Жарыққа жарымай отыр
Жарыққа жарымай отыр
© коллаж: Елдар Қаба
369
оқылды
Алматы облысының оңтүстік астана маңындағы аудандары ауыл­дарындағы жолдың на­шар­лығы, электрмен қамтама­сыз етудегі олқылықтар мен таза ауызсудың тұрақсыздығы тым өзектілігімен алаңдатады. Көшелерді абаттандыру мен жарық­тан­дыру да жиі мазалайды. Көктем мен күз­дегі жауын-шашынды күндері жина­латын судың жер таппай, көшелерді көлге айналдырып, аулаларды басып қалатыны тағы бар. Мұндай жағдайлар Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл, Еңбек­шіқазақ аудандарының Алматы қаласына жақын орналасқан аумақтарында кейінгі жылдары пайда болған елді мекендерде өте жиі кездеседі. Бұған атқарушы билік тарапынан бақылау болмай, құқық қорғаушылардың қадағалауы пәрменін жоғалтқан жылдары ауыл шаруашылығына арналған жерлердің нысаналы мақсатын жеке үйлер салуға арналған деп ауыстыру­дың жаппай етек алғаны және ауылдардың ешбір жоспарсыз, үйлердің жүйесіз салынуы да кері әсер етіп отырғаны анық. Осындайдың кесірінен қазіргі кезде іркес-тіркес бой көтерген үлкенді-кішілі елді мекендердің мыңдаған тұрғындарын жарықпен, сумен, газбен қамтуда проб­лемалар туындап, халықтың денсаулығын қадағалайтын медициналық мекемелер, балаларды оқыту мен тәрбиелеуге қажетті мектептер мен балабақшалар және қалың бұқараға тағы басқа да күнделікті қажетті қызметтер көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар тұрғызуға жер табу тым қиындап кеткен. Жер сату қызған жылдары көше­лер мен жолдардың бөлігі де жекеменшікке өтіп кеткеніне қатысты түсінбестіктер мен дау-дамайлар да соңғы кездері жиі көрініс бере бастады. Қарасай ауданындағы Алматыға таяу орналасқан Көктоған мен Көкөзек ауыл­дарындағы қара күзде жылусыз, жарықсыз отырған тұрғындардың күрделі жағдайы­ның себебін де сол жоспарсыз салынған елді мекендер мен халықтың жай-күйін ойлауға тиісті орындардағылардың жауап­сыздығынан іздеген жөн сияқты. Қазіргі кезде өмірді электр қуатынсыз мүлде елес­тете алмайсың. Өйткені адамдардың күн­делікті тіршілігі түгелімен токқа тәуелді. Жарық өшсе, үйлер мен көшелерді ғана қараңғылық басып қалмайды. Су кел­мейді, газ сөнеді. Су мен газ болмаған соң жылу да еріксіз тоқтайды. Тіпті, электр қуатының болмауы кесірінен адамдар өміріне қауіп төндіретін апатты оқиғалар да тіркеледі. Газбен жанатын қазандық жылу жүйелері жарылып жатады. Жоғарыда айтылған қос ауылда жарықтың жалп етіп өшуі аталған елді мекендер пайда болғалы жұртты мазалап келеді. Алайда биыл асқынып, қараша келіп қарасуық түскелі тым жиілеп кеткен. Жарықпен бірге газбен жанатын жылу қазандықтары да суиды. Құдықтан су соратын, айдайтын мотор да тоқтайды. Нақтырақ айтқанда, адамның күнделікті өмірі үшін аса маңызды дүниелердің бар­лығы біраз уақытқа болса да жоққа шы­ғады. Кей күндері жарты күндеп қараңғыда қамалып, дірдектеп отырғандардың ша­расы әбден таусылған. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен жасы жеткен қарияларға қиын. Тұрғындардың айтуын­ша, тиісті орындарға арызданудан кенде емес. Барлығы жүре жауап беріп, орынды-орынсыз сылтауларды айтып, барлығын «реттейтіндері» туралы қайталаудан танбайды. Тіпті, жарықтың жиі сөнуінің себебін де түсіндіре алмаған. Екі ауылды электр қуатымен қамтама­сыз етушілер жарық беруде жиілеп кеткен үзілістерді бірер апта бұрын ескі трансфор­маторды бұрынғыдан қуаттырақ, жаңа­сына ауыстыруымен, соған сай қазіргі кезде жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жат­қан­дығы­мен байланыстырады. Алдағы кезде тозығы жеткен ағаш бағандарды заманауи тіректерге айырбастайтынын, әзірге амалдай тұруға тура келетінін ай­тып, ақтала­ды.
«Компанияның қарауындағы барлық электр желілерінде жөндеу жүргізілуде. Ақауларға қатысты актілер толтырып, шаралар қолданудамыз. Қажетті жабдық­тар сатып алып, жаңалаудамыз. Дәл осы Көктоған ауылына қатысты айтар болсам, ескі ағаш тіректерді жаңалауды, 20 шақырымдық желіні күрделі жөндеуді қарас­тыратын жоба бойынша жұмыстар орындалуда. Сондықтан қазіргі үзілістер­дің мәжбүрлі және уақытша екенін түсінген жөн», – дейді «Алатау жарық» компаниясының Қарасай ауданындағы аймақтық энергетика қызметінің инже­нері Азамат Тезекбаев.
Елтай ауылдық аумағының әкімі Біржан Махатовтың айтуына қарағанда, ауыл көшелерін жарықтандыруға қажетті құжаттар толық дайын, алдағы жылға бюджет жоспарланып, өтінім тапсы­ры­лып­ты. Келер жылы Көктоған ауылының көшелерін жарықтандыру жұмысы жүзеге асырылады. Екі ауылға дейінгі және елді мекендердің ішіндегі жолдарға қатысты мәселелер де ретімен шешімін таппақ. Алдағы жылы жөнделуге жататын жолдар асфальтталады. Сонымен бірге жаңа мектеп салынып, оған дейінгі жолды толықтай жарықтандыру да жоспарланған. Қараңғыға қамалып отырған қос ауылдың электр қуатына жауаптылар мен басқа тірлікке қажетті жағдайларды жа­сау­ға тиісті тұлғалардың уәждері жоғары­дағыдай. Қалай болғанда да, Алматы қаласы маңындағы қазіргі кезде дербес ауылдарға айналған бір кездегі саяжайлар мен заманында егістік, бау-бақ болған алқаптарда пайда болған жаңа елді мекендердің мәртебесін тез арада анық­тап, бас жоспарларын жасау, оларда тұратын халықтың тұрмыстық жағдайын түзету жолдарын ойластыруды бұдан әрі кешіктірмеген жөн. Өйткені осындай елді мекендердегі адамдардың қалыпты тірлігін қамтамасыз етуге қажетті қара­пайым ғана жағдайлардан мақұрым қал­ған тұрғындарды толғандыратын проб­лемалар алға жылжыған уақытпен бірге асқынып барады. Осыдан біраз бұрын Іле ауданындағы атышулы Жомарт сая­жайында үлкен отбасындағы отағасы үш ұлымен бірге газға уланып қайтыс болуы, қала маңындағы ауылдарды көктей өтетін күре жолдардың бойында күнде балалар өліміне әкеліп соқтырып жатқан жол-көлік оқиғаларының жиілеуі – соның дәлелі. Бұдан бөлек, сусыз, жарықсыз, жылусыз, жолсыз отырған, тұрғындары балаларын көрші ауылдарға мектептерге тасымалдап, ауыра қалса, аудан орталық­тарына немесе қалаға сабылып жүрген елді мекендердің көптігі түбі әлеуметтік жарылыстарға апарары анық. Жалпы Алматы облысының орталығын Қонаев қаласына ауыстырудағы мақсат­тың бірі әрі бірегейі – облыстың Алматы қаласы маңындағы ауылдарындағы әлеуметтің әлеуетін арттыру, тұрмыстық мәселелерін шешу арқылы оңтүстік астанаға түсер жүктемені жеңілдету екенін де ескерген жөн.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы