Енді Smart Astana қосымшасы арқылы көмір алуға болады
Енді Smart Astana қосымшасы арқылы көмір алуға болады
284
оқылды
Smart Astana қосымшасында жаңа қызмет қосылды. Енді көмірдің бар-жоғын, қай жерден сатып алуға болатынын, қандай бағада және қандай көмір екені жайында толық мағлұмат алуға болады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Қазір мобильді қосымшада көмірдің 5 түрі бары және 16 сауда нүктесі көрсетілген. Әкімдіктің хабарлауынша, көмірдің бар-жоғы туралы күнделікті ақпарат жаңартылып отырады. Оның нақты мәліметін «Астана қаласының Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ береді. Smart Astana қосымшасын Play Market пен App Store платформаларынан мына сілтеме https://onelink.to/nkzfxa арқылы жүктеп алуға болады. – Жалпы, біз жаққа, яғни Сарыарқа ауданына газ тартылған. Бірақ ақшаның жетіспеушілігінен әлі қосқанымыз жоқ. Былтыр қыс бойы Қаражамбастың көмірін алып шықтық. Айына бір рет Мясокомбинат жаққа барып, үлкен қапта оралған 1 тонна көмірді 25-30 мыңға алғанбыз. Smart Astana жұмысымызды жеңілдетті. Бүгін ғана қосымшадан көмірдің арзанын таптым, – дейді Астана тұрғыны Саягүл Жүнісова. Smart Astana арқылы баға мониторингі онлайн форматта жүргізіледі. Оған қоса, көмірдің жеткізу уақытын көру мүмкіндігі бар. Тіпті, үйіне жақын мекенжайды таңдауға да болады. – Өзім қалада тұрамын, ал әке-шешем қала маңында Қараөткелде тұрады. Ол жаққа әлі газ тартылмады, сол себепті от жағып отыр. Қыз баласы болған соң, үйге көмір алудың машақаты көп болатын. Мына қосымшаны көріп, қуанып отырмын. Жұмыста-ақ ұнаған көміріңді, қалаған бағада ала аласың. Оның үстіне, қызмет көрсетушінің байланыс телефондары көрсетілген.  Соған хабарласып едім, көмірді жеткізіп беретін болды. Басқасын білмеймін, бірақ өзім үшін таптырмас құрал, – дейді Әсел Ержанқызы. Егер қандайда бір себептерге байланысты түсініксіздік туындаса, Smart Astana мобильді қосымшасында пікір қалдыру не шағым жазуға мүмкіндік жасалған. Айта кетейік, елордада қаланы газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Алматы және Сарыарқа аудандары газға толыққанды қосылған. Атап айтсақ, Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс (оң және сол жағы), Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, сондай-ақ Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігі. 680 шақырымнан астам газбен жабдықтау желісінің құрылысы аяқталды, кварталішілік желілер тартылды. 6 мыңнан астам үйгет газ қосылған. Қалған Байқоңыр және Есіл (кварталішілік желілер – 2023 жылы) аудандарында газ құбырын салу жұмысы жүріп жатыр.