Екі ай еншісіндегі игілік
Екі ай еншісіндегі игілік
304
оқылды
Абай облысы құрылғалы бері өңірде ел игілігіне қызмет ететін жобалар мен нәтижелі жұмыстар көбейіп келеді. Абай облысы құрылғалы өңірде жалпы оқушы орны 1700 болатын 4 жаңа мектеп пайда­лануға берілді. Бүгінде Семей қаласында мүгедектігі бар адамдарға ар­налған 150 орындық оңалту ор­талығының құрылысы аяқталып келеді. Аягөз қаласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін балалар орталығы ғимаратының жапсырма құрылысы да халық игілігіне ұсынылды. Ендігі уа­қытта мүгедектігі бар балаларды оңалтуда көмек көрсету және қоғамдық көлікте мүгедектігі бар адамдар мен оларды алып жү­руші кісілердің тегін жүріп-тұ­руы сияқты мәселелер қарас­ты­рылып жатыр. Сондай-ақ ке­дергісіз ортаны құруға да үлкен назар аударылуда. Мәселен, жаңа көпір астындағы кеңістікте жүргіншілер өткелі салынды. Қараусыз жатқан алаңқайдың орнына спортқа, демалуға және ойын-сауыққа арналған көп­функциялы қолайлы аймақ пай­да болды. Екі жылы аялдама орнатылды. Одан бөлек, жа­қында тағы екеуі 72-орам мен облыстық аурухана жанына қо­йылады. Екі айдың ішінде қалада ситуациялық орталық құрылды, онда қоғамдық қауіпсіздікті күзетететін 687 камера, әлеу­меттік нысандардағы 88 камера, желілік учаскелердегі 74 камера және қарбалас қиылыстардағы 40 камераның бейнеағыны трансляцияланады. Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында 1 қазаннан бастап Семей қаласында «Сер­гек» фото және бейнебақылау жүйесі енгізілді. Орнатылған 1 500 бейнебақылау камерасы жоғарыда аталған ситуациялық орталыққа қосылған. Қоғамдық көлікке келсек, әкімдік биыл 30 жаңа автобус сатып алуды жос­парлап отыр. Келесі жылы бұл жұмыс жалғасатын болады. Инвесторлармен жұмыс тұ­рақты түрде жүргізілуде. Олар­дың тарапынан өңірге қызығу­шылық орасан. Облыс басшы­лығы өз кезегінде оларға қолай­лы инвестициялық климат қа­лыптастыруға әзір. Биыл 2 ин­вестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның бірі – жел электр стансасы болса, екіншісі – «Бахты» көлік-логистикалық орталығы. Жыл соңына дейін өңдеуші өнеркәсіп және агро­өнеркәсіп кешені саласында 985 жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кіндік беретін 10 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Мемлекет басшысы Абай облысына сапары кезінде өңірді дамытуға бірқатар тапсырма бе­ріп кеткен болатын. Олар инфра­құрылым, жол жөндеу, ЖЭС құрылысы, көлік әлеуетін артты­руға қатысты. Бүгінде Абай облысын әлеу­меттік-экономикалық дамыту бойынша алдағы 5 жылға арнал­ған кешенді жоспар дайындалуда. Ол балабақша, мектеп, аурухана құрылысы, аудандарды дамыту, инвестициялық жобаларды ны­ғайтуды қамтиды. Ал Прези­денттің ЖЭС-3 салу туралы тапсырмасына келсек, жылу энер­гиясын өндіру мөлшерін арттыру үшін Энергетика ми­нистрлігі Семей қаласында ЖЭС-3 құрылысы жобасының техникалық-экономикалық не­гіздемесін түзету туралы оң ше­шім қабылдады. Одан бөлек, Мем­лекет басшысы аспалы кө­пірді жөндеуден өткізуді де тап­сырған болатын. Жапония­лық мамандар тексеріс жүргізді. Жөн­деу жұмысының шығыны 5 млрд теңге шамасында баға­ланды. Бұл мәселеде республи­калық бюд­жеттен қаржыландыру қажет. Қазір Семей қаласында Оқушылар сарайының құры­лысы үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында музей-археологиялық кешен мен әкімшілік ғимараттың құрылысы салынуда. Одан басқа, Үржар ауданында денешы­нық­тыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған.

Б.ИКРАМОВА