Қатыгез әдіске тоқтам бар ма?
Қатыгез әдіске тоқтам бар ма?
7,210
оқылды
Биыл қаңтар айында Аты­рау­да ана өлімі тіркелді. Оған «іштің жабық жарақаты, ұйқы бе­зінің зақымдануы» деген диаг­ноз қойыл­ған. Алайда Гүл­дана Хинатулланың күйеуі аку­­­шер-гинекологтардың әйе­ліне кристел­лер әдісін қол­дан­ға­нына сенімді. Қазір сот­қа дейінгі тексеру жұмысы жүріп жатыр. Ал кристеллер әдісі де­геніміз не? Неліктен дә­рі­­герлер әйел ағзасына осынша зиян ке­­ле­тінін біле тұра мұндай қадамға барады? Зардабы ауыр әдіс Медициналық энциклопедияда кристеллер әдісін акушер «босанудың екінші кезеңінде әйелдің ішінің алдыңғы қабырғасы арқылы жатырды жо­ғарыдан төменге қарай басады» деп көрсетілген. Өткен ғасырда ойлап тапқан әдісті баланы құтқару­дың жолы деп түсінген. Яғни, баланың басы көрін­генмен, ана өздігінен босана алмаса акушер араласуы арқылы ішінен басқан. Кейіннен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы БҰҰ-мен бірігіп, аталған әдісті протоколдан алып тастады. Қазір әлемнің көптеген елінде кристеллер әдісіне тыйым салынған. Бірақ ТМД елдерінде бұл әдісті әлі күнге қолданады. Мұны басылым беттерінен оқып жүрміз. Жасыратыны жоқ, Қазақстан перзентханаларында да жағдай солай. Мәселен, кейіпкеріміз, Шым­кент қаласының тұрғыны Жанар Ахметова акушер-гинеколог алты баласын да босанарда осы әдісті қолданғанын айтады.
«Бұл әдістің кристеллер деп аталатынын білмедім. Барлық ба­ламда дәрігерлер осы әдісті қол­дан­ды. «Күшен, баланың басы шықпай тұр» деп ішімнен, екі қабырғадан басты. Әлі де ауырады. Қазір асқа­заным ауыр тамақты көтермейді. Меніңше, бауыр мен бүйрекке сал­мақ түсетін сияқты. Асқазанымдағы ауырсынуды айтып дәрігерге ша­ғымданғанымда нақты диагноз қоя алмады», – дейді ол.
Ал жоғарыда жазған Атыраудағы жағдайда сот-медициналық сарап­тамада келіншек асқынған геморра­гиялық шок жағдайында ұйқы безінің, көкбауыр артериясы мен тамырының жарылуы салдарынан ішке қан кетуі себепті көз жұмған деген қорытынды берген. Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолда­ғанымызда, аталған іс бойынша мә­лімет сотқа дейінгі тексеру жұ­мысы аяқталғасын жарияланатынын хабарлады. Әрі министрлік өкілдері елімізде кристеллер әдісі қолданыл­майтынына, соның салдарынан өлім жағдайы тіркелмегеніне кепілдік беріп отыр. Ал акушер-гинеколог Аягөз Шо­йынбаева кейіпкердің жан тап­сыруына ішкі ағзаларына зақым келіп, үлкен қантамырының жырты­луынан қан кету себеп екені жайдан жай емесін атап өтті.
«Тыйым салынған кристеллер әдісі қолданған деп ойлаймын. Содан кейін қабырға сынып, басқа ағзалар езіліп, жыртылып, ішкі қан кету болған. Осылайша, тағы бір ана өлімі тіркелді. Кейде әйелдер «ішім­нен басып, баланың басын шы­ғармаған болса, сәбиім шетінейтін еді» деп жатады. Айтарым, алдымен өзіңіз өлім құшуыңыз бек мүмкін. Есіңізде болсын, іштегі баланың жүрек соғысы күрт өзгергенде вакуум экстракция бар. Егер бұдан да жағдай жақсармаса, кесарь тілігін жасайды. Вакуумды да, кесарь тілігін де ке­ремет дей алмайсың, бірақ кристел­лер әдісіне қарағанда зияны аз. Аталған әдісті ДДҰ босану кезінде қолданатын амалдар тізімінен шы­ғаруы жайдан-жай емес. Босанудан кейінгі жарақат, ана өлімі көбейген. Сондықтан акушер-гинеколог осын­дай әдіс қолдануға ниет білдірсе, бірден бас тартыңыз. Дәрігермен жауапкершілікті 50/50 бөлісіңіз. Өйткені дәрігер жауапкершілігі заң жүзінде ғана. Сол үшін физикалық және рухани түрде босануға да­йындалыңыз. Сізді қабылдап алған акушер-гинекологпен толғақ ба­рысында кеңесіп, жедел жағдайда қандай әрекет қолданатынын біліп алыңыз», – дейді акушер.
Байқағаныңыздай, перзент­ханада осындай әдісті қолданар болса, қарсы шығып, шағым түсіре аласыз. Министрліктің мәліметінше, барлық босандыру мекемесінің қабылдау бөлімі дыбыс жазатын құрылғысы бар бейнекамерамен жабдықталған. Яғни, құқығыңызды барынша қорғай аласыз. Әрине, аудан орталығы мен кей облыс бө­лімшесінде мұндай бейнекамера болмауы мүмкін. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, перзент­ханадағы бейнежазбаға оңай қол жеткізе алмайсыз. Соған қатысты адвокат сауалын жолдау керек не сот шешімін күтесіз. Содан кейін ғана құзырлы орган тексеруді бастайды. Шалғай жердегі жағдай Елімізде ана мен бала өлімі жиі тіркелетінін Президент те атап өткен еді. Денсаулық сақтау министрлігінен кейінгі үш жылдағы статистиканы сұрағанымызда, биыл он айдағы көрсеткіш бойынша жағдай тұрақ­танғанын мәлімдеді. Мәселен, 2021 жылғы көрсеткіш 2020 жылмен са­лыстырғанда 22,6%-ға өскен. Яғни, былтыр 100 мың тірі туғандарға шақ­қанда 44,7% өлім-жітім тіркелген. Ал 2020 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 36,5% көрсеткішке жет­кен. Айталық, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл ана өлім-жітімі көрсеткіші 3,3 есеге азайған. Тарқатып айтқанда, 100 мың тірі туғанға шаққанда 47,3-тен 14,4-ке дейін төмендеген. Аталған статистиканы барынша түсінікті етіп жазуға тырыстық. Министрліктен шынайы цифр бе­руін сұрағанымызда, абсолютті көр­сеткіштен ары аса алмайтынын мәлімдеді. Мысалы, жоғарыдағы «2021 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 44,7% өлім-жітім тіркел­гені» туралы мәліметті аталған жылы перзентханаға түскен әйелдің 50%-ға жуығы қайтыс болған ба деп жорығанымыз рас. Дегемен бір жылда 45 мыңға жуық ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Ондай жағдай қалыптасса, медицина саласы апатқа ұшырағанмен бірдей еді. Демек, министрліктегілер есеп-қисапты да дұрыс жасамайтынға ұқсайды. Қыс­қасы, нақты цифр жоқ. Алайда министрлік жүрексін­генімен, өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдары жағдайды ашық жариялап жүр. Мәселен, Қызылордада кейінгі үш жылда ана өлімі көрсеткіші тө­мен­деген. 2020 жылы – 12 жағдай, 2021 жылы – 10, 2022 жылы бес өлім де­регі тіркелген. Былтыр Шымкент­тегі қоғамдық кеңесте ана мен бала өлімі бес есеге көбейгені туралы мә­селе көтерілген-ді. Демек, мега­полисте де, өңірде де перзентханаға келгенде жағдай мәз емес. Шым­кенттегі пе­ринаталды орталық жүк­тілігі ауыр түрде өтетін әйелдерді қабылдауға қауқарсыз. Астанадағы «Ана мен бала» орталығына батыстан да, шығыстан да жүктілігі ауыр өте­тін әйелдердің ағылатынын білеміз. Өйткені орталық заманауи техни­камен жабдықталып, білікті дәрі­герлер қызмет етеді.
«Жаркенттегі перзентхананың жағдайы нашар. Бас дәрігер, акушер-гинекологтарға ақша бермесең, халің мүшкіл дей беріңіз. Тұңғышымды өмірге әкелгенде маған да кристеллер әдісін қолданды. Бұрын әйелдерден баланы іштен басу арқылы босан­дыратынын жиі еститінмін. Өзіме келгенде «ауырды» деп айтқанымда, «шыдайсың, босану оңай емес» деді. Баланың басы қысылып, жүрек қағысы нашарлап бара жатқанын айтып, қатты басты. Ал екінші ба­ламды босанғанда жауапты дәрігер тіпті келген де жоқ. Кезекші аку­шер­дің арқасында балам аман қалды. Жаркентте босануға дайындайтын мектеп те жоқ. Емханада босануға да­йындайтын арнайы бөлім бар дей­тіні жай сөз ғана. Оған көзім жеткен. Бірде кезекті тексеруден өтуге бар­ға­нымда емханаға тексеру келген екен. Сонда акушер-гине­ко­лог босануға дайындайтын бөлімге келіп, үйрену­ге болатынын айтты. Келесі күні барғанымда, кабинет жабық тұрды. Содан-ақ бәрі қағаз жүзінде екенін түсіндім. Аймақтағы перзентхана жағдайына ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ», – дейді Нигара Алимжанова.
Ал министрлік «Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен бекітілген этика және деонтология кодексі барын алға тартты. Егер перзентханада әйел­дерге психологиялық қысым жа­сау жағдай­лары болса, Еңбек ко­дексіне сәйкес әкімшілік шара қолданылады. Со­нымен қатар жыл сайын медициналық қызметкерлер­ді коммуникативтік дағдылар бо­йынша оқытуға жібереді. Осы орайда адвокат Бауыржан Азанов дәрігердің де, емделушінің де агрессия көрсетуіне болмайтынын, сондай жағдай болғанда белгілі мекемеге арыз жазу керегін атап өтті.
«Медицинада арыз-шағымды қабылдайтын арнайы мекеме бар. Ол – медициналық және фарма­цев­тикалық бақылау комитеті. Дәрі­гер­лердің медициналық этика және деон­тология кодексі тағы бар. Егер перзентханада болсын, емханада болсын дәрігер тарапынан агрессия болса, алдымен аурухана басшы­лығына шағымданыңыз. Әрбір ай­мақта Денсаулық сақтау басқармасы бар. Емхана басшысы жағдайды рет­тей алмаса, аталған басқармаға ба­­расыз. Басқарма мәселені шеше ал­­маса, жоғарыдағы бақылау коми­тетіне шағым түсіріңіз», – деді адвокат.
Еліміздегі перзентханалар «Қа­уіп­сіз ана» бағдарламасымен жұмыс істейді. Мұнда босанатын және босанған анаға толық мәлімет беру мен шұғыл көмек түріне дейін нақты жазылған. Бірақ кейіпкерлердің сөзін­ше, бәрі – қағаз күйіндегі іс. Шын­туайтына келгенде, өңірдегі пара алу, агрессия, ана мен бала өміріне бей-жай қарау басым. Одан бөлек, сауалнама жүргізгенімізде әйелдердің 75%-дан астамы крис­теллер әдісі туралы білмейтінін бай­қадық. Яғни, ақпарат алу да, беру де жолға қойылмаған. Тәжірибелі гине­кологтар айтқандай, босану процесі дәрігерге, сосын әйелдің өзіне бай­ланысты екенін ұмытпаған жөн.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