Әйелін бес жасар қызының көзінше пышақтаған
Әйелін бес жасар қызының көзінше пышақтаған
Алматы тұрғыны Ирина Веденяпина бес жасар қызының көзінше жұбайының пышақпен шабуылдағаны туралы Instagram парақшасына жазды. Күйеуі оны түннің бір уағында аузынан алақанымен басып, мойнынан, ішінен пышақтай берген. 
«Бүгін мен барлық қорқынышымды жеңіп, 2022 жылдың 21 мамырында сағат 5.30-да Алматыда, біздің үйде қызым екеуміздің басымыздан кешкен сұмдық оқиғаны айтайын деп шештім. Қызым екеуміз бір бөлмеде, бір төсекте, жұбайым залда ұйықтап жатқан. Жұбайым мені пышақтағалы  жатқан сәтінде мен оянып кеттім. Ол бір қолымен менің аузымды басып, екінші қолымен кескілеп, мойныма пышақ сұғып жатты. Мен қарсылық танытып, айқайлауға тырыстым,  аузымнан қолын алып тастауға тырысып, жұлқындым. Біз еденге құладық, мен айналамдағы барлық нәрсені ұстай бастадым, бірақ ол мені жібермей, аузымды мықты ұстап, пышақты маған сұға берді», – деп жазды Ирина.
Әйел болған оқиғаны кісі өлтіруге ұмтылу деп санайды, бірақ іс денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабы бойынша сараланған. Ирина жұбайы оған тағы зиян тигізе ме  деп қорқады. Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаны "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша тергеліп жатқанын хабарлады.
«Бұл фактіні Бостандық ауданының Полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің қызметкерлері тексерді. Күдікті,  1993 жылы туған В. есімді азамат дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша сараланды. 2022 жылғы 19 тамызда қылмыстық іс материалдары айыптау актісімен Алматы қаласы  Бостандық ауданының сотына жіберілді», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.