Белгілі қоғам қайраткері, денсаулық сақтау саласында еңбек еткен, "Оқ-жетпес" емдеу сауықтыру кешенінің президенті Қайрат Шерәліұлы Беркінбаев жеке өмірі, отбасы, мансабы жайлы Oinet.kz сайтына сұхбат берді.
-Үш бірдей жоғарғы оқу орнын бітіріп үлгеріпсіз. Мектепте қалай оқып едіңіз?
-Созақ ауданының Қызылкөл елді мекені облыс орталығынан шалғайда орналасқандықтан ба, әйтеуір мектептің материалдық базасы нашар болатын. Спорт залын, акті залын көрмей өстік. Сегізінші сыныптан кейін отбасымыз Алматыға көшті. Ауыл мен қаланың арасында жер мен көктей айырмашылықтың барын Алматыға келген соң түсіндім. Мектепте керемет үздік оқыдым деп мақтана алмаймын, бірақ аттестатыма үштік баға түскен жоқ. «Достығымыз махаббатқа ұласты» -Елден естуімізше өнер додаларында топ жаратын шәкірт даярлайтын жеке продюссерлік орталық құрумен шектелмей оларға баға беретін қазылар алқасының да құрамына қосылып, әрі тележүргізуші болып жүрген жұбайыңыз Ләйлә Сұлтанова енді жаңадан журнал ашып жатыр екен. Оның бастамаларына қолдау танытып, тікелей демеушілік жасап жүрген шығарсыз. -Ләйланың таныс журналист құрбысымен бірге бастаған жаңа бастамасы, жаңа журналы жаңылыспасам «Кино және өмір» деп аталады. Аты айтып тұрғандай арнасынан асып-тасқан ақпарат айдынында желкен тартуға бел буған журналда қазақстандық және шетелдік кинолар, сонда ойнаған актерлардың жеке өмірі және ол киноларды көпшілікке көрсету біздің қоғамға қаншалықты қажеттілігі, пайда-зияны туралы тақырыптар мейлінше жан-жақты қамтылады. Мен Ләйланың әрбір бастамасын қай кезде де қолдауға әзірмін. Бірақ ол да маған салмақ сала бермей өз бетінше ізденуге, табыс әкелетін шаруалармен шұғылдануға дағдыланған. Өз қарым-қабілетімен азды-көпті бизнесін қалыптастырған іскерлігі бар. -Анығырақ айта түссеңіз. - Ләйланың sms компаниясы бар. Мәселен, «Екі жұлдыз», «Суперстар» жобаларында sms арқылы дауыс беру ұйымдастырылып жүр ғой. Түсінікті болу үшін айтсам жеке компаниясы арқылы осындай жобаларға атсалысып келеді. Бұдан бөлек, қазір ол «Балапан» теларнасынан бағдарламаларды жүргізеді. Бүлдіршіндерді өзі тауып, солардың балабақшасына алдын ала барып дайындық жүргізіп жатады. Өзіндік қиындығы, сонымен бірге өзіндік қызығы да жететін жұмыс қой. -Екеуіңізді тағдыр қалай табыстырды? -Тоқсаныншы жылдардың соңында таныстық. Алғашқыда аға- қарындас болып араласып жүрдік. Уақыт өте келе достық қарым-қатынасымыз кіршіксіз махаббатқа ұласып, отау құрдық. «Екі әйелімнен де екі-екі ұл бар» -Екінші рет үйленуге, Ләйламен отау құруға үйдегі жеңгеймен өзара келісімге келген боларсыз. -Ләйла екеуміздің сезіміміз үндесіп өмірлік жар болуға серт байласқан кезге дейін бірінші әйеліммен заңды түрде ажырасып кеткендіктен оның рұқсаты қажет те емес еді. Ал балаларыммен осы мәселе жөнінде алдын ала ақылдастым. Олар түсіністікпен қабылдады. -Ұлдарыңыз үйленерде сізбен кеңесіп, келісе ме? Оларға отау құрарда сіздің тарапыңыздан талап қойыла ма, әлде өз қалауларына қарай іс-әрекет жасау -Әрине, олар отау құрарда менің де тарапымнан талап қойылатынын білетіндіктен ақылдасуға үйренген. Бұл жолы алдымен үлкен ұлым мен келінім хабарласып, «Бағдат оқуын бітірді, үйленсем деп жатыр» деді. Дәл осындай жағдай үлкен ұлымның өзі үйленер кезде де болған. Таңертең сабағына кеткен ұлым түсте жұмысқа келіп, үйленетінін айтты. Ол бірінші курста оқитын. «Мен де алғаш рет үйленген кезімде әлі жиырма бірге толмаған едім. Егер сен мені ертерек ата атандырғың келсе, үйленгенің дұрыс» дедім. Осылайша 41 жасымда ата атандым. Кейде ұлдарыммен бірге жүргенде жолдастарым «інілерің бе?» деп сұрайды. «Жоқ, бұлар менің ұлдарым, немерелерім де бар» десем, көпшілігі таң қалады. Балаларым кімге үйленеді, ол жағы өздерінің қалауында, бірақ мен келін таңдауға білек түре кіріспесем де, өзімнің ақыл-кеңесімді айтуға құқылымын деп ойлаймын. -Ақшаны көп жаратасыз ба, әлде үнемшілсіз бе? -Ақшаға үнемшілмін деуден көрі көп жарататанымды көпшіліктен жасырудың қажеті жоқ. Біреулер «ақша оңайлықпен келмейді» деп айтады. Ол рас, бірақ адам тапқан ақшасына лайық өмір сүруі керек. Тапқан дүниеңнің рахатын өзің, бала-шағаң көруі керек, одан артылса, ағайын-туыс, дос-жаран, халық көруі керек. Қызыққан затымды сатып ала алмай қалсам, онда өзімді кешірмеймін. Алғым келіп тұра ма, аламын, кигім келіп тұра ма, киемін. -Қандай көлік мінесіз? -Жеке өзімде төрт көлік бар. Лексус 500», «Прадо» «Тайота Камри 40» және спорттық көлігімнің қайсысы сапарға лайық, соны мінемін. Жұбайым Ләйланың көлігі бөлек. Оны өзі айдайды. Ал мен рулге көбіне демалыс күндері, алыс жолға шыққан кезде отырамын. -Оққағармен жүретін шығарсыз? -Иә, жалғыз жүрмеймін. «Сақтансаң сақтайды» деген бар ғой. Оның пайдасын көрмей жүрген жоқпын. Қазір неше түрлі оқиғалар болып жатыр.