты жұмыстар жүргізілуде. Олардың арасында мерзімінен бұрын шартты түрде босатылатындар мен жазасын жеңілдетуге жататындар бар. Олардың саны шамамен 80 адам. Сондай-ақ олардың ішінде 3 адамның жасаған қылмысы рақымшылық жасауға жатпайды», – дейді қалалық ҚАЖ департаментінің мамандары. «Рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын қолдану үшін барлық материалдар Алматы қаласының аумақтық сотына жіберілді. Айта кетейік, аталған Заңда террорлық, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық жасау, азаптау, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтарына қарсы қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайтыны көрсетілген.