Таяу болашақта дүкеннен барып криптовалютаға нан-сүт сатып ала аламыз ба? Бұл әбден мүмкін. Евразиялық банк Intebix биржасында ең алғашқы крипто-мәмілені жасады. Бұл – Қазақстан цифрлық ақшаны заңдастыра бастады деген сөз. Әйтсе де, депутаттар оған қарсы шығып отыр. Олар бұл еліміздің қаржы жүйесін күл-талқан етіп, ұлттық валютамыздың дербестігіне қауіп төндіреді деп санайды. Ендеше тек майнинг жасаушы ел болып қала бергеніміз дұрыс па? Еуразияда тұңғыш Сонымен, осыдан он күндей бұрын тек елімізде ғана емес бүкіл Еуразия континентінде ең алғаш рет заңды түрдегі крипто-фиаттық операция жасалды. Евразиялық банк пен қазақстандық Intebix (Biteeu Eurasia) криптоақша биржасы «криптобиржа-банк-клиент» бағытында нақты ақшаға биткоин сатып алу бойынша бірлескен транзакция жүргізді. Яки, банктің өз бетінше жасап шығарған биржаға төмен комиссиямен теңге түрінде ақша енгізу және кері шығару процесін іс жүзінде пайдаланып көрді. Енді бүгінде аталған қаржы ұйымы Ұлттық банкпен бірге бұл жобаның ықтимал қатерлерін сараптауда. Ал жыл соңына дейін сауда орындарында төлем жасауға болатын криптокарта шығаруды жоспарлап отыр. Бұл нені білдіреді? Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар дүкеннен нан алса да, криптаақшамен төлей алады деген сөз. Бірақ есеп айырысулар қалай болғанда да клиенттің биржадағы аккаунтына байланған есепшот арқылы теңгемен жүреді.
«Бұл жаңашылдық қазақстандықтарға криптовалюталарды заңды түрде теңгеге сатып алуға мүмкіндік береді. Осылайша, фиатты ақшаны, яки кәдімгі теңгені виртуалды ақшаға ауыстырып алуға болады. Intebix – Қазақстандағы ең алғашқы виртуалды валюталар биржасы. Біздің сонымен қатар Еуроодақ пен Аустралияда жұмыс істеуге рұқсат беретін лицензияларымыз бар», – дейді Intebix директоры Талғат Досанов.Цифрлық технологиялар және бизнес жөніндегі Digital Bridge 2022 форумында Intebix биржасының жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да таныстырылған болатын. Ал биыл көктемде Президент әлемдегі ірі Binance криптобиржасының негізін қалаушы әрі бас директоры Чанпен Чжаоны қабылдап, еліміздің салалық құрылымдары мен Binance компаниясының арасында цифрлық қаржы саласындағы, блокчейн технологиясы бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықтың ұзақмерзімді әлеуетін, сондай-ақ Қазақстанда криптоиндустрияның өңірлік хабын құру мәселесін талқылаған еді. Кездесу соңында Президенттің қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Депутаттар сақтануға шақырады Таяуда майнингті реттеу туралы заң жобалары топтамасын қараған Мәжіліс депутаттары елімізде криптовалютаны төлем құралына айналдыруға әлі ерте екенін айтып, сақтандырған болатын. Криптобиржаны заңды деп мойындау криптовалютаны автоматты түрде заңдастыру болып танылады. Сондықтан да бұған жол беруге болмайды.
«Біз іс жүзіне ұлттық валютаның дербестігінен айырылып қалғалы тұрмыз. Бұл тек біздің қаупіміз емес, әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Криптовалюта ештеңемен қамтамасыз етілмегендіктен, еліміздің қаржы жүйесін күл-талқан етуі ықтимал», – дейді депутат Екатерина Смышляева.Депутаттар мақұлдаған заң жобасында еліміздің құқық аясына майнинг өндірісінің тек қауіпсіз кезеңдері ғана шығарылатыны қарастырылған. Ал криптовалютаның айналымы мен айырбас жасау процестері Астана Халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясы аясында ғана жүргізіледі. Сондай-ақ депутаттар Еуропадағы энергетикалық дағдарысты мысалға келтіре отырып, Қазақстандағы майнингке электр энергиясының профициті ғана, яки, мол кезінде ғана рұқсат етілетініне баса назар аудартып отыр. Инвесторлар еліміздің энергетика инфрақұрылымдарын модернизациялауға және жаңармалы энергия көздерін құруға атсалысуы тиіс. Бүгінде Қазақстанда 50 майнинг жасаушы компания ресми түрде тіркелген.
