Промоутерлік компания Айдос Ербосынұлының қазіргі жағдайына қатысты мәлімдеме жасады
Промоутерлік компания Айдос Ербосынұлының қазіргі жағдайына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: instagram/yerbossynuly_aidos
978
оқылды
Suleimen Promotions компаниясы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Айдос Ербосынұлының жағдайына қатысты пікір білдірді.
"Suleimen Promotions компаниясының барлық ұжымы Айдос Ербосынұлының жағдайына алаңдаулы және денсаулығына күнделікті бақылау жасауда. Біздің қайтпас қайсар батырымыз біз үшін кәсіпқой бокстағы "ең үздік" болып қала бермек. Қазір Айдос Миннеаполис қаласындағы үздік клиникалардың біріне жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы бірқалыпты, біз оның денсаулығы жақсаратынына сенімдіміз. Спортшымыздың емделуіне жұмсалатын барлық шығынды ұйымдастырушы компания өз мойнына алды. Сондай-ақ Айдостың жауынгерлік рухын көтеру мен өзін жақсырақ сезінуі мақсатында Қазақстандағы жақындарын АҚШ-қа алдырту жолында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып кеткіміз келеді. Әрине, спорттың қай түрінде де, соның ішінде кәсіпқой бокста жарақат алу қаупі жоғары. Алайда біз кез келген жағдайда Айдос Ербосынұлының денсаулығы қалпына келуі үшін барлық көмекті көрсететін боламыз", – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлының АҚШ-тың Миннеаполис қаласында өткен титулдық жекпе-жегі нокаутпен аяқталды. Супер орта салмақтағы WBA World титулы сарапқа салынған кездесу 12 раундқа жоспарланған болатын. Алайда жекпе-жектің аяқталуына санаулы сәт қалғанда кубалық былғары қолғап шебері Давид Моррель отандасымызды нокаутқа жіберді. Кейінірек Айдостың жасанды комаға түскені хабарланды.