Дәулет Шабанбайға пәтер кілтін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов табыс етті. Бұған дейін павлодарлық палуан 2012 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатарына енген, – деп хабарлайды Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Дәулет Шабанбай – Азия чемпионатының төрт дүркін (2008, 2009, 2011, 2014) қола және Азия ойындарының күміс жүлдегері. Биыл қыркүйек айындағы допингке қарсы тексерістен соң және Грузия мен Өзбекстан спортшылары нәтижелері есепке алынбағаннан кейін палуан Лондондағы 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Спортшы мансабын аяқтаған соң палуан ісін жаттықтырушы ретінде жалғастырмақ. «Басты мақсат – жастарға тәжірибем мен еңбексүйгіштік қасиеттерді жеткізе білу. Еңбек бәрін де жеңбек. Қазақстан спортының туы биікте желбірей берсін», – деді Дәулет Шабанбай. Өңір басшысы Олимпиада жүлдегерінің спортты дамытудағы еңбегін жоғары бағалап, Павлодар қаласынан бір бөлмелі пәтер кілтін табыстады. «Облыс тұрғындары сіздің жетістігіңізбен мақтанады. Өскелең ұрпақ үшін үлгісіз. Жиған тәжірибеңіз бен шеберлігіңізді жас спортшыларға дарыта білу керек. Шын жүректен, ісіңізге сәттілік тілеймін», – деді Әбілқайыр Сқақов. Айта кетейік, бұл жазғы Олимпиада ойындарындағы павлодарлықтардың тұңғыш жүлдесі.