Қаңтар оқиғасы: 117 адам бас бостандығынан айырылды
Қаңтар оқиғасы: 117 адам бас бостандығынан айырылды
Фото: jta.org
504
оқылды
Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. AstanaTV-ның мәліметінше, осы кезге дейін 16 мыңнан астам адамнан жауап алынып, 117 адам бас бостандығынан айырылды. Шамамен құны 350 миллион теңге ұрланған мүлік тәркіленіп, мыңнан астам қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. Оның ішінде 629 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілген.
ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов: «Бүгінде  579 адам сотталды. Оның 462-сін бас бостандығынан айырмаса да, жазаға тартты. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 117 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 14 сотталушыға қатысты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», – деді.
Ал 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, рақымшылық шарасымен шамамен 1,5 мыңға жуық адам қамтылмақ. Соның 878-інің ісі қамау мерзімін қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныспен сотқа жолданды. Оларға қатысты берілген жазалардың мерзімі қайта қаралмақ.
Бас прокуратура Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов: «Тергеу органдары сотқа дейінгі сатыда ауырлығы орташа қылмыс жасаған 5 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Қалған адамдар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады. Оларға рақымшылық сот қолданылады. Олар тағайындалған жазалардың мөлшерін қайта қарайды», – деді.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасы туралы кітап жарық көргенін хабарлаған болатынбыз.