Алтай медицинасы қайта жабдықталды
Алтай медицинасы қайта жабдықталды
273
оқылды
Биыл Алтайдың ауданаралық ауруханасына 12 дана жаңа меди­циналық құрал-жабдық сатып алынды. Бүгінде оларды ауру­хананың бөлімшелері мен емханалар арасында бөліп, халық игілігіне пай­даланып жатыр. Медициналық құрал-жабдықты жаңартуға 223 млн теңгеге жұмсалды.
– Бөлінген қаржының ба­сым бөлігі, яғни 118 млн теңгеге рентген кабинетін жабдықтау мақ­сатында сандық рентген құ­рылғысы алынды. Заманауи құ­рылғы емхананың бірінші қа­батына қойылды. Ал қалған қар­жы 11 құрылғыға жұмсалды, – деді Алтай ауданаралық ауру­хананың бас дәрігері Олжас Нұре­кенов.
Сонымен қатар жаңа меди­циналық құрылғы перзентханаға да қойылған. Енді жарық дү­ниеге келген нәрестелерге аудио скри­нинг жасауға болады. Со­ның ар­қа­­сында жаңа туған сә­би­дің есту қабілетін бірден анықтауға мүм­кіндік туды. Акушер-гинекологтардың кабинетіне кардиотокография құрылғысы орна­тыл­ды. Аяғы ауыр келіншектерді қабылдау кезінде іштегі нәрестенің жүрек қағысын, оның қимыл-қозға­лысы мен белсенділігін үзіліссіз бақылап отырады. Оған қоса, операциялық бөлмелер, хирургиялық және травматология бөлім­деріндегі ота жасайтын үстелдер мен шам­­дар қайта жаңартылды. Әйтпесе, бұған дейін жергілікті дәрігерлер ота жасағанда 1960 жылы шыға­рыл­ған шамдармен жұмыс істе­ген. Осының арқа­сын­да емхана­ның медициналық сапасы арта түсті.
– Көз дәрігері­нің кабинеті жаңар­тылды. Бұрыннан қалған Сит­цевтің кестесінің орнына белгі­лерді көрсететін проектор қо­йылды. Сонымен бірге көз дә­рі­геріне ең қажетті құрылғы авто­кераторефрактометр алын­ды. Осы арқылы емделушінің көру қабі­летінің бұзылуы қан­шалықты екенін бір­ден анықтай алады, – деді Олжас Нұ­ре­кенов.
Аурухана басшысы алдағы жылдары басшылықтың қол­дауы­мен емхананың екінші және үшінші қабаттарына жөн­деу жұмыстарын жүргізуді жос­пар­лап отыр.