Алақандай ауылдағы галерея талай адам таңдай қағып айтатын керемет туындыларды топтастырып тұр. Ғаламат картиналардың авторы аудан мен облысты айтпағанда, Қазақстанға, әлемге танылған суретші Тілек Халин. Бөдене ауылында 2017 жылы ашылған галереяда қазір 70-ке жуық картина сақтаулы. Өзі де, сөзі де қарапайым қалпынан таймайтын Тілек Халин Атырау облысының Индер ауданына қарасты Бөдене ауылында тұрады. Жетпіске келсе де қолынан қылқаламы түспеген суретші – табиғи дарыны, талантының арқасында ауылда отырып әлемге танылған адам.
«Шыны керек, көп адам ауылдың мәдениетін қалаға қарағанда төмендеу санайды. Ауылды дамымаған, өркениеттен тыс қалған «арал» көреді. Шын мәнінде, рухани күштің бәрі ауылда жатыр. «Ұлы дала» деген тіркес тегіннен айтылған сөз емес. Ауыл – руханияттың өзегі. Бірақ ұлы даланың осынау рухын кез келген адам сезіне бермейді. Сурет әлемінің өзінде бірнеше түс қолданылып, бірнеше жанрды біріктірген картиналар бейнеленіп жатады ғой. Сол сияқты өмір сызылып қойған схемаға сыймауы керек. Соның ішінде суретшілер табиғаттан, ұлы даладан жылулық, шабыт алу арқылы, өзін дамытады деп ойлаймын», – дейді Тілек Халин.Табиғат, тарих, қазақтың болмысы, тарихи тұлғаларды негізгі тақырыбы етіп алған Тілек Халин – 100-ден астам картинаның авторы. Оның «Хан қызының серуені» деп аталатын әйгілі картинасы бүгінде жеті хан жерленген қасиетті өңір – Сарайшық жеріндегі музейде тұр. Қойнауына талай сырды қонақтатқан Сарайшықтың ерекше парақтарының бірі – сәні мен салтанаты жарасқан хан қызының бір күнін бейнелейтін сурет көрерменін «уақыт көлігіне» салып, өзімен бірге сонау өткен күндер елесіне елітіп әкеткендей болады. Кейіпкерімізден ерекше энергетикаға ие аталған суреттің шығу тарихын сұрадық.
«2010 жыл болатын. Бүгінде марқұм болған суретші бауырымыз Әділқайыр Жантасов «Аджип» компаниясының базасында менің көрмемді ұйымдастырды. Бір аптаға созылған көрме кезінде ондаған картинам шетелдерге сатылып кетті. Кейін білдім, картиналарды әрісі Германия, Италия, Жапония, берісі Түркия, Польша елдерінен келген азаматтар сатып алған екен. Шетел асқан картиналарымның көп бөлігі тарих тақырыбына арналған. Олардың ішінде «Абылайхан туралы аңыз» деп аталатын алып картинам, табиғат ғаламаттарын бейнелейтін дүниелерім бар», – деді Тілек Халин.«Қайталанбайтын этносуреткер» деген баға бұл кейіпкерімізге тектен тек берілмесе керек. Олай дейтініміз, суретшінің Махамбет батыр, Айша бибі тақырыптарына арналған туындыларынан ғаламат бір күшті сезгендей боласың.
«Мен үшін Махамбет батырлықтың, ерліктің, азаматтықтың символы болса, Айша бибі – нәзіктіктің, қазақ қыздарының сұлулығының символы. Осы тақырыптарда салған бірнеше картинам Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық өнер музейінде тұр. Осынау картиналарымды көрген адамдар осы тұлғалар туралы ізденіп, әрі қарай қызығушылық танытып жатса, мақсатымның орындалғаны. Менің мақсатым – картиналарым арқылы, кейінгі буынға рухани тәрбие беру», – дейді суретшінің өзі.Жалпы, жақсы суретші болу үшін не істеу керек? Тілек Халиннің пікірінше, сурет өз-өзінен туа кетпейді. Бұл жерде адамның ішкі жан дүниесінің жағдайы маңызды рөл ойнайды екен. Суретте де мінез болуы керек. Және адамның бойында өнерге деген құштарлықтың болуы да маңызды.
«Сурет өнері деген уақытта Микеланджело, Леонардо да Винчи есімдері айтылып жатады ғой. Ол кісілердің ерекше әлемін, туындыларын мойындаймын, құрметтеймін. Бірақ, менің ойымша, әр суретшінің өзіндік жолы, қолтаңбасы болуы керек. Осы уақытқа дейін белгілі бір суретшіге еліктемедім. Табиғаттан, дала үнінен қуат алдым. Мен даланың баласымын. Туған ауылымнан жыраққа кетпей, күні бүгінге дейін Бөденеден қоныс аудармай отыруымның мәні де сонда», – деді бізбен қоштасарында Тілек Халин.Бекзат өнерді ауылдың қоңырқай тірлігімен біте қайнастырып отырған суретшінің саф алтындай таза әлемінен туған дүниелер осылайша халыққа рухани азық сыйлап жатыр...