Оралда паллиативті орталық ашылды
Оралда паллиативті орталық ашылды
Орал қаласында алғаш рет «Аманат» атты паллиативті көмек көрсету орталығы ашылды. Жаңа нысан мамандандырылған емдеу шараларын жүзеге асыруға немесе созылмалы аурулардың түрлі нозологиялық түрлерімен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Дәрігерлік нысанды белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов өз қаржысына салып, пайдалануға тапсырған екен. Жаңа орталықтың ашылуына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мұндай орталық­тың қажеттілігі жылдан-жылға артып келеді. Өйткені БҚО бо­йынша жылына обыр ауруына алғаш рет шалдыққан 1400-1450 науқас анықталады. Ал оның кем дегенде 15,3%-ы аурудың соңғы ке­зеңдерінде жүрген адамдар. «Ама­нат» паллиативті көмек көр­сету орталығының ашылу сал­танатына келген БҚО әкімі Ғали Есқалиев бұл меценаттық көмек­тің арқасында ашылған облыс­тағы алғашқы жеке орталық еке­нін атап өтті.
«Осыдан үш жыл бұрын об­лыстық онкология диспансерінің директоры паллиативті көмек көрсету мәселесін көтерген еді. Сол кезде Facebook әлеуметтік желісі арқылы өңірімізде осындай хоспис салу қажет екенін айтып, инвесторларды іздеген едік. Бүгін осы идея жүзеге асты. Облыста алғаш рет жеке хоспис ашылып отыр. Ең алдымен, орталықтың ашылуына мұрындық болған жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Тұрарбек Тілемісұлына батысқазақ­стан­дықтардың атынан алғысымды білдіремін. Жаны жомарт жан апатты жағдайдағы ғимаратты сатып алып, толықтай қайта жөн­деуден өткізді. Орталықты ме­ди­циналық заманауи құрал-жаб­дықпен қамтамасыз етті. Осы игі іске 400 млн теңгеге жуық қара­жа­тын жұмсады. Паллиативті көмек – денсаулық сақтау жү­йесінің көпшілік біле бермейтін қызметінің бір түрі. Хоспис жа­ман ауруға шалдыққан науқастар мен олардың тума-туыстарына психологиялық, рухани көмек көрсетеді. Дертіне дәру іздеуден, шипасы жоқ кеселмен күресуден шаршаған науқастарға өмірінің соңын жайлы өткізуге мүмкіндік береді. Науқастарға жан күйзелісі мен тән азабын жеңілдетуге барынша қолдау білдіреді. Біздің облыста әр салада мүмкіндігінше көмек қолын созып жүрген жо­март жандар көп. Бірақ бүгінгі жоба ауқымды мәселені жүйелі шешудің нәтижесінде жүзеге асты. Бұл – бір-екі адамға емес, көп жанға қолдау, демеу болатын жоба. Кәсіпкердің игі ісі көпке үлгі деп білемін. Облыстағы кә­сіпкерлерді осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ша­қырамын. Осындай жобалар ар­қылы біз тұрғындардың, елдің мәселесін шешіп, алға дами бе­реміз деген үміттемін, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
паллиативті орталық Кәсіпкер Тұрарбек Тілемісұлы өзінің жеке қаражатына салған «Аманат» орталығын облыстық Онкологиялық диспансерге қай­тарымсыз пайдалануға беріп отыр. Меценат ескі ғимаратты еуростандартқа сай жөндеп, қа­жетті құралдармен жабдықтап, дербес жылыту қазандығын іске қосқан. Үшкісілік әр бөлмеде то­ңазытқыш, жылу баптағыш, ван­на мен әжетхана бар. Орталық 31 науқасқа есептелген, яки 3 кісілік 9 палатадан тұрады. Сонымен қатар әрқайсысы біркісілік 4 сер­вистік палата жабдықталған. Онда ақылы ем алатындар жа­тады. Ал науқастарға күтім жасай­тын тума-туысқа арналған үш орындық палата бар. Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 936,8 шаршы метр. Мұнда өз-өзіне күтім жасай алмайтын ауыр халдегі науқастарға тәулік бойы медициналық-психологиялық көмек беріліп, рухани қолдау көрсетілмек.
«Науқастар ауырсыну сезім­дерін басу үшін, жалғыздықта қалмауы үшін немесе қор­қы­ныштарын сейілту мақсатында осы жерге жүгіне алады. Бұл жер­де әлеуметтік-психоло­гия­лық, фи­зикалық және рухани көмек көрсетілетін болады. Паллиа­тивтік көмек пациенттердің ғана емес, олардың отбасыларының да жайлылығы үшін жасалады. Өйт­кені науқасқа күтім жасау үшін жақындарының уақыты бола бермеуі мүмкін. Болмаса, бастап­қыда ауру адамға күтім жасау үшін моральдық дайын болмауы ық­тимал. Ал ауыр науқастарға күтім жасайтын отбасылар тым қажып кетпеуі үшін осы жерден әлеу­меттік демалыс ала алады», – дей­ді Батыс Қазақстан облыстық Онкология диспансерінің дирек­торы Зейіл Мағзомов.
Диспансер басшылығының айтуынша, осы клиникалық топ­тағы барлық науқасқа пациент­тердің өмір сүру сапасын жақ­сарту мақсатында паллиативті симп­томатикалық көмек таға­йын­да­лады. Мәселен, 2013 жыл­дың нау­рыз айында онкология­лық диспансерде 10 төсекорны бар паллиативті көмек бөлімше­сі ашылған екен. 2021 жылдың ақ­пан айында бөлімшедегі ке­реует саны 25-ке дейін артқан. Бүгінгі күнге дейін осында 3030-дан астам науқас ем алған. Был­тыр паллиативті көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 40,0 млн теңге бөлінген, ал биыл пал­лиативті көмек көрсетуге 46 млн теңге бағытталды. Биылғы 10 ай­да 560 науқас емделсе, былтыр бұл аралықта 475 науқас ем алған екен. Енді жаңадан ашылған ең­селі орталықта 20 қызметкер жұ­мыс істейтін болады. Ал Он­ко­логиялық диспансердегі 25 науқас осында көшірілмек. Тағы бір айта өтерлігі, меценат жан ғи­маратты күтіп ұстау мен ком­муналдық шы­ғындарын өз мой­нына алып отыр.
«Бұл әлеуметтік жобаны көп­тен бері жүзеге асыру жөнінде ойлап жүр едім. Өйткені осы қа­лада ер жеттім, бүгінде кәсіп­кер­мін. Маған қарасты бірнеше нысанда 1500-ден астам адам жұмыс істейді. Облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлына осындай ұсыныс айтқаны үшін ризашы­лығымды білдіремін. Хоспис жөнінде түрлі ақпараттармен та­нысып шықтым. Осылайша, ел игілігіне арналған орталық іске қосылды. Науқастар мұнда өмі­рі­нің соңғы күндерінде сапалы кү­тім, рухани демеу көреді деп се­немін. Біз, кәсіпкерлер, халық­тың арқасында көтеріліп, бизне­сімізді дөңгелетіп отырмыз. Енді біздің де халыққа қолдау көрсе­туіміз керек», – дейді атымтай жо­март Тұрарбек Тілемісұлы.
палата Салтанатты шарада медици­налық қауымдастық атынан об­лыстық Онкологиялық дис­пан­сердің бөлім меңгерушісі, ме­ди­цина ғылымдарының канди­даты Тайман Аманов сөз алып, облыс әкімі мен жомарт кәсіп­керге дис­пансердің ұжымы аты­нан алғыс айтты. Оның сөзінше, соңғы отыз жылда онкологиялық аурулар 25-30 пайызға артқан. Соған бай­ланысты бүкіләлемдік стандартқа сай қатерлі дертке шал­дық­қан­дарға 4 түрлі меди­циналық көмек көрсетіледі. Со­ның бірі осы пал­лиативті көмек екен.
«Егер емдеу мүмкін болмаса, бұл науқасқа көмек көрсетуге болмайды дегенді білдірмейді. Хоспис түріндегі паллиативті опе­рация – осындай негізгі меди­циналық көмектің бірі. Оның не­гізгі мақсаты – ауруды жеңіл­дету және өзгедей сырқаттардың белгілерін азайту. Медбикелік күтім мен жақындарына қолдау көрсету. Паллиативті көмекке қатерлі ісік аурулары, бауыр аурулары, тыныс алу жолдары мен жүрек кінәраты, инсульттан кейінгі зардаптар мен ауыр дене жарақаттарына шалдыққан адам­дар мұқтаж боп келеді. Сон­дықтан бұл қазіргі жағдайда ашылып жатқан ғимарат біз үшін үлкен көмек. Осы игілікті іске ат са­лысқан облыс бас­шы­лығына, жаны жомарт кәсіпкер жерле­сі­мізге алғыс айтамын. Бұл меди­цина қызметкерлері­нің және кәсіпкерлер мен жер­гілікті бас­қару органдарының бір­лескен еңбегінің нәтижесі», – деді ол.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін жаңа ғимарат жа­ңаша бір сапалық деңгей болып тұр. Облыстағы алғашқы хоспис­те айықпас дертке шалдыққан, тө­сек тартып қалған немесе есін білмейтін науқастар өмірінің соңғы күндерін өткізеді. Салта­натты іс-шарада облыс әкімі жомарт жүректі меценатқа дәрі­герлер мен кәсіпкерлердің ха­лыққа біртұтас көмегін білдіретін естелік сыйлық, ал облыстық онкологиялық диспансердің ди­ректоры Зейіл Мағзомовқа сим­волдық мүсінше табыс етті. Облыс басшысы жаңа нысанды аралап, жұмысымен танысты.