Антикор өз қызметкерлерінің казинода не істеп жүргеніне қатысты түсініктеме берді
Антикор өз қызметкерлерінің казинода не істеп жүргеніне қатысты түсініктеме берді
Фото: Устинка LIVE
568
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірнеше қызметкерінің казиноға барғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Алматы облысы прокуратурасының желіде жарияланған құжатына сәйкес, 305 мемлекеттік қызметкер казиноға барған. Оның үшеуі Антикор қызметкері болған.
«Хат бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің үш қызметкерінің ойынханаға барғаны тіркелді. Бірінші жағдайда тексеру қорытындысы бойынша аталған тұлғалардың бірінің басқа облыста жұмыс істеген бұрынғы қызметкер екені анықталды. Ол ойын мекемесіне барған кезде жеке ұйымда жұмыс істеп жүрген», – деп хабарлады Антикор.
Ведомство мәліметіне сәйкес, екінші қызметкердің казиноға ресми жедел-іздестіру іс-шараларына байланысты барғаны көрсетілген.
«Ол ойынға ақша төлемеген және казинода небәрі 10 минут болған, бұл бейнежазбалармен расталады», – делінген жауапта.
Ал үшінші жағдайда белгісіз біреудің ойынханаға барған кезде сол уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басқа қалада қызмет орнында болған қызметкерінің жеке мәліметтерін бергені анықталды.
«Жалған құжат жасау дерегі фото және бейнежазбалармен расталды. Қазір казино әкімшілігі ішкі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Тұлғаның жеке басы анықталып жатыр», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Еске салайық, бұған дейін прокуратураның құжатына сәйкес, бірнеше облыстан келген түрлі мемлекеттік органдардың 305 қызметкерінің құмар ойындарға 507 миллион теңге жұмсағаны хабарланған болатын.