Денсаулық сақтау министрлігіне Жапониядағы круиз лайнерінде қалған қазақстандықтардың анализдерінің қорытындысы келді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Круиз лайнерінде Қазақстаннан төрт адам бар. Біз бүгін олардың анализдерінің көшірмесін алдық. Екеуінде коронавирустың тіркелмегені анық. Қалған екі адам бойынша ақпаратты күтудеміз. Үнемі байланыста отырмыз», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта лайнерде қалған отандастарымызды елге қайтару жұмысы жүріп жатыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, Жапониядағы круиз лайнерінде қазақстандық 2 әйел пен екі бала бар екені белгілі болды. Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Diamond Princess» лайнеріндегі Қазақстан азаматтарын елге жеткізу мәселесіне байланысты түсінік берген болатын.