Қар құрсауында қалмасын десек...
Қар құрсауында қалмасын десек...
630
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында қыстыгүні жолдар тиісінше тазаланбайды. Әсіресе, аудандық маңызы бар жолдардың жағдайы аса мәз емес. Былтыр кейбір ауылдар қар құрсауында қалып, бірнеше күн бойы сыртпен байланысы үзілген болатын. Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, қар тазалайтын техниканың әбден тозғандығы, одан соң конкурстық рәсімдердің дұрыс өткізілмейтіні себеп. Биылғы қыс қарсаңында жер­гілікті атқарушы органдар мен би­лік өкілдері былтырғы жол таза­лау жұмыстарын қорытындылап, кеткен қателіктерді болдырмау амалдарын қарастырды. «Қатемен жұмыс» барысында былтыр қар тазалаған кезде жол жиегіндегі бордюрлер қисайып, ағаштар сы­нып, тас төсеуішке дейін қопарыл­ғаны, кесілген ағаш-бұ­та­лар жи­нал­май, шашылып қалға­нына дейін айтылды. Ең сорақысы, бұл үшін ешкім жауап бермейтін болып шықты. Сол үшін жауапты мекеме басшылары облыс әкімі­нен сөз естіді.
«Жыл сайын қаланы көркей­туге қыруар қаржы жұмсалады. Алайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жұмысы сын көтермейді. Қар тазалаумен айналысатын кәсіпорындар жасалған жұмысты құнттамайды.    Қисайған бордюрлер – соның дәлелі. Үлкен жүк тиегіш және грейдер көліктері сияқты ауыр техника қала көшелерінде мүлдем жүрмеуі тиіс. Тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық қызметкер­лері қанша рет ауыстырылса да, бәрібір еш нәтиже жоқ. Алдымен, тастөсем төселеді, содан кейін тех­ника оны басып-жаншып сын­дырады. Кейін оны жөндеуге тағы қаржы бөлу керек. Әрі бұл үшін еш­кім жауап бермейді. Барып тұр­ған ақымақтық!» – дей келе, облыс басшысы Петропавл қаласының әкімінен мүлікті қиратқандардың жауапкершілігін қалай реттейтінін сұрап білді.
Петропавл қаласының әкімі Рус­лан Аңбаев олардың жұмысына апта сайын жергілікті полиция қызметімен бірлесіп мониторинг жүргізілетінін, кемшілік табылса, айыппұл салынатынын және қал­пына келтіруге міндеттелетінін жет­кізді. Алайда осы күнге дейін жауапкершілікке тартылған бірде-бір адам жоқ. Қала әкімі сондай-ақ қар тазалаушы техниканы бейне­камералардың немесе GPRS-тің көмегімен бақылау туралы ұсыныс жасады. Бүгінде қала көшелерінде 400 камера орнатылған. Жуырда тағы 470-і орнатылмақ. Олардың 70-і автокөліктердің жылдам­ды­ғын бақыласа, қалғандары көше­дегі тәртіпті қадағалау үшін қол­данылмақ. Облыс әкімі қала басшы­лығының көктайғақта қолданатын шараларын да сынға алды.
«Көшелерге белгісіз бір химия себіледі. Оны алдымен сынап көріп, содан кейін ғана қолдану де­ген жоқ. Нәтижесі мүлдем бас­қа­ша болып шығады», – деді Құ­мар Іргебайұлы.
Өңір басшысы қай кәсіпорын қанша қар тасығанын да бақылауға алуды тапсырды. «Бәзбіреулер ауа тасып, сол үшін ақша алатын бол­ма­сын. Кім қанша қар шығарды, соған қарай ақы төленсін. Жүз пайыз бақылау жасалсын. Қар та­сылатын бағыттарға және поли­гонға камера орнатыңыздар. Кім қанша қар тасығаны есепке алы­нуы тиіс», – деді облыс әкімі. Әрі күндіз тұрғындарды әбігерге сал­май, қар түнгі мезгілде уақтылы тазалануын тапсырды. ТЕХНИКА ЖЕТКІЛІКСІЗ Солтүстік Қазақстан облысы аумағында қыстыгүні жолдарды күтіп ұстау мақсатына 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бірақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің бол­жамын­ша, бұл қаржы жетпей қалуы ғажап емес. Себебі тариф өзгеруі мүмкін.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қарма­сының басшысы Мақсат Баях­меттің айтуынша, жолдарды күтіп ұстауға арналған бағалар 2019 жылдан бері өзгермеген. «2023-2024 жылдарға арналған ке­лі­­­сім­­­шарттарда бағаларға түзе­ту­лер енгізіледі. Себебі қосалқы бөл­­­­­шектер, жанар-жағармай, жол­­­­ға төселетін материал – барлы­ғы қымбаттауда», – деді Мақсат Баяхмет.
