Қарттық қамсыз болсын десек...
Қарттық қамсыз болсын десек...
© коллаж: Әсел Балтақызы
421
оқылды
Зейнетақы жүйесін үлкен сынақ күтіп тұр. «Атамекен» палатасының қуатты қарсылығы кесірі­нен жұмыс берушілердің қызметкерлер зейнетақысы жинағына қосатын 5% жарнасын енгізу ақыры 2024 жылға ысырыл­ды. Бұған әйелдердің зейнеткерлік жасының уақытша төмендетілуі жамалып, зейнетақы саласына қомақты салмақ түскелі тұр. Салдарынан бүгінде зейнетке шығып жатқандардың өзі тым төмен зейнетақы тағайын­далғанына шағымдана бастады. Бұл сала күйреуі мүмкін бе? Болашақ зей­нет­керлерді не күтіп тұр? Тоқыраған салада жаңалық көп Парламент «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік жастар сая­саты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдаудың ақтық кезеңіне шықты. Мәжіліс депутат­тары оны толық мақұлдады. Құ­жат­ты жоғарғы палата қарауына алды. Атауы жастар туралы болғанымен, ондағы ірі жаңалықтардың басым бөлігі қарттарға қатысты. Мысалы, заң жобасына енгізілген нормаларға сәйкес, біріншіден, ең төмен ба­залық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жеткізіледі. Екіншіден, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшері 120 пайызға дейін артуы тиіс. Үшіншіден, әйелдер үшін зей­неткерлікке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалды­ры­лады. Бұрын олар 58 жастан зей­нет­кер атанатын. Алайда «Зейнетақы­мен қамсыздандыру туралы» заң бойынша 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасы жыл сайын 6 айға кө­теріліп отырды. Нәтижесінде, бұл меже 2018 жылғы 1 қаңтарда – 58,5, 2019 жылы – 59, 2020 жылы – 59,5, 2021 жылы – 60, ал 2022 жылғы 1 қаңтарда 60,5 жасқа жетті. Аналар талабына құлақ асып, Президент тоқтатпағанда, бұл қарқынмен, 2027 жылғы 1 қаңтарда әйелдердің зей­нетке шығу жасы ерлермен теңесіп, 63 жасқа жоғарылайтын еді. Заң жобасындағы төртінші жа­ңалық – жұмыс берушілердің мін­детті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) енгізу 2024 жылға ше­герілді. Әйтпесе, оны 2023 жылы қолданысқа енгізу жоспарланған. Депутаттардың байламынша, бұл дағдарыс қысқан күрделі заманда компаниялардың еңбекақы қорына түсетін жүктемені ауырлатпау үшін жасалды. Бұл ретте ЖМЗЖ бүкіл көлемі бірден жиналмайды: жарна ставкасын 2024 жылы 1,5%-дан бастап, 2028 жылға дейін 5%-ға бірте-бірте көтеру бекітілді. «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасы осы тетіктен мүлдем бас тар­туды талап етіп, қарсылығын жал­ғастырды. Бірақ Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі де қасарысып бағуда: жұмыс берушілер қосымша жарна қоспаса, онда болашақта тіпті өмір бойы еңбек еткен, жарна аударған жұмыс­кер­лердің де зейнетақысы өте аз болады. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) – Қазақстанның жинақтаушы зей­нетақы жүйесінің жаңа құрауыш-компоненті. Ол туралы он жылдай сөз болды, қабылдата алар емес. Бас­тапқыда 2020 жылғы 1 қаңтарда күшіне мінуі тиіс еді. Алайда 2019 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған, зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасын түзеткен заңда 5%-дық ЖМЗЖ енгізудің жаңа датасы ре­тінде «2023 жылғы 1 қаңтар» белгі­ленді. Соған дейін Үкіметке бизнес өкілдерімен, сарапшылармен келі­сімді ортақ шешімге келу жүктелді. Әйткенмен, тараптар уағдаластыққа қол жеткізе алмаған көрінеді. Зейнетақы жүйесіне сенім кеміді «Атамекен» ҰКП төралқасының мүшесі, ұлттық палатаның Алматы қаласындағы өңірлік кеңесінің төр­ағасы Максим Барышевтің ай­туынша, бизнес орта басқа жолды ұсынады: мемлекет кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, кәсібін дамытып, өркендетуге жағдай жа­сауы қажет, ал оның өтемі, қайта­рымы ретінде жұмыскерлердің жа­лақысын арттыруды талап ете ала­ды. Соның арқасында ресми түрде еңбек ететін азаматтардың БЖЗҚ-ға аударатын жарналары 5% емес, одан көпке ұлғаяды. Ал мемлекет тарапынан қамқорлық жасамай, жай ғана жарна аударуға міндеттесе, жұмыс берушілер қосымша шы­ғыннан құтылу үшін не штат санын қысқартып, ұжымын аутсорсинг пен аутстаффинге шығарады немесе жалақының ресми бөлігін азайтып, қалғанын конвертпен, жасырын беруге көшуі мүмкін.
«ЖМЖЗ-ны енгізуге қарсымыз. Біз, жұмыс берушілер, қазірдің өзін­де әртүрлі мемлекеттік қорлар мен бюджетке 6 түрлі жарна аударамыз. Жетіншісі қосылса, онда жарна-аударымдардың жиынтықты үлесі еңбекақы қорының 42 пайызынан асып кетеді. Президент 2019 жылы бұл тетікті кейінге ысырғанда, Үкі­метке 2023 жылға дейінгі аралықта болашақ зейнеткерлер мен жұмыс берушілердің мүдделерін таразыға тең тартып, әртүрлі нұсқаны пы­сықтап, ортақ тоқтамға келуді тап­сырған еді. Ортақ ымыраға келе алмадық», – деді ҰКП өкілі.
Ол зейнетақы жүйесінің жарға жығылуының бір себебі ретінде оған халық сенімінің төмендігін атады. Қаржылық сауатты азаматтар ай сайын БЖЗҚ-дан келетін кө­шірмеден жалақыларынан ауда­рылған жарна-жинақтарының өсу орнына инфляцияға жем болып жатқанын көріп, көңілі қалады. Қордың инвестициялық табысы инфляцияны да жаппайды.
«Жұмыс берушілер түгіл, тіпті қызметкерлер де өз жалақысының 10%-ын БЖЗҚ-ға аударуға қарсы. Өйткені бүкіл зейнетақы жүйесіне деген сенім жоқ. Ұлттық банктің ресми мәліметінше, биыл да зей­нетақы қоры шығынға отырды. Ол шығын болашақ зейнеткерлер ара­сында бөлінеді. Мұның сыртында қазақстандықтардың қордағы ақ­шасы ел экономикасын гүлдендіруге көп үлес қоспайды, шетелдегі қар­жылық құралдарда сақталады, шет мемлекеттер мен жатжұрттық ком­паниялардың құнды қағаздарына инвестицияланған. Солардың эко­номикасын өркендетеді. Ал одан түсетін табыс банк депозиттерінің сыйақысынан да аз. Онда жарнаны 5 пайызға арттырғаннан не пайда? Тек шетелге аударылатын қаражат артар. Сондықтан бүкіл зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалау қа­жет», – деді Максим Барышев.
Шынында, егер зейнетақы ак­тивтері салынған шетелдік құрал­дардың табыстылығы 7%-дан төмен болса, яғни Қазақстандағы қазіргі 17,7% инфляцияның тырнағына татымаса, оның үстіне өз Отаны­мыздың емес, өзгенің экономи­ка­сын дамытуға қызмет етсе, қазақ­стан­дық­тардың мұндай зейнетақы жүйесіне сенімі, ықыласы қайдан болсын? зейнетақы Соңғы кезде азаматтардың БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінен артылған жинақтарын баспана алуға, емделуге пайдалана алмау оқиғалары көбейген. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да, Отбасы банкі де әрнені сылтауратып, бас тартады. Тұрғын үй жағдайларын жақсартқысы келген 795 021 адам­ның өтініші кері қайтарылған. Бұ­дан бөлек, арнайы есепшотына ақша түскенімен, 202 867 адам 456 миллиард 653 миллион теңге басы артық жинақтарын іске жарата алмады. Себебі жинақ иесі нарықтан қолайлы пәтерді тапқанымен, оның өтінішін БЖЗҚ 5 күн, Отбасы банк екі күн қарайды. Ал үй сатушыға қа­ражатты аудару тағы 10 күнге со­зылуы мүмкін. Күте-күте шаршаған сатушылар жиі айнып қалып, толық ақшаға сатып алатын басқа адамның ығына жығыла салады. Сонымен бірге арнайы шотқа түскен қара­жат­ты қолдану мерзімі 45-тен 20 күнге дейін азайтылды. Осы аралықта нарықтан қалауға сай жаңа баспа­наны табу күрделі. Зейнетақы жарнасына емделуге қатысты жағдай да мәз емес: 210 571 адамның өтініші қабылданбаған. Арнайы шотына жинағы түскен 62 989 өтініш иесі 31 млрд 920 млн теңгесін ем-дом шараларына жарата алмай, қаражат БЖЗҚ-ға кері орал­ған. Осылайша, халық арасында ең танымал президенттік бағдарла­маның адымы ашылмай тұр. Бұл да халықтың зейнетақы жүйесіне деген сеніміне селкеу түсіреді. Егер жалақысынан ұсталатын жарнаны ертең баспана алуға не емделуге қолдана алатынына, сондай-ақ ол жинағының қарқынды өсеріне се­німді болса, азаматтар жарна ауда­руға аса ынталы, құштар болар еді. Қариялар неге қайыр сұрайды? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұстаны­мынша, зейнеткерлер алдында тек мемлекет пен жұмыскер ғана емес, жұмыс берушілер де жауапкершілік алғаны жөн. Нәтижесінде, болашақ зейнеткердің зейнетақысы оның БЖЗҚ-ға жарнасынан, жұмыс бе­рушісінің жарнасынан және мемле­кеттік төлемнен құралады. Алайда әзірге жұмыскерлердің жарнасын зейнетақы қоры көбейту орнына рәсуалауда. Жұмыс берушілер 5 па­йыздық ЖМЗЖ төлеуден түрлі сылтаумен жалтаруда. Мемлекеттік төлемдер болса, азая бастамақ: Қа­зақстан кеңес кезінен келе жатқан ынтымақты зейнетақыдан бас тарт­қалы тұр. Бұған қоса, министрлік таяуда республиканың 2028 жылы базалық зейнетақыны төлеуді де тоқтататынын мәлімдеді. Бұл 2030 жылға дейінгі Зейнетақы жүйесін ары қарай жаңғырту тұжырым­дамасында көзделген. Базалық зей­нетақы орнына ең төменгі кепіл­дендірілген зейнетақы енгізіледі деп жоспарланған. Бірақ зейнетақы жүйесі жаңғырмай, дағдарса, сол ең төменгісіне Қазақстан азамат­та­рының көбінің күні қарап қалуы мүмкін. Ғұмырының 40 жылын ұстаз­дыққа арнаған ақтөбелік педагог Гүлнәр апай 2017 жылғы шілдеде жасы бойынша зейнетке шығыпты.
«Бастапқыда тағайындалған зейнетақы көлемі 40 мың теңгеден сәл ғана асты. Неге аз деп байқасам, Қарғалы мектебінде физика мұ­ғалімі болып істеген жылдарым кір­мей қалыпты. Салдарынан зей­нетақым ең төменгі шамаға түскен. Қазір қолыма 78 мың теңге зей­нетақы аламын. Бұл қымбатшылық заманында өте аз. Қарттар күніне әлдебір төлемдер жасайтын еді, бүгінде ол да жоқ. Кейде көшеде қайыр сұрап тұрған қарияларды көргенде, адамдар: «қазір пенсия жоғары ғой, несіне жетпейді осы­лар­ға» деп күстәналап жатады. Шы­нында, біразымыздың зейнетақы­мыз тым аз. Әрі дәрі де қымбаттады», – дейді Гүлнәр апай.
Еңбек министрлігі оның ша­ғымы негізінде тексеру жүргізіпті: нәтижесінде әлеуметтік төлем есеп­­темелері дұрыс деген қо­ры­тындыға келген. Яғни, ол кісінің зейнетақы төлемінің көлемін өзгертпейді. Министр Тамара Дүйсенова 2022 жылғы қыркүйекте Үкіметке зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралардың жаңа топтамасы ұсынылғанын мәлімдеді. Оған сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, ынтымақты зейнетақыны есептеуге арналған ең жоғарғы табыс көлемі қазіргі 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке (189750 теңгеге) дейін көтеріледі. Бұл қазіргі және жаңа зейнеткерлердің бәріне қа­тысты. Министрдің сендіруінше, қабылданатын шаралар 2025 жылға қарай жиынтықты зейнетақыны орта есеппен 27% өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі аралықта төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс шегі мөлшерінің 54%-ынан 70%-ына дейін жеткізу жоспарланған. Бірақ мұның бәрі – уақытша, космети­калық шаралар. Егер сала сауық­тырылмаса, онда зейнетақы ары қарай құлдырай жөнелуі мүмкін. Ендеше Үкімет жұмыс берушілермен келісімге келіп, жұмыс істейтін аза­маттарға біріге қамқорлық жасағаны абзал. Олай болмаса, Қазақстан болашақта зейнеткерлерінің көбі көшеге шығып, қол жаятын елге айналуы кәдік.