«Екіншіден, криптовалюта деген нәрсе – техникалық тұрғыдан алғанда соншалықты криптовалюта деуге де келмейтін, өте волотильді дүние. Оның бағасының қалай шарықтап өскенін де, қалай құлдырай құлағанын да сан мәрте көріп жүрміз. Сондықтан да оны күнделікті есеп айырысуға ыңғайлы деп санамаймын. Өйткені оның бағамы бір күннің өзінде мың рет құбылады. Оның үстіне, бұл валюталар – ештеңемен қамтамасыз етілмеген жай ғана цифрлық активтер немесе цифрлық құнды қағаздар. Ешқандай құндылық эквиваленті жоқ болғандықтан, олардан балама бағалау құралын іздеуде мән бар деп ойламаймын. Бұл екеуінің қай-қайсысының да өзіндік артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Бүкіл әлем, өкінішке қарай осы бағытқа қарай кетіп барады. Цифрлық ақша ашықтық үшін, коррупциямен күресте әрбір теңгені қадағалап отыру үшін жақсы болар. Бірақ оның екінші жағы да бар, әркімнің қалтасындағы ақша мемлекеттің көз алдында болады да, оның тоталды қадағалау құралына айналып кетуі де оңай болатынын жоққа шығаруға болмайды. Кейбір сарапшылардың бұл құбылысты «цифрлық концлагерь» деп айтып жүргенінің жаны бар», – дейді қаржыгер сарапшы Расул Рысмамбетов.Экономистер бүкіл әлем бойынша криптовалюта саудасы негізінен реттелмейтін көлеңкелі нарыққа тиесілі екенін айтады. Сонда да болса, бұл қаржы түрін пайдалануға ден қойған елдердің қатары артып келеді екен. Қазірдің өзінде 10 мемлекет не толықтай, не ішінара цифрлық қаржыға көшкен. Ал жалпы криптовалюта дегеннің өзіне келсек, ол – ең жоғары дәрежедегі революциялық дүние. «Болашақ қаржы жүйесі» экономика саласын ғана емес, өміріміздің өзге аспектілерін де өзгертуге қауқарлы. Біз де қазір болсын, кейін болсын, түбі бұл жүйеге келеміз.
«Сондықтан да мен Қазақстанның жаңа валюта түрін АХҚО деңгейінде болса да заңдастырып жатқанын құптаймын. Соның нәтижесінде елімізде криптовалютаның көлеңкелі нарығы жойылады. Өйткені елімізде осыған дейін рұқсат етілмесе де, адамдар криптовалюталарды сатып алып жатыр. Ал енді төл валютамыздың дербестігіне қауіп төнеді дейтін пікірге келер болсақ, мен бұлай ойламаймын. Керісінше, криптовалюта әлемінде теңгенің беделі арта түсетін болады. Біз осыған дейін тек өндіруші ел болып келген болсақ, енді қолданушы елге айналамыз. Бұрын ол ақшаны долларға немесе еуроға сатып алатын болсақ, оның теңгеге ешқандай пайдасы жоқ болатын. Керісінше, адамдар доллар әлде еуро сатып аламын деп желініп жататын. Ал енді криптовалютамен жасалатын транзакциядан салық төленетін болады. Сондықтанда дәл қазір теңгеге қауіп төнеді деп санамаймын. Өйткені криптовалюта ұлттық валютаның орынын алмастыра алмайды. Себебі ол ешқандай да орталықтандырылмаған. Ешқандай да монеталық сараймен немесе Ұлттық банкпен реттелмейді», – дейді экономист Бекнұр Қисықов.Қалай болғанда да, Қазақстан цифрлы қаржы жүйесіне ерте ме, кеш пе жасайтын алғашқы қадамын жасады. Ендігі мәселе – екі шоқып, бір қарау. Өйткені жаңашылдықтың әзірге пайдасынан бұрын, қаупі басым екенін жоққа шығаруға болмайды.