Ермек Әбдірасылов: Жаңадан қабылданған заңдар – конституциялық реформаның сабақты жалғасы
Ермек Әбдірасылов: Жаңадан қабылданған заңдар – конституциялық реформаның сабақты жалғасы
Ajnj& sud.gov.kz
5 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент қабылдаған бірнеше маңызды заңға қол қойды. Ол заңдардың қабылдануы маусымда өткен Республикалық референдум аясында қабылданған конституциялық реформалардың жалғасы болды. Осы ретте аталған өзгерістерге қатысты заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасылов өз пікірін білдірді. Профессор Ермек Әбдiрасылов заңға енгізілген соңғы өзгерістерді Конституциялық реформаның сабақты жалғасы деп атап өтті.
Парламент  қысқа мерзімде біздің ұлттық заңнамамыздың бүкіл жүйесін Конституцияға сәйкестендіру бойынша өте үлкен жұмыс жүргізді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның өзінде 15 кодекске, 46 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 8 конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Сонымен қатар, «Конституциялық Сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» жаңа конституциялық заңдар қабылданды. Көріп отырғанымыздай, өзгерістер жаңа конституциялық заңдардың қабылдануын есептемегенде 70-ке жуық заңға әсер етті. Ол Конституциялық реформаны жүзеге асырудың бір кезеңі десе болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заңға қол қойды. Жаңадан мемлекеттік орган – Конституциялық сот құрылды. Адамның құқығын қорғау, прокуратура туралы заң қабылданды. Көптеген Конституциялық және Конституциялық емес заңдарға өзгеріс енгізілді. Енді мұның барлығы іске асуы тиіс. Ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күннен соң өз күшіне енеді. Ал кейбір заңдар 2023 жылдың 1 қаңтар күні жүзеге асады», – деп атап өтті ол.
Заң ғылымдарының докторы Мемлекет басшысы қол қойған әр заңның маңызы зор екенін алға тартты.
«Қол қойылған заңдарды біреуі біреуінен маңыздырақ деп бөліп-жара алмаймыз. Өйткені олар әр салаға арналған заңдар. Жер және оның қойнауы, су көздері, табиғи ресурстардың барлығы халыққа тиесілі. Оның пайдаланылуын іске асыратын – мемлекет. Бірақ мемлекет, ең алдымен, халықтың мүддесін ойлауы қажет», – деді заң ғылымдарының докторы.
Сонымен қатар Ермек Әбдiрасылов қабылданған заң негізінде депутаттыққа ниет білдіруші кез келген қазақстандық азамат үміткер бола алады дейді.
«Сайлау туралы, мемлекеттік және жергілікті басқару заңына өзгерістер енгізілді. Енді тек пропорционалды ғана емес, мажоритарлық жүйе болады. Партияның мүшелерінен бөлек, Қазақстанның кез келген азаматы өзін депутаттыққа ұсына алады. Егер сайланған депутат халықтың мүддесін қорғамай, өз міндетін дұрыс атқармайтын болса, онда оны орнынан кері қайтаруға болады», – деді ол.
Ермек Баяхметұлының айтуынша, жаңадан қабылданған заңдар Әділетті Қазақстанды құруға септігін тигізеді. «Әр қабылданған заң Қазақстанның әлеуметтік, экономика, мәдениет жағынан өркендеуіне септігін тизгізеді деп ойлаймын. Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндігіміз артады», – деді ол.