Азаматтық қоғамның белсенділігі артты
Азаматтық қоғамның белсенділігі артты
Мемлекет басшысының Жол­дауында баса айтылған тақы­рып­тың бірі – Қоғамдық кеңестің ауқымын кеңейтіп, қоғамдағы рө­лін айқындау. Өйткені қоғам­ның қозғаушы күші саналатын кеңес мүшелері халықтың талап-тілегін құзырлы орынға жеткізіп, түйткілді мәселенің түйінін тар­қатуға септігін тигізуі керек-ақ. Бұл орайда Қоғамдық кеңеске ар­тылар жүк ауыр. Өңір өмірін тап басып, жұртшылықтың жан­айқайын жеткізу арқылы аймақ­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға серпін беретін Қоғамдық кеңеске жергілікті билік қан­ша­лықты құлақ түріп, азаматтық қо­ғамның үнін естуде құлық та­нытып жүргені туралы Астана қа­ласы Қоғамдық кеңесінің төр­ағасы Зұлфұхар Ғайыповпен сұх­баттасқан едік. – Зұлфұхар Сұлтанұлы, «Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы алтын көпір» деп жатамыз. Әйткенмен, кеңес құрамын іріктеу төңірегіндегі дау толастар емес. Биыл да көптеген аймақта Қоғамдық кеңес мүшелігіне мемлекеттік органның өкілдері мен мемлекетке бағынысты мекеме басшылары көбірек кіргені туралы шу болды. Ал Астанадағы Қоғамдық кеңес құрамы қалай таңдалды? – Иә, ондай әңгімелер болды. Бірақ осы сөз арқылы елдегі тұтас қоғамдық кеңестің атына кір келтіру дұрыс емес. Себебі Қоғамдық кеңестердің қызметі қоғам тарапынан жіті бақылауда. Қо­ғамдық кеңес мүшелері де өз кезегінде халықтың атынан сайланғаннан кейін «халық пен үкіметтің ортасындағы алтын көпір» болуға барынша талпы­нып жатыр. Сол себепті Қоғамдық кеңестің қызметі де, маңызы да күн артқан сайын өсіп келеді. Оның дәлелі сол, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы екі Жол­дауында да Қоғамдық кеңес жұмысын жандандыру туралы атап өтті. Бір ай бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қоғамдық кеңестің үшінші мәжілісі өтті. Сол мә­жіліске Президент Әкімшілігінен, Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің өзі, қос палата депутатта­ры және еліміздің әр аймағынан 236 делегат қатысты. Олардың басым көп­шілігі осы өңірлерде сайланған Қо­ғамдық кеңес төрағалары. Жиында Қо­ғамдық кеңестің жұмысын үйлестіру туралы түйткілді мәселелер және оның шешу жолдары қарастырылды. Ал енді Астана қаласындағы Қоғам­дық кеңеске келетін болсақ, бұл осымен үшінші шақырылымдағы елордалық кеңес. Оның құрамына азаматтық қоғам­ның, саяси партия мен бизнес құры­лым­ның өкілдері де кірді. Бұл – бір жағынан. Екінші жағынан, осы соңғы құрылған Қоғамдық кеңесті қалыптастыру ба­рысында қоғам тарапынан белсенділік жоғары болды. Конкурсқа 200-ден астам астаналық белсенді өтініш берген. Бір орынға 7 үміткерден тіркелді. Бұл деге­німіз елордалықтардың Астананың даму тіршілігіне деген жанашырлық танытуы деп түсінемін. Яғни, азаматтық жауап­кершілігі деп қабылдауға болады. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің сапалы таңдалуына келетін болсақ, жалпы 31 адам іріктеліп алынды. Оның ішінде білім беру ұйымдарынан – 5, коммер­циялық ұйымдардан – 8, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестік өкілдері, үкі­меттік емес ұйымдардан 18 адам мүше­лікке алынды. Қарап отырсаңыз, азамат­тық қоғам өкілдері көпшілік орынды алып отыр. Осылайша, бұрынғыға қара­ғанда Қоғамдық кеңестің құрамы 99 пайызға толығымен жаңарды. Олардың барлығы өз ісіне лайықты, абыройлы беделге ие, елорданың өміріне бейжай қарамайтын қоғамдық кеңестің тұлға­лары. Мысалы, заң са­ласында жауапты қызметтерді атқарған, Мәжіліс депутаты ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерді биік мінберде көтеріп, оның шешілуіне жұмыс істеген заңгер Ирак Елекеев бар. Қазір ол кісі елорда мен республиканың қоғамдық өміріне атсалысып жүрген адам. Кәрім Мұстафин ағамыз да бірнеше аймақта әкім болды, қазір Астананың саяси-мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Айта берсе, бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Со­нымен қатар азаматтық қоғамның бел­сенді мүшелері Махаббат Еспенованы, Төлеген Қуанадиловты, Төлеген Шаң­ғытбайұлы сияқты ҮЕҰ мүшелерін айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, астаналық Қоғамдық кеңестің құрамы тек мемле­кеттік қызметкерлерден тұрмайды. Рас, кейбір жерлерде «Мем­лекеттік қызмет­керлердің басым көп­шілігі Қоғамдық кеңес мүшелігіне кіріп кеткен» деген секілді әңгімелер айтылып жүр. Мен өз өңірімізге ғана жауап берейін, бізде 31 адамның 18-і әртүрлі партия мен үкі­меттік емес ұйым мү­шелері. Біз өзіміздің үшінші шақы­ры­лымдағы қызметімізді 11 сәуірде бас­та­дық. Алғашқы күннен бас­тап комиссия төралқасы мен төрағасын сайлап, ко­миссия құрамын бекіттік. сенбілік – Қоғамдық кеңес құрамында қандай комиссия жұмыс істейді? – Кеңес құрамында бес комиссия жұмыс істейтін болды. Олардың әрқай­сы­сының өз жауапкершілігі бар. Бірінші комиссия – ақпараттық талдау жұмысына жауап береді. Екінші комиссия бюджет және экономика, қаржы мәселелері жөнінде жұмыс істейді. Үшіншісі – әлеу­меттік-саяси саладағы азаматтық мүддені білдіру мәселері бойынша, төртіншісі – кәсіпкерлікті дамыту, бесіншісі – заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, энергияның тиімділігі, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, эколо­гиядағы өзекті сұрақтардың жауабын іздеуге атсалысу міндеттеледі. Олардың барлығы қоғамдағы өте өзекті мәселе­лерді ескере отырып құрылған комиссия. Мысалы, осы салаға қатысты бір сұрақ қарастырылатын болса, ол әуелі Қоғам­дық кеңестің жұмыс тобында жан-жақты қарастырылып, мемлекеттік органдарға сұраным жіберіледі. Қажет болған жағдайда көшпелі іс-шаралар өткізіліп, қоғамдық ой-пікірге мониторинг жүр­гізіледі. Сонымен қатар қарастырыла­тын мәселелерді толыққанды түсіну үшін өзге де іс-шаралар өткіземіз. Мәселен, биыл сәуір-қазан айларының аралығында елорданың әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын, атқарушы органдардың есептерін және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді тал­қылаудан өткіздік. Осы аралықта біз 12 кездесу ұйымдастырып, күн тәртібінде 59 мәселені талқылаппыз. Оның ішінде 28 нормативтік-құқықтық актілер қа­ралды. Ал енді сіз сұраған ҮЕҰ-ға келетін болсақ, Астанадағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жақсарту дұрыс жолға қойылған. Қазір Астанада 4000-ға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Елордада «Белсенді азамат» деген ҮЕҰ бар. Оның төрағасы Гамаль Түзелбаев деген азамат. Біз олармен бірнеше рет семинар өткіздік. Олар бізге қоғам өкіл­дерінің қатысуымен қала өміріне мо­ниторинг жүргізу, қоғамдық тыңдауларды қалай өткізу бойынша көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Сол себептен де айтарым, біз азаматтық қоғам өкілдерімен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейміз. Айталық, Гамаль мырзаның иікелей бастамасымен жақында Ішкі істер ми­нистрлігі өкілдерімен мониторингті қалай жасау жайында ортақ кеңес өткіздік. Кеңесте бақылаудың сапасын арттыру туралы ұйымның ұсыныстарын өз қызметімізде басшылыққа алатын болдық. Сонымен қатар ардагерлермен бірге де бірнеше жұмыс атқардық. Әкімдікпен бірігіп ардагерлерге Үкімет тарапынан берілетін арнайы әлеуметтік көмекті де ұйымдастыру ұдайы қолға алынады. Одан бөлек, жастар ұйымда­рымен де тікелей қарым-қатынас орна­тып отырған жайымыз бар. Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық белсенділігі әрқашан жоғары екенін айту керек. Оның жарқын мысалы ретінде маусым айында өткен жалпыхалықтық референдумда анық байқалды десе болады. Сол референдум кезінде үкі­меттік емес ұйым мүшелері жоғары белсенділік танытты. Референдум кезінде Астана қаласы бойынша қоғамдық штаб құрылды. Соның жұмысын мен басқар­дым. Сол кезде үкіметтік емес ұйымдар бізге жоғары деңгейде көмек қолын соза білді. Бұл Президентіміздің Азаматтық қоғамды дамыту керек деген сөзінің дәлелі. Азаматтық сектор қазір өте бел­сенді, яғни азаматтық қоғамды дамытып, олардың әлеуетін пайдалану маңызды болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, үкі­меттік емес ұйымдардың пікірін ескере отырып, Қоғамдық кеңес жұмысын жандандыруды жолға қойып отырмыз. – Дұрыс екен. Сіздерге азаматтық қоғам тарапынан айтылып жатқан өтініш көп пе? – Астанамызда халық саны жыл артқан сайын өсіп келеді. Бұл – қуанатын жағдай. Десек те, саны өскен сайын қалада мәселелер де көбейетіні белгілі. Сондықтан да болар, Қоғамдық кеңеске келіп түсіп жатқан өтініш-талаптың дені құрылыс саласы және әлеуметтік ны­сандарды орналастыру бойынша болады. Осы сұраққа жауапты қаламызда үлкен мекеме бар. Ол «Астана генплан» деген. Ұйымның қаланы дамыту туралы бекіт­кен жоспары бар. Біз қазан айының басында ұйымның басшыларымен де кездесу өткіздік. Тұрғындар тарапынан бізге түскен әлеуметтік нысандарға қатысты сауалдарды жеткіздік. Олар да өз тарапынан халық үніне құлақ түріп, шағым-тілектерді ескеріп келеді. Мыса­лы, осының алдындағы кездесуде «Қа­ланың даму жоспары қалай дамып жатыр?» деген сауал төңірегінде то­қайластық. Өздеріңіз білесіздер, Астана елорда болғалы бері биыл 25 жыл толады. Сол кездегі елорда халқы 230 мың болған, ал қазір 1 млн 230 мың. Сонда халық саны 4 есе өсті. Қаланың Сәулет-құрылыс бас­қармасының өкілдерімен қараша айының аяғында тағы бір үлкен кездесу өткізетін болдық. Сол жерде үйлердің тығыз орналасуы мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу туралы мәселелер тағы бір пысықталатын болады. Бірақ бір нәрсені ескеру керек, елорда – өсіп келе жатқан тірі организм іспетті. Сол себепті халық саны өсіп, тұрғын үй көбейген