Алматылықтар үшін қазіргі басты мәселе – экология болып тұр. Алдағы наурыз-сәуір айларында Самұрық-Энерго Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша дайындалған әзірлеменің алдын ала нәтижелерін алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Жоламанов Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде сөйлеген сөзінде айтты. Б.Жоламановтың айтуынша, Самұрық-Энерго қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне айрықша назар аударады. Алматы қаласының экологиялық жағдайына тигізетін теріс әсерді азайту үшін Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасын іске асыру басталды. ЖЭО-ны «ҚазҒЗЖИ Энергопром» тәуелсіз институты әзірлеуде. Жобаны іске асырудың бірнеше нұсқасы қарастырылуда. Олар: жаңа станса салу; ЖЭО-2-ні бу-газ қондырғыларын салу арқылы кеңейту; заманауи газ тазалаушы жабдықтарды орната отырып және отын ретінде көмірді пайдаланып, жұмыс істеп жатқан энергетикалық қазандықтарды қайта құру; жұмыс істеп тұрған стансаны газға көшіру. Осы нұсқалардың біріне таяу күндері таңдау жасалып, жұмыс жүргізіле бастайды. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