Абай облысының Семей қаласы мен Үржар ауданында мүгедектігі бар балаларға арналған спорт секциялары ашылды. Облыс әкімдігі мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, оның аясында Үржар ауданындағы Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы және Семейдегі Экономикалық лицей базасында бочча спортының паралимпиадалық түрі бойынша спорт секциялары ұйымдастырылады. Ол жерде тіпті тірек-қимыл аппараты ауыр зақымданған балалар мен жастар спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ қоғамдық қор осы орталық қабырғасында психикалық кемістігі бар балаларға бейімделген футбол және инклюзивті хореография бойынша тегін секцияларды ұйымдастыру үшін «Жарқын болашақ» даму орталығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасауды жоспарлап отыр. Әр секцияда жаттығулар аптасына екі рет өтеді, әр топта 10 баладан болады. Жыл бойғы жаттығулар балаларға физикалық және психикалық денсаулықты жақсартуға, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және әлеуметтік оқшаулануды жеңуге мүмкіндік береді. Мұнымен қатар ерекше жоба аясында Абай облысының балалары алғаш рет спорттық жарыстар мен би байқауларына қатыса алады, арасындағы үздіктері 2023 жылғы маусым айында Астанада өтетін Children Paralympic Games инклюзивті спорт фестивалінде өз облысының намысын қорғайды. Жоба аясында «ерекше» балалармен жұмысқа тартылған жаттықтырушылар бейімделген денешынықтыру бойынша тегін оқытудан өтеді, сабақтарды ұйымдастыру үшін оқу-әдістемелік сүйемелдеу мен арнайы спорттық құрал-жабдықтар алады. Жаттықтырушылардың еңбекақысы, оларды бейімделген денешынықтыру бойынша біліктілігін арттыру, секцияларды арнайы спорттық жабдықтармен және оқу-әдістемелік бағдарламалармен қамтамасыз ету жөніндегі барлық шығынды «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры көтеретін болады.
Б.ИКРАМОВА