Ақтөбеде бассейнге барып жүргендердің денесін бөртпе басып кеткен
Ақтөбеде бассейнге барып жүргендердің денесін бөртпе басып кеткен
468
оқылды
Ақтөбедегі су спортына арналған мектеп тәрбиеленушілерінің денесіне бөртпе қаптаған. Ата-аналар мұны Достық кешеніндегі бассейннің дұрыс тазартылмауымен байланыстырып отыр. Себебі, суға хлорды шектен тыс қосады деп айыптайды.
"Балаларда құрғақ жөтел, жүрегі айнып, терісінде жара, аллергиялық жаралар бар. Тіпті бассейнге атааналар жарысқа келгенде көзі қатты ашып демала алмайды. Хлор тым көп деп ойлаймын. Мүмкін хлор дұрыс шығарылмайтын шығар", - дейді Ақтөбе тұрғыны Динара Құттығалиева.
Достық кешеніндегі бассейнге қатысты спорт мектебінің 30-дан астам ата-анасынан әкімдікке арыз түскен. Олар балаларының бассейннен кейін көзі қызарып, тоқтаусыз жөтеліп, денесін қызыл бөртпе басатынын айтады. Шымыр болсын деп жүзуге берген оқушылар аллергияға шалдығып жатыр деп ашынады. Ал бассейннің тазалығына жауапты спорт мектебі басшылары суды жылына бір рет жаңартамыз деп отыр. Қалған күндері хлор қоспасымен залалсыздандырылады екен. Ең қызығы, бұған дейін жүзуден ел чемпионатына қатысуға келген командалардың бірінің спортшылары түгел ауырған. Ол кезде де хлордан күмәнданған. Қазір бассейндегі тазалық пен су құрамы тексеріліп жатыр. Облыстағы спорт басқармасындағылар кешен жұмысын тоқтатпайтынын айтады.
"Осы жағдайға байланысты тексеру жүріп жатыр. Бүгін санитар мамандарды шақырдық. Олар бассейннің суынан сынама алды. Барлығы сол сынаманың қорытындысынан кейін белгілі болады", - дейді Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.