Танымал кәсіпкерге қатысты тергеу жұмыстары алты айдан бері тоқтап тұр
Танымал кәсіпкерге қатысты тергеу жұмыстары алты айдан бері тоқтап тұр
1,632
оқылды
Бүгін Сәдібек Түгел бастаған бірнеше қоғам белсендісі кәсіпкер, қоғам қайраткері Мұстафаев Мұстафа Рамазанұлына қатысты заңсыз әрекеттерді болдырмау жөнінде баспасөз мәжілісін өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2021 жылдың қазан айында Мұстафаев Мұстафа Рамазанұлы Астана қалалық ішкі істер департаментіне куәгер ретінде шақырылып, қамауға алынған. Содан бері бір жылдан астам мезгілде ешқандай тергеу амалдары жүргізілмеген. Өйткені Мұстафа Рамазанұлына қарсы ашылған қылмыстық іске қатысты ешбір дәлел жоқ Адвокаттар Бисекеев Нұрлан мен Бейімбетов Асхаттың түсіндіруінше бұл іс арнайы тапсырыс арқылы жасалып отыр. Тапсырыс беруші ретінде Ахмедов Икрам Гуламұлын айтты. Оған 2018 жылдан бері Интерпол іздеу салған. Ал биыл қаңтар айында кісі өлтіруге қатысы бар деген айыптаумен Мәскеу қаласында тұтқындалып, қазір түрмеде отыр. Мұстафа Мұстафаев адал қызметкер, Қазақстандағы ат спортының дамуына лайықты үлес қосқан азамат ретінде таныс. Ол бірнеше алдыңғы қатарлы компаниялардың негізін қалаушы әрі басшысы. Сондай-ақ меценат, қоғам қайраткері, кәсіпкер ретінде көпке танымал. Меценат Мұстафаев тұрмысы төмен отбасылар мен балабақшаларға әрқашан көмегін беріп келеді. Бұдан бөлек ол атбегілігімен де атақты. Мұстафа Рамазанұлы ҚР Ұлттық Ат Спорты түрлері Федерациясының вице-президенті болып, елдегі жылқы шаруашылығы мен ат спортын дамытуға зор үлесін қосқан. 15 жыл қатарынан «Еуразия Кубогі» атты ірі ат жарысының тікелей ұйымдастырушысы әрі демеушісі болып келеді.
«Көрнекті тұлға, еңбек сіңірген қайраткер, меценат, озат кәсіпкер қазір жапа шегіп жатыр. Мамыр айынан бері ешқандай тергеу жұмысы жүргізілмеген. Түрмеде жайдан-жай қамауда жатыр. Оған жала жапқан адамдарға Интерпол іздеу салған. Қазір олар кісі өлтіруге қатысы бар деген айыппен Мәскеудегі түрмеде отыр. Заң бойынша біз құқықтық мемлекетпіз. Ал құқық әрбір адамды қорғауға бағытталуы керек. Сондықтан да осы баспасөз мәжілісін өткізіп, аталған мәселені талқылап отырмыз. Ендігі мақсатымыз жазықсыз жатқан адамды қапастан алып шығу. Оның үстіне қазір Әділетті Қазақстанды орнатуға кірісіп жатырмыз. Сол Әділетті Қазақстанда осы іске әділеттілік орнаса дейміз» - деді Сәдібек Түгел.