Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі. Қазақ тарихында әженің тәлімін алған, тарихта есімі қалған ұлылар көп. Зере әжесінің зерделі аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарын тыңдап өскен дана Абай, Айғанымдай әженің тәрбиесін алған Шоқан және тағы басқалары. Олардың әже-немерелік қарым-қатынасы жайлы күні бүгінге дейін үлгі етіп айтылады. Әйтсе де... Қазіргі психология пәлсапасына бейім қоғамда кезінде ұлық саналған әже мектебінің кемшін тұстары көп айтылып жүр. Бірде әже тәрбиесін көрген бойжеткеннің анасын аңсап, әлеуметтік желіге жариялаған жазбасын көзім шалды. «Әке-шешемнің менен кішкентай бауырларымды жиып алып, көлікке отырып, қалаға кететін сәтін ешуақытта ұмыта алмайтын шығармын. Ол сәтте ата-әжемнің қолынан ұстап, көкірегіме өксік тығылған бойда қалатын едім. Мұның психологиялық жарақат болып қалатынын кейін білдім және сол күйіммен ұзақ күрестім» деп жазады Әсел есімді бойжеткен. Бұл жазбаның астындағы пікірлер саны өте көп болды. Көбіне-көп ата-әжесінің тәрбиесінде болған жастардың «жанайқайын» оқығандай болдық... Есейгенде зардабын көрдім Толқын – 29 жаста. Қазір тұрмыста, 2 жасар қызы бар. Толқынға 8 ай толғанда, ата-әжесі бағып алған. Әке-шешесі ерте үйленген соң тұңғышын шал-кемпірдің тәрбиесіне беріп, өздері қалада жұмыс істеуді ұйғарған.
«Әжем ұстаз болды, маған жақсы тәрбие берді, оқытты, қатарымнан кем қылмады. Мектепте үздік, белсенді болдым, барлық әдеби байқауға қатысатын едім. Қатарымның алды болдым, оған әжемнің көп септігі тиді. Бетімнен қақпады, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырған» жоқ. Алайда қазір ойлап отырсам, балалық шағым бақытсыз өткендей. Тоқсандық және жазғы демалыстарда бауырларым ауылға келетін, не мен қалаға баратын едім. Ойын баласымыз ғой, өзара ойыншыққа таласып қалсақ, «мен кетемін ғой», яки «сендер кетесіңдер ғой» деп айтады екенмін. Қазір бауырларым «сені көп аяйтынбыз» дейді. Бала Толқын әке-шешесіне «мені сағынбайсыңдар ма?», «неге мені беріп жібердіңдер?» деген сұрақтар қойғысы келетін, батпайтын. Ата-анам ауылға келгенде бауырларым сияқты емін-еркін олардың мойнына асылып, сағынышымды баса алмайтынмын. Себебі ата-әжем қызғанып қалар деп тартыншақтайтын едім. Ал қалаға барсам, ондағы үйде маған орын жоқтай көрінетін. Бауырларымның өз кереуеті, шкафы, ойыншықтары бар, ал менің киімім ауылдан келген сөмкемде тұратын. Айта берсем, мұндай мысал көп. Есейгенде, әсіресе тұрмысқа шыққанда мұның зардабын айқын сезіндім. Балалы болсам, тұңғышымды ата-енем алып қойса, сәбиім менің бақытсыз күйімді кешеді деген ой маза бермейтін. Мұндай ішкі психологиялық кедергілердің себебінен тіпті үш жылдай бала көтере алмай жүрдім. Әйтеуір, қазір ашық ақпаратқа толы заман. Психолог-мамандардың көмегіне жүгініп, психологиялық жарақат зардабынан құтылдым. Бір қарағанда, баланы ата-әжесіне берудің салдары соншалық қауіпті еместей көрінеді. Өйткені шал-кемпірдің баласы да махаббатқа бөленіп өседі. Әйтсе де, маған анамның жылуы жетпеді», – дейді Толқын.Шал-кемпірдің тәрбиесін көрген бірқатар қыз-жігітпен сөйлестік. Олардың арасында ең көп айтылған проблема – ата-әжесі қайтыс болған соң әке-шешесімен тіл табыса алмау, ата-анасын бауырдай көріп, оларға сыр ақтара алмау, кеңесіне құлақ аспау және тағы басқалары. Бір қызығы, көбіне-көп шал-кемпірдің қолында өскен ер балаларда өкініш аз да, қыздарда реніш басым. Алайда өкінетін тек жастар емес, баланы ерте жастан бағып алып, болашағына қиянат қылдым ба деп алаңдайтын ата-әжелер де бар...
«Бала – балым, немере – жаным» дейтін қазақтың мақалының жаны бар. Әлиім дүниеге келгенде қуанышымда шек болмады. Бақтым, қақтым, бар жақсымды алдына тосып, одан ештеңе аямады. Өте ерке өсірдім. Әке-шешесі ескерту айтса, «тәйт, балама сөйлемеңдер» деп бетіне қаратпадым. Әпер дегенін әперіп, істеймін дегеніне қой демедім. Бәлкім, шалымның көзі тірі болса, артық кеткен жерінде жөнге салар ма еді. Ана, әже жүрегім немере ұрсып, жазалауға бармады. Жоғары сыныпқа өткенде балам төбелесетін болды, үлгерімі төмендеді. Үйге қабағы қатулы келсе болғаны, жас мұғалімдердің сазайын беретінмін. 7-сыныпқа өткенде, Алматыға әке-шешесіне жібердім, онда да сыйыспады. Талай бұзықтық жасап, мектептің терезесін сындырып, әкесінің көлігін рұқсатсыз жүргізіп, соғып, дау-жанжалмен ауылға қайтты. 9-дан кейін колледжге түсірдім, тағы болмады. Әкесінің баламның алдында тіпті беделі жоқ, оған тіптен бағынбайды, әуелі «сен» деп сөйлейді. Енді төрімнен көрім жақын уақытта «мен өлсем, Әлиім ешкімге сыймай, тентіреп қала ма, ашу-ызамен жүріп, бір пәлекетке ұрына ма» деген уайымым басым. Қазір баланы әке-шешесі баққан дұрыс па деп ойлаймын, себебі орнымен еркелетіп, уақытында сазайын береді. Ал мен болсам, бетінен қағып, қажетінде қой дей алмадым ба, әлде әке-шешесінен жырақ өскені үшін ашу-ызаға толы болып өсті ме, білмеймін», – деп ақтарылды Күлсімжан әжей.Қазіргі әжелер қандай? Психолог-мамандар баланың өз әке-шешесінен жырақ өсуі оның психологиясына айтарлықтай кері әсер ететінін айтады. Оның үстіне, бүгінгі жастардың өзін-өзі тануға, түпсанасымен байланысып, түрлі психологиялық жарақатпен жұмыс істеуге деген ұмтылысы жоғары. Бұрнағыда қоғам шал-кемпірдің тәрбиесін қалыпты санап, оның салдарына аса бас қатырып жатпаған болса, кез келген бұрыс мінез-құлқына себеп іздейтін жастар ата-анадан алшақ өсудің ауыртпалығынан аттап өте алмайды.
«Бала үшін ата мен ананың рөлі ерекше. «Әке – асқар тау, ана – жағасындағы құрақ, бала – ағып жатқан бұлақ» деп бекер айтылмаса керек. Баланың өзіне, өз шешіміне сенімді болып өсуі үшін әкенің тәрбиесі қажет, мейірімді, қамқор болуы үшін ананың аялы алақаны қажет. Балаға өзінің қалаулы болғаны және әке мен шешенің үлкен махаббатынан туғаны маңызды. Отбасында тетелес балалар әке-шешесінің назарын бір-бірінен қызғанып жатқанда, оның біреуін жыраққа жіберу, әрине бала үшін ауыр соққы. Санасы әлі қалыптасып үлгермеген бала салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық тәрбие дегенді ойлап бас қатыра алмайды. Оның көкейінде тек бір сұрақ туады: «ата-анам неге мені тастап, бауырымды өзімен алып кетті?». Бала атасының мойнында отырса да, әкесінің қолынан жетектеп жүргенін аңсайды. Бала есейіп, ер жетпейінше ата-әжесіне, яки әке-шешесіне сұрақ қойып, жауап алу туралы да ойлай алмайды. Ішкі күйзелісін танып, талдау үшін баланың санасы пісіп-жетілуі керек, ал бұл уақытты қажет етеді», – дейді балалар психологы Жанар Сақыпжан.Оның үстіне, маманның айтуынша, мұндай балалардың көбі өмір бойына осы күйзелісімен өтетін көрінеді. Олар есейгенде де ішкі күйзелісін айтып, шағымданатын адам таба алмайды, әке-шешесіне сенбейді, ата-әжесінің көңіліне алаңдайды. Ал айтқан күннің өзінде, баланың шағымына құлақ асып, оған кәсіби көмектесуге тырысатын ересектер аз. Этнограф-ғалымдар ата мен әже мектебінің ақсауын бүгінгі қариялардың өзгеруімен байланыстырады. Кезінде шал-кемпірдің баласы зерек, алғыр, шебер, өнерлі, тілге шешен боп өскен. Өйткені ол күннің қариясы ұлттық құндылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа етене жақын болған. Балаға ертегі, жыр-дастан айтып, әртүрлі өлең-тақпақ жаттатып отырған. Ал қазір әжелер дастарқан басында ұлттық тәрбиені насихаттайтын әңгіме емес, телесериал мен әлеуметтік желіден көргенін айтып отырады.
«Қазақта ата мен әже мектебінің орны ерекше болған. Ол уақытта шал-кемпір кенже ұлының қолында, қара шаңырақта қалған. Сол үйдің тұңғыш немересін ата-әжесі қойнына алып жатып, меншіктеп алатын болған. Әке-шешесінің тәрбиесімен қатар үлкендердің өнегесін естіп өскен бала өжет, зерек, зейінді болған. Ал қазір көп дүние өзгерді. Жастардың көбі қалада жұмыс істейді, ал қариялар ауылда тұрып жатыр. Бала-шағам жұмыс істеп, көп ақша тапсын деп немересін қарасып отырған әжелер бар. Олар баланың қарны тоқ, киімі бүтін болса болды деп ойлайды. Ал тәрбие тал бесіктен. Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрине, немересін түрлі үйірмеге тасып, дарынын ашуға тырысып жүретін ата-әжелер де бар. Бірақ дені тәрбиеге көп мән бермей жатады. Оның үстіне, ерке өсіріп, әке-шешесіне баланың айтқанын істетіп отырады. Бұдан тәрбиенің негізгі тетігі бұзылады. Бала әке-шешесінен қаймықпайды, ал ата-әжесін еркелігімен билейді. Өзіне ақыл айтып, кеңес қылатын тұлғадан ажырап қалады», – дейді этнограф Болат Бопай.Таяқтың екі ұшы бар. Ата-әженің өнегелі тәрбиесін жоққа шығарудан аулақпыз, әйтсе де, әке-шешеден жырақ өсетін баланың болашағына алаңдау заңдылығы туып отырғанын мамандар бекер айтпаса керек...