Сенаторлар республикалық бюджетті қарайды
Сенаторлар республикалық бюджетті қарайды
Сенат Спикері Мәулен Әшім­баевтың тө­раға­лығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда Бюро мүшелері 2022 жылғы 10 қара­шада өте­тін Сенат отырысының күн тәр­тібін талқылады. Палата отырысында сена­тор­лар алдағы үш жылға арналған рес­публикалық бюджетке қатысты заң жобаларын қарайды. Бұл құ­жат­тар 2023-2025 жылдар ара­лы­ғын­да субвенциялар мен алу көле­мін бекітуді де көздейді. «Республикалық және об­лыс­тық бюджеттер, рес­пуб­ли­ка­лық маңызы бар қалалар, астана бюд­жет­тері арасындағы 2023-2025 жыл­дарға арналған жалпы сипат­та­ғы трансферттердің көлемі ту­ра­лы» заң жоба­сының нормалары эко­номикалық әлеуеті әртүрлі өңір­лердің қаржылық мүмкін­дік­тері арасындағы теңсіздікті жоюға, сондай-ақ қазақстан­дықтардың мемлекет кепілдік берген қызмет­тер­дің тең деңгейіне қол жеткізуін қам­тамасыз етуге бағытталған. «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қорынан 2023-2025 жыл­дар­ға арналған кепілдендірілген тр­анс­ферт туралы» заң жобасында Қа­зақстан Респуб­ликасының Ұлт­тық қорынан республикалық бюд­жетке кепілдендірілген тран­с­ферт­тің мөлшері айқын­далады: 2023 жылға – 2 200 млрд теңге, 2024 жылға – 2 000 млрд теңге, 2025 жылға – 1 900 млрд теңге. Осы заңды қабылдау бюджет пен Ұлт­тық қор­дың теңгерім­ділігін қам­тамасыз етуге мүмкіндік бере­ді. Келесі «2023-2025 жылдарға ар­­­налған респуб­ликалық бюджет туралы» заң жобасы ағымдағы жағ­дай­ларға бейімделе отырып, экономикалық модель құру арқы­лы азаматтардың әл-ауқатын жақ­сар­туға, сондай-ақ макроэ­ко­но­ми­калық тұрақтылықты сақтау жә­не халықтың табысын арттыру үшін жағ­дайлар жасауға арналған. Бюджеттің шығыс бөлігінің жоба­сын­да мемлекеттік органдардың сая­сатындағы жекелеген бағыт­тардың өзгерістері, Мем­лекет бас­шысының Жолдауларына, заң­­­намалық актілерге, сондай-ақ 2021 жылғы бюджеттің атқарылу қо­рытындыларына сәйкес жаңа мін­деттемелер бойынша толық­тырулар ескерілгенін атап өткен жөн.