Жауапты кәсіпорындарға тиі­сінше ақша төленетіндіктен, жұ­мыс та сапалы орындалуы керек. Алайда, өкінішке қарай, іс жүзінде жағдай керісінше. Өңір басшысы техниканың жеткіліксіздігін және 85 пайызы ғана жарамды күйде екенін сынға алды.
«Ертең қар құрсауында қал­ған адамдарға мұны қалай түсін­діресіз? Техникамыз сынып қалды деп айтасыз ба? Туындаған мәселе болса, оны республикалық компа­ния басшылығымен бірлесіп ше­шу­ге әрекет жасау керек», – деді өңір басшысы.
БАРЛЫҚ ЖОЛҒА ҮШ-АҚ ҰЙЫМ ЖАУАПТЫ Былтыр облыс аумағында кей­бір ауылдардың тұрғындары қыс­тың көзі қырауда қар құрсауында қалып, әбігерге түскен болатын. Әсіресе, Тимирязев ауданындағы Ленин және Ишим ауылдары сыртпен мүлдем байланыссыз қалған еді. Биыл мұндай жағдайға жол беруге болмайтыны қадап айтылды. Облыс аумағындағы жолдардың 1 148 шақырымында тұрақты бақылауда ұсталуға тиіс 406 учаске бар. Әсіресе, Арық­балық-Чистополье, Еленовка-Арық­балық-Чистополье, Саумал­көл-Новоишимское-Червонное, Благовещенка-Қайранкөл, Пок­ровка-Корнеевка-Горное ба­ғы­тын­дағы жолдарды қыста қар ба­сып қалады. Бұған кейде жол бо­йындағы ағаш-бұталардың тиі­сін­ше оталмағаны немесе жинал­май қалай болса, солай шашылып қал­ғаны, жол жиектері тазалан­бағаны себеп. Жалпы облыс аумағындағы барлық жолдарды күтіп ұстау не­бәрі үш-ақ кәсіпорынның мой­нында екен. Себебі өткізілген кон­­­курсты солар жеңіп алған. Мә­селен, «Петропавл жолдары» ЖШС жалғыз өзі 11 ауданға қыз­мет көрсетпек. Облыс әкімінің бірінші орынбасары бұл реттеу шаралары дұрыс емес екеніне тоқталды.
«Барлық жолдарда үш-ақ ұйым­ның жұмыс істеуін бол­дыр­мау керек. Қандай сапа туралы сөз қозғалуы мүмкін? Техника жет­кіліксіз, жұмыс сапасыз. Со­ның сал­дарынан былтыр Тими­рязев ау­даны қиындық көрді», – деді Марат Иманбайұлы.
Ол аз болғандай, конкурстың қорытындысы бойынша бұл кә­сіп­­орындармен келісімшарт ба­қан­дай үш жылға жасалған. Мұ­ның себебін облыстық Жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас­шысы Мақсат Баяхмет ұзақ­мер­зімді келісімшарт жасасқан мер­дігер компания дамуға, тех­никаға қаржы құюға құлшы­натынын ай­тып түсіндірді. Бірақ бұл әдістеме өзін-өзі ақтамаса керек, биыл қол­данылмайтын болыпты. «Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алатын» кәрі құда таяп қалды. Былтырғы жылдың қате­лік­терімен жұмыс кемшілік көп екенін көрсетіп отыр. «Демалысы – үскірік, аяз бен қар, басқан жері сықырлап, қыс келіп, әлек сал­ғанға» дейін жауапты кәсіп­орын­дар оларды жойып үлгере қояр ма екен?

Солтүстік Қазақстан облысы