сайын әлеуметтік нысандардың да жетіспеушілігі болатыны түсінікті. Ол жағынан жергілікті билік қоғамдық кеңеспен бірігіп жүйелі жоспарлы жұмыс атқаруда. Сонымен бірге қала халқын мазалайтын бір сұрақ – ол медициналық қызмет көрсету саласы. Қазан айының 28-ші жұлдызында астаналықтарға медициналық көмек ұсыну туралы тыңдалым өткізіп, сол жерде медицинаны барлық адамға қолжетімді ету, медици­налық орталықтарды әлі де болса кө­бейтуді күн тәртібіне шығардық. Осыған қатысты бірқатар ұсынысымызды да бердік. Бұрынғы емханалар мен ауруха­налардың дені ескі үлгіде салынған. Оларды қанша жөндеуден өткізсек те, қазіргі талап үдесінен шықпайды. Сон­дықтан да біз басқарма басшыларына жаңадан салынып жатқан құрылыстардың бірінші қабатына «Үйдің жанындағы дәрігер» бағдарламасын жүзеге асыру үшін дәрігерлік амбулаториялық орталық ашу туралы ұсыныс бердік. Мектептерде де сондай. Ескі үлгідегі мектептердің орнына заманауи жаңа білім ошақтарын салу маңызды. «Ыңғайлы мектеп» бағ­дарламасына сәйкес, қазіргі салынатын мектептер де бір мезгілде 3000-4000 оқу­шы қабылдауға қауқарлы болуы тиістігі ескеріліп отыр. Осы айда да қаланың бас жоспары туралы жиында Сәулет және құрылыс басқармасының өкілдеріне осы туралы ойымызды жеткіземіз. Тұрғындар тарапынан хаттар келіп жатыр. Олардың барлығына тікелей бақылау жасап отырмыз. Жекеленген адамдар да арыз-шағымдарын айтып жатыр. Мысалы, қаланы жасыл желектендіру жайлы көп сұрақ келіп жатады. Соған сәйкес, қаланы жасыл желекке айналдыруда атқарылып жатқан іс те көп. Жасыл желекті суару, күтіп-баптау туралы ар­найы ұсыныстарымызды да жеткіздік. Тағы бір мәселе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақ­тандыру туралы өтініш көп келеді. Бұл бойынша құрылған жұмыс тобы ай са­йын Кәсіпкерлікті дамыту басқарма­сы­мен бірге қаладағы үлкен сауда орта­лықтарына барып, дүкендерді тексеріп шықтық. Сонда байқағанымыз, кейбір ірі сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы ақпа­раттық тақтайша ілмеген, кейбір дү­кендердегі тауарлар шекті бағадан асыра көрсетілген. Алайда ескертпелерге құлақ асқан кәсіпкерлер бар. Мысалы, бірінші барғанда тақтайша орнатпаған, әлеу­меттік маңызы бар тауарларға өз бетінше баға белгілегендер екінші тексерістен нәтиже шығарғанын көрдік. Бұл мәселе назарымызда тұр. кеңес Бұдан бөлек, биыл Астана қаласында 4 үлкен емханада күрделі жөндеу өтті. Осыған байланысты кейбір тұрғындар кезек көбейгенін айтып арызданған. Сондай қиындыққа қарамастан Қоғам­дық денсаулық сақтау басқармасы өз деңгейінде жұмыс істеп отыр. Тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмектің бағасы көте­ріліп кеткеніне шағымданып жатқандар да кездеседі. Бірақ біз оны қатаң ба­қылауға ала алмаймыз. Оның бағасын нарық жоспарлайды. Мемлекет басшы­сы биылғы жылдың қыркүйек айында­ғы Жолдауында «Мемлекет тарапынан бағаны реттей беретін болсақ, нарықтық қатынастың заңдылығын бұзамыз» деген болатын. Шындығында да, бағаны тұ­рақтандырамыз деп кәсіпкерлікті қолдауды әлсіретіп алуымыз мүмкін. Осы жағынан келгенде бірқатар ұсыныс бар. Кейбіреуін ретке келтіруге болады, сондай-ақ ретке келтіруге де келмейтін тұстары бар. – Астанадағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі туралы айттыңыз. Олардың тарапынан айтылған нақты ұсыныстар бар ма? – Өте көп ұсыныс болады. Мысалы, біздің Қоғамдық кеңестің екі мүшесі президенттікке үміткер Қарақат Әбден мен Салтанат Тұрысбек тұрмыстық зор­лық-зомбылық бойынша нақты ұсы­ныстарын жеткізді. Салтанат Тұрысбек Қоғамдық кеңесте де, сайлауалды бағ­дарламасында да орталықтардың жұ­мысы туралы мәселені көтеріп келеді. Бұл саланы назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Екінші Қарақат Әбден де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша әртүрлі ұсынысын жет­кізген болатын. Бізге дейінгі Қоғамдық кеңестердің ұсынысымен ашылған «Жанұя орталығы» қиыншылыққа тап болған адамдарға қол ұшын созып, жұмыспен қамту бойынша да жұмыстар атқарып жатыр. Олардың тарапынан айтылып жатқан талап-ті­лектер назардан тыс қалып отырған жоқ. Бір нәрсені білу керек, Қоғамдық кеңес тек ұсыныс айта алады. Бірақ олар­дың жұмысына тікелей араласа алмаймыз. Бұл туралы Қоғамдық кеңестің ереже­сінде де айтылған. «Қоғамдық кеңес туралы» заңда да айтылған. Дегенмен біздің тараптан айтылған ұсыныстардың жол үстінде қалғаны өте сирек. қоғамдық кеңес – Азаматтық қоғамның үні жарқын-жарқын естіледі дейсіз ғой... – Әрине, соңғы жылдары азаматтық қоғамның белсенділігі артты. Қоғамның кез келген саласына қатысты ой-пікірді еркін жеткізе алатын жағдайға жеттік. Президентіміздің «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» құру туралы бастама­сы­ның өзі азаматтық қоғамға айрықша маңыз бергені деп білемін. Қоғамдағы көптеген мәселені шешуде азаматтық қоғамның мойнына артылар жүк көп. Мысалы, елдегі түрлі деңгейдегі зорлық-зомбылық қылмыстарды жасырып қалу жағдайларын әшкерелеуде, жалпы ал­ғанда қоршаған ортаны ластау, ден­саулық сақтау, білім беру жүйесі, құқық қорғау саласындағы әділетсіздіктерге қатысты келеңсіздіктер көтеріліп, оның шешілуіне барынша ықпал етіп отыр. Бұл «Мем­лекетте заң үстемдігін орнататын әділ сот төрелігін орнатанын қоғам құрамыз» деген Мемлекет басшысының сөзі орын­далып отырғанының көрінісі. Ал оны орындатуда азаматтық қоғамның да үлесі зор. Бұл орайда Қоғамдық кеңес те өз қызметінде біраз шара атқарып отыр. Ас­тана қаласындағы газдандыру мәселесін­де де Қоғамдық кеңестің атқарған жұмы­сы көп. Қысқы дайындық жұмыстарында кеңес мүшелері көзге көрінбейтін көп­теген жұмысты атқарды. Халықтың талап-тілегін әкімдікке жеткізіп, ағымдағы мәселенің шешілуіне септігімізді тигізе алсақ еңбегіміз еш кетпегені. Осы орайда Қоғамдық кеңес «халық пен биліктің арасындағы алтын көпір» деген атына лайықты деңгейде жұмыс істеп келеді. – Халық үніне құлақ асуды әдетке айналдыра бастағанымызды айтқыңыз келе ме? – Әлбетте. Рас, «Халық» деген сөз Алла тағаланың 99 көркем атының бірі. Сондықтан да дана халқымызда «Ха­лықтан үлкен емессің» деген қанатты сөз бар. Біз бірге халық және билік бі­рігіп, ақылдасып, түйткілді мәселелерді шешуде парасаттылық танытып отырсақ, Президентіміз айтқан Әділетті қоғам құрамыз. Сол үшін де сөзіміздің басында айтқан «Алтын көпір» болу жолында аянбай еңбек ете береміз. – Әңгімеңізге рақмет!