Мұстафа Кемал Ататүрік – Түркия Республикасының негізін қалаған реформатор, әскери қолбасшысы.
Ататүрік 1881 жылы дүниеге келген. 1938 жылы 10 қарашада сағат 09.05 минут өткенде өмірден озған. Содан бері жыл сайын дәл осы уақытта Түркияда еске алу рәсімі өтеді. Барлық көлік, жаяу жүргіншіге дейін аялдап Мұстафа Кемал Ататүрікті құрметпен еске алады.
Бүгін Қазақстанда да 84 жыл бұрын өмірден өткен Ататүрікті еске алу мақсатында көрме өтті. Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Мемлекеттік әскери-тарихи музейде өткен «Ататүрік жадымызда» атты фотокөрмеге 40 шақты фото қойылды. Түркияның Бас қолбасшылығы мұражайынан алынған фотосуреттерді бір ай бойы тамашалауға болады. Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы ұйымдастырған салтанатты іс-шараға Түркиядан арнайы қонақтар келді. Сондай-ақ Қазақстан Парламентінің депутаттары, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Түркия Парламентінің 24 шақырылым депутаты, Юнус Эмре институты Бақылау кеңесінің мүшесі Али Өзгүндүз, ғалымдар, елшілік қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Қазіргідей алмағайып заманда бауырлас екі ел арасындағы достық, ынтымақтастықтың маңызы зор. Түбі бір түркі елдері арасындағы алтын жіп үзілмеуі тиіс. Экономикалық қарым-қатынасты ары қарай нығайтып, бірлігімізді арттырамыз. Түркия – географиялық тұрғыдан құрлық пен теңіз арқылы күрежолдың бойында орналасқан ел. Қала берді шырмауықтай шырматылған шиеленістің ортасында отыр. Соңғы уақытта әлемде геосаяси ахуал нашарлағаны баршаға мәлім. Қырғиқабақ елдерді бірлікке шақыруда Түркия аянып қалған емес. Сол үшін қақтығыстан жапа шегіп отырған елдер үшін қол ұшын созуға әрдайым әзір. Әлемде бейбітшілікті сақтап, экономиканы дамытуда күш-жігерімізді аямаймыз», – деді елші Уфук Экиджи.Көрмеде Мұстафа Кемал Ататүрік заманынан бері елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтып, оны әлемге паш ету келешек ұрпақ үшін маңызды екеніне кеңінен тоқталды.