Иорданияда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Карина Ибрагимова жартылай финалдық жекпе-жегінде жеңіске жетті. Әлем чемпионатының қола жүлдегері К.Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта филиппиндік Нести Петесиомен жұдырықтасты. Н.Петесио – 2019 жылы әлем чемпионы атанған танымал спортшы. Дегенмен Карина бойы мен қолының ұзындығын жақсы пайдаланып, қарсыласын жақындатпай ұруға тырысты. Бұл тактика өз жемісін берді. Екінші раундта филиппиндік боксшы рефериден ескерту де алды. Қазақстандық спортшының жеңгеніне төрешілер де ешқандай күмән келтірген жоқ – 5:0. Осылайша, Карина Ибрагимова Жайна Шекербекова мен Алуа Балқыбековадан кейін финалға шықты. Енді бүгін Қазақстаннан рингке шығатын Дариға Шәкімова мен Гүлсая Ержан ғана қалды.