Жаңа көпір қолданысқа беріледі
Жаңа көпір қолданысқа беріледі
Жақында Астана қаласы әкімдігі Ұлы дала даңғылында орналасқан автомобиль көпірін қолданысқа беріп, қуантқан еді. Енді елорда тұрғындары Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің үстінен жүретін күннің де ауылы алыс емес. Өйткені күні кеше құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан шаһар басшысы Алтай Көлгінов келер жылы көпірдің қолданысқа берілетінін жеткізді. Осы күні қаладағы көлік тас­қыны жыл­дан-жылға көбейіп келеді. Бұл өз кезе­гінде көпшілігі кеңес жүйесі жоба­сының не­гізінде салынған тар әрі қолай­сыз көшелердегі көлік кептелісінің ар­туына себеп болып отыр. Қала әкімдігі тұр­ғын­дардың талабын ескеріп, қалыптас­қан жағдайды шешуді қолға алған. Мә­селен, соңғы жылдары жол-көлік ин­фра­­құрылымын түбегейлі қайта құру мақса­тындағы кешенді ша­ра­лар қабылданып, оған сәйкес елорданың әлеуметтік-эко­номикалық тіршілігінің іркіліссіз жұмыс істеуі үшін озық техно­логияға сай жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы басты назарға алынған. Соның арқасында бас қаланың бас ауруына айнал­ған көлік трафигі ретке келіп жат­қаны қуантады. Астана қаласының әкімі Алтай Көл­гіновтің айтуынша, жыл сайын қала тұр­ғын­дарының қатары көбейіп, көлік нө­пірінің артуына байланысты жол-көлік желісін дамытуға тиісті көңіл бөлініп ке­леді. Трафикті жеңіл­дету және аудан­дардың ара­сындағы қосымша байланысты қамтамасыз ету үшін көпірлер мен көшелер салынып, сол сияқ­ты жолдарды кеңейту жұмысы қарқынды түрде іске асып келеді.
«Есіл өзені арқылы өтетін Тәуел­сіздік даңғылындағы көпір құрылысының барысымен таныс­тым. Бұл көпір Тәуел­сіздік даңғы­лы, жаңа теміржол вокзалы, Қош­қарбаев даңғылы, Нәжі­меденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұр­сынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Мо­мышұлы даңғылы мен сол жағалау ара­сындағы қосымша байланысты қамтама­сыз етеді. Бұл көпірді 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», – дейді Алтай Көл­гінов.
Сондай-ақ қала басшысы осы жылдың тамыз айында Ұлы дала даңғылындағы жаңа көпір үстін­дегі қозғалыс ашылғанын жеткіз­ді. Көпір Мәңгілік ел даңғылына, А.Байтұрсынов,Р.Қош­қар­баев, Ж.Нәжі­меденов көшелеріне, Nova City ауданына, «Мыңжыл­дық» аллеясында көлік ағынын сейілтуге, «Нұрлы жол» жаңа вок­залына, Тельман және Про­мыш­ленный елді мекен­дері­не, Метро гипермаркетіне, Жұма­баев даңғылына, Жүргенов кө­шесі секілді бірқатар көшелердегі кептелісті ретке келтіріп, қол­жетімділікті арттырады.
Сол сияқты осы айда А62 кө­шесінде (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жо­лына дейінгі аралық) қозғалысты ашу да жос­пар­ланған екен. «Бұл көше Қара­ған­ды тас жолы, «Нұрлы Жол» теміржол вок­залы және қаланың сол жағалауы арасын­дағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар соңғы жылдары 400-ден астам көше жөнделді, олардың жартысы елді мекен­дерде орналасқан. Осыған дейін біз кешенді көлік схемасы (ККС) тұжы­рым­дамасын бекіттік. ККС тұрғындардың жыл сайынғы өсі­мін және жолдардағы тра­фиктің ұлғаюын ескере отырып, қала­лық көліктің 10 және одан да көп жылға бірыңғай техникалық па­йы­­мын әзірлеуге мүмкіндік бе­реді», – дейді елорда әкімі.