Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті
Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті
646
оқылды
2022 жылғы 9 қарашада елордада ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған «Қазақстан-Қытай: тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» атты мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шараны Қытайды зерттеу орталығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақстандағы ҚҰМК Интернационал, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі, Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. Тұсаукесерге ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Қазақстан және Қытай Сыртқы істер министрліктері, аналитикалық құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Кітап Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі мен ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігінің, Қытайды зерттеу орталығының тығыз және жемісті шығармашылық ынтымақтастығы нәтижесінде дүниеге келген. Басылымның басты ерекшелігі – қазақ, орыс және қытай тілдеріндегі үш блоктан тұруы. Ондағы ұсынылып отырған ресми құжаттардың басым бөлігі алғаш рет мемлекеттік тілге аударылғанын ерекше атап өткен жөн.
 «Биыл Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біздің қарым-қатынасымыз жоғары сенім мен шынайы стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Бүгін біздің мемлекеттеріміз өз дамуының жаңа дәуіріне аяқ басып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, онда бізді ынтымақтастығымыздың келесі «алтын 30 жылдығы» күтуде. Мерейтойлық басылымда 1992-2022 жылдардағы екіжақты қатынастар зерттелген. Онда ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, «Казахстанская правда» газеті редакциясының мұрағат материалдарының негізінде бірегей анықтамалық деректер, аса маңызды ресми құжаттар, сирек фотосуреттер жиналып, 30 жыл ішінде қол қойылған қолданыстағы келісімдер мен шарттардың тізімі жасалынды. Басылымның халықаралық саясатқа арналған ғылыми әдебиеттер қатарында лайықты орын алатынына сенімдімін», – деді іс-шараның модераторы ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат. «Бұл кітаптың ішінде бұрын басылмаған екі тарап қол қойған құжаттардың толық тізілімі және негізгі стратегиялық құжаттардың мәтіндері берілген. Көпшілікке және екіжақты қатынастарды зерттеушілерге қызықты болатын 30 жыл ішіндегі мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлардың жылнамасы, ҚР және ҚХР арасындағы қазіргі кездегі мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуды көздейтін түрлі деңгейдегі тетіктер туралы ақпарат ұсынылған. Қытай – еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2021 жылы екіжақты сауда айналымы 18,2 миллиард АҚШ долларына жетсе, биыл 8 айдың статистикасы бойынша бұл көрсеткіш 26%-ға өсіп, 15,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Яғни жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы жаңа биік межеге жету ықтималдығы жоғары», – айтты ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев. «Кітаптың идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды, бұл аса маңызды, әрі титаникалық жұмыс еді. Өткен онжылдықтар тарихи маңызы бар ірі жарқын оқиғаларға толы. 1992 жылғы 3 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы бірлескен коммюникеге, 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісімге, 2005 жылғы 4 шілдеде Стратегиялық әріптестікті орнату және дамыту туралы бірлескен декларацияға қол қойылды, 2013 жылғы 7 қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын жариялады, ал биыл 14 қыркүйекте ҚХР Төрағасы екі жылдық үзілістен кейін алғашқы шетелдік сапарын Астанаға  жасады. Бұл іссапар екіжақты қарым-қатынастардың жаңа алтын 30 жылдығының басталуын белгілейді», – деді өз сөзінде Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының басшысы Чжан Сяо.
 width= Басылым халықаралық қатынастар, шығыстану саласындағы дипломаттарға, мамандар мен студенттерге және Қазақстанның заманауи сыртқы саясаты мен Қазақстан-Қытай қатынастарының дамуына қызығушылық танытатындардың барлығына арналған. «Ұсынылған мерейтойлық басылымның өзі біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы 30 жылдағы өзара тиімді ынтымақтастықтың көрінісі. Кітаптың бөлімдерінде көршілес екі мемлекеттің бірін-бірі сенімді серіктес, тиімді мүмкіндіктер көзі ретінде қабылдап, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істейтіні нақты мысалдармен көрсетілген. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастар төртінші онжылдыққа сенімді қадам басып, жаңа тарихи биікке дәйекті түрде ұмтыла отырып, жан-жақты дамып келеді», – деді кітаптың авторлық ұжымының өкілі Тимур Шаймергенов. Іс-шара соңында басылымның көшірмелерін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің қорларына тапсыру рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері саяси-құқықтық, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылым-білім және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастыққа қатысты 200-ге жуық құжатқа қол қойылды. Соның ішінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің биылғы қыркүйектегі Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында 10 құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қоса, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы: Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сүт өнімдеріне, зығыр және жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантин, ветеринариялық-санитариялық талаптар бойынша хаттамаларға қол қойылды. Сондай-ақ екі елдің кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасуға арналған техникалық спецификациясына қол қойылды. Үкіметтер арасында азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық және қазақстандық тарапқа қытайлық суперкомпьютер беру жобасы туралы келісімдерге қол қойылды. Келесі меморандумдарға қол қойылды: «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуын біріктіру бойынша Ынтымақтастық жоспарын іске асыру туралы; Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; ҚР Қаржы министрлігі мен Қытайдың Бас кеден басқармасы арасындағы шекаралық  зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандум. Қазақстан мен Қытай алғашқылардың бірі болып индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытып, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында өзара іс-қимылдың үлгісін көрсетті, сол арқылы Қытай дипломатиясындағы аналогтар жоқ екіжақты қарым-қатынастарды мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізді. Еске салайық, 2022 жылдың өткен жеті айында Қытай Қазақстанмен сауда-саттық бойынша бірінші орында (ЕАЭО-ға мүше елдерді қоспағанда) тұр. Қытайдың сыртқы сауда айналымындағы үлесі 22,6 пайызды құрады. Тауар айналымының жалпы көлемі 13,5 миллиард долларға жетті. Қазақстандық тауарлар экспортының 52%-ға өсу есебінен тауар айналымының көлемі 8 миллиард долларға дейін артты. Қазақстанның Қытайдан импорты 5,5 миллиард доллар шамасында